Республикалық сынаққа өз өңірлері үкілеп үміт артқан кіл жүйріктер жиналды. Олай болатыны, алдымен аудандық, облыстық байқаулар ұйымдастырылып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар сын тезінен өткен. Бурабайдың баурайында көрігі қызған байқауға Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен қатар, еліміздің 13 облысының және «Балдәурен», «Балдәурен-Шымкент» республикалық оқу-сауықтыру орталықтарының өкілдері қатысты.
Алдымен салтанатты ашылу рәсімі өтті. Кәсіби біліктіліктерін сарапқа салғалы тұрғандардың алдында «Балдәурен» орталығының бас директоры Мұхитдин Төлепбай және байқаудың бас төрешісі Ұлттық дене тәрбиесі ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Садық Мұстафаев сөз сөйлеп, аталған байқаудың мән-маңызына тереңірек тоқталды. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, мұндай жиын өткізудің пайдасы мол. Біріншіден, еліміздің әр түкпірінен келіп отырған үміткерлердің бойындағы кәсіби білім-біліктілігі арқылы әр аймақта дене тәрбиесі пәнінің қаншалықты дамып жатқанын сараптауға болады. Екіншіден, өзара бақ сынасқан пән мұғалімдері әріптестерінің озық әдіс-тәсілдерін, тәлімді тәжірибелерін тереңірек танып, бойларына сіңіреді. Айналып келгенде, үздікке ілесу арқылы ортақ іс алға жылжиды.
Байқау барысында біліктілікті сараптау және жаңашыл педагог бағыттары бойынша талапкерлердің өресі таразы басына тартылды. Алғашқы сынақта пән мұғалімдері дене тәрбиесі бойынша 30 сұрақтан тұратын сауалнамаға жүз минуттың ішінде жауап берсе, 20 сұрақтан тұратын педагогика және оқыту әдістемелері орайындағы біліктіліктері безбенделді. Сондай-ақ осы бағытта әр мұғалім баскетбол, волейбол тәрізді спорт түрлерінен нақты іс-қимыл үлгілерін көрсетті.Байқаудың екінші кезеңінде қатысушылар өз мамандықтарына орай озық ойларымен, ілкімді істерімен, нәтижелі жұмыстарымен ерекшеленді. Пәнді оқыту барысындағы тиімділігі мол жаңалықтарымен бөлісті.
Байқаудың үшінші, төртінші кезеңдері де тартысты өтті. Ашық сабақ өткізілді. Мектептегі спорт шараларын ұйымдастырудың үздік үлгілері сарапшылардың назарына ұсынылды. Мәселен, 5-9-сыныптарда бұл пән білім беру саласындағы жаңартылған бағдарлама бойынша өткізіледі. Жарыстың бір ерекшелігі – конкурсқа қатысушылар тақырыптарды өздері таңдап алды.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Батыс Қазақстан облысының өкілі Абзал Наурызбаевқа бұйырса, бірінші орынға Жамбыл облысынан Дмитрий Воронько, екінші орынға Маңғыстау облысының өкілі Көбен Нұрсұлтан ие болды. Ал үшінші орынға Ақтөбе облысынан келген Самғат Есқараев жайғасты. Ақмола облысы, Бурабай ауданы