Биыл конференцияға 2 мыңға жуық ғылыми мақала келіп түсті. Ғылыми конференцияның жұмысы «Қ.Сәтбаев және оның білім беру мен ғылымдағы рөлі» атты тақырыптан басталып, филология, тарих, өлкетану, философия, саясаттану, математика, информатика, экономика, медицина, ауыл шаруашылығы, мәдениеттану, педагогика, этнология және басқа бағыттар бойынша жалғасын тапты.
Ғылыми шараға облыс әкімі Болат Бақауов қатысты. Университет ректоры Гаухар Ахметова қатысушыларға сәттілік тіледі. Университет ғылыми орталығының хабарлауынша, конференцияға Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Орал, Тараз және Ресей қалаларынан 1500-ден астам мақала келіп түскен.
Ғылыми материалдар бойынша 22 том жинақ басып шығарылды. Университет өткізіп келе жатқан «Сәтбаев оқуларына» 17 жыл аралығында 35 мыңға жуық жас ғалым мен дарынды оқушылар қатысқан. 2001 жылдан бері 222 томға жинақталған 19 мыңнан астам мақала жарық көрді. Әр конференцияның күн тәртібінде кәсіби негізделген жауаптарды талап ететін жаңа мәселелер қарастырылады. Облыс орталығындағы №16 мектеп лицейдің мұғалімі Айжамал Сланбекқызының оқушылары жыл сайын халықаралық «Сәтбаев оқулары» ғылыми конференциясына қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Айжамал Батаева жалпы білім беретін мектептердің 8-9-сыныптарына физика пәнін тереңдетіп оқыту бағдарламасының авторы, сонымен қатар 5-сыныптарға жаратылыстану пәнін физика ғылымының теориялық элементтері арқылы оқыту бағдарламасының авторы. Өткен жылы «Көшбасшы педагог-2018» атағын иеленіп, Д.Қонаев атындағы төсбелгімен марапатталды.Ал Баянауыл ауданындағы Торайғыр орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Бақытгүл Ахметованың айтуынша, Сәтбаев оқуларына қатысқан 9-сынып оқушысы Назерке Серікбай «Торайғыр өңірінде жылқы малын өсірудің тиімділігі», ал 7-сынып оқушысы Айым Егінтай «Қазақ көшінің түрлері мен ерекшеліктері» жөнінде ғылыми жұмыс жазыпты.
Академия президенті, техника ғылымдарының докторы Нұрлан Рыспановтың қатысуымен оқу орында «Тау-кен ғылымдары ұлттық академиясының» филиалы ашылды. Н.Рыспановтың айтуынша, университет ғалымдарының мақсаты – жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті болуына, өнімнің өзіндік құнын азайтуға арналған инновациялық жобаларды әзірлеу. Сонымен бірге орталықтың техникалық білім алатын студенттерге де есігі ашық. Ғылым қуған, инновация тілін білетін білімді жастар – ел болашағы.
Бар ғұмырын ғылым мен білімге арнаған Қаныш аталарының құрметіне арналған ғылыми жиын жас ғалымдардың ғылым саласында жаңалық ашуларына ашылған жол. Павлодар облысы