Катар астанасы Дохада өтіп жатқан жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында үш қарғып секіруден жеңімпаздар анықталады. Бұл туралы Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі хабарлады.
Өкінішке қарай, Қазақстан командасының көшбасшысы Ольга Рыпакова жарысқа қатыспайды. Olympic.kz сайтына сұхбат берген Олимпиада чемпионы құрлық додасынан не үшін сырт қалғанын түсіндірді.
«Азия чемпионатынан бас тартуға мәжбүрміз. Өкінішті. Чемпионат қарсаңында Түркияда өткен оқу-жаттығу жиындарында аздаған жарақат алдым. Дохаға келген соң дәрігерлер мұны растады. Әрине, айтарлықтай қорқынышты емес. Тіпті, жарысқа қатысуға да болар еді. Бірақ жарақатты одан әрі ушықтырып алмау үшін осындай шешім қабылдадық. Өйткені, маусым енді ғана басталды, сол себепті, алдағы әлем чемпионатына дайындалу қажет», - дейді Рыпакова.