Голощекин… қызтеке болып шықты!
Кеңестік биліктің алғашқы жылдарында Қазақстанды кімдер басқарды, жалпы «орталықтан» арнайы жіберілген «қолшоқпарлардың» шынайы келбеті қандай еді? Мемлекет тарихи институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяғанның мақаласы осы жайында ой толғайды.
Голощекин… қызтеке болып шықты!
Кеңестік биліктің алғашқы жылдарында Қазақстанды кімдер басқарды, жалпы «орталықтан» арнайы жіберілген «қолшоқпарлардың» шынайы келбеті қандай еді? Мемлекет тарихи институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяғанның мақаласы осы жайында ой толғайды.
Кеңестік тарихнамада «орталықтың» өкілдері туралы, олардың адамгершілік, кәсіби қасиеттері туралы сыңаржақты жазбалар сақталған. Алайда, кейінгі зерттеулер көрсеткендей, «революционерлердің» шынайы келбеті, мүлдем басқаша болып шықты. Билік өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында, радио мен телеарналарда партиялық қызметкерлерді «шынайы марксист» «нағыз лениншіл», «интернационалист» ретінде асыра дәріптеді. Ал, шындығында, олардың көбінің білімі таяз, ой-өресінің төмендігі байқалды. Оған ұстазым, белгілі академик Кеңес Нұрпейістің «…В.И.Ленин құрған партияның басқару аппаратындағы жетекшілердің кейбіреулерінде тіпті орта білім де жоқ екен, мысалы С.Орджоникидзе бар болғаны бір жылдық ветеринар курсын бітірген. Ал, Алашорда үкіметінің басқару аппаратындағы он бес адамның сегізінде жоғары білім бар және білім болғанда қандай!» деген сөздері дәлел.
Партия қызметкерлері біліксіздігімен қоймай, қоршаған ортасына қатыгез, адамдарға мейірімсіз болған. «Қызылдардың» қолы тиген жерлердің бәрі қанға боялып, елдің демографиялық ахуалы күрт нашарлады. Әрине, бұл құрғақ сөздер емес. Мұның бәрін «горбачевтық дәуірде» ашылған құпия мұрағат қорлары айғақтайды. Мысалы, 1917 жылы Қызылордадағы (бұрынғы Перовск – Ақмешіт) билік, жасы 20-ға жетер-жетпес Иосиф Гержод деген «бұзақыға» бұйырды. Ол соғыстан қайтқан солдаттар мен тылда қалған «суық қарулы» адамдарды соңынан ертіп, Сырдың бойын паналаған. Оның алғашқы қадамы «қызыл террордан» басталып, сол баяғы «бұратана» «халықты тәрбиелеу», «адам қылу» сияқты бөспе сөздерге құрылды. Мыңдаған ақмешіттіктер Гержодтың «қанды қол тырнағына» ілікті, ал қалғандары көрші елдерге қашып, жан сауғалады.
И.Гержодтың өмір жолына қарасақ, революцияға дейін жәй хат тасушы, «пошта қызметкері» болыпты. Соғыс жылдарында ғана қазақтың біртуар азаматтары Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың тікелей араласуымен ұсталған. Тергеу-тінту жұмыстары кезінде И. Гержодтың үйінен біршама алтын қоры табылған, соған қарағанда әйелі екеуі тоналған алтынды үйінде жасырған болуы керек.
1919 жылы И.Гержод Ташкент Совдепінің шешімімен ату жазасына кесіледі. Бірақ, Иркутскідегі (Қиыр Шығыс) оның серіктестері «революционерді» Ташкенттен шұғыл алдыртып, сол күні-ақ еркіне қоя береді. Осылайша, кеңестік саясаткерлер «бір кемедегінің жаны бір» дегендей, оның өмірін «көздің қарашығындай» сақтап қалады.
Одан кейінгі 1937-1938 жылдардағы жаппай репрессиялау, фин соғысы, екінші дүние жүзілік соғыс, жапон соғысынан аман құтылған Иосиф Гержод, 1967 жылы Қызылордаға қайтып оралады және ұялмай бір көшеге есімін беруді сұрайды. Оның 260 беттік қолжазбасында «қазан» революциясының кереметтері туралы ойлары жазылған.
Келесі белсенді революционер – Филипп Исаевич Голощекин (шын есімі Шая Ицкович). Оның саяси портретін алғаш сомдаған академик Манаш Қозыбаев болатын. Ол «өте қатыгез, көкірек, барынша беймаза» болыпты. «Қандықол», «даңғаза» Филипп Исаевич «Кіші қазан» саясатын іске асырды, қазақ зиялыларын «сейфуллиншілдік», «меңдешевшілдік», «сәдуақасовшылдық» деп бөліп, бәрін қуғын-сүргінге ұшыратты.
Ал, өзі арсыз, азғындаған адам болып шықты, яғни «еркектің еркекпен құмарлануы» ауруына шалдыққан. Бұл туралы 1939 жылдың 24 сәуірінде Николай Ежов (ол Қазақстанда, Семейде бірқатар қызметтер атқарды) мынадай мәліметтер береді: «В 1924 году в Семипалатинск со мной поехал мой давний приятель Дементьев. С ним у меня были в 1924 году несколько случаев педерастии. В 1925 году в городе Оренбурге я установил педерастическую связь с Боярским, тогда представителем Казахского облсовпрофа. В том же 1925 году состоялся перевод столицы Казахстана из Оренбурга в Кызылорду, куда на работу выехал и я. Вскоре туда приехал секретарем крайкома Ф.И.Голощекин. Приехал он холостяком, без жены, я тоже жил на холостяцком положении. До своего отьезда в Москву (около 2-х месяцев) я фактически переселился к нему на квартиру и там часто ночевал. С ним у меня также вскоре установилась педерастическая связь, которая периодически продолжалась до моего отьезда. Связь с ним была, как и предыдущие взаймоактивная». Қараңыз: Петров Н., Янсен М. «Сталинский питомец – Николай Ежов».М., 2009. Центральный архив ФСБ. Ф.3., опись 6., д. 3. 420-423 лл.). Партиялық басқару аппаратындағы жетекші қызметкерлердің келбеті, рухани дүниесі (егер солай деуге келсе), міне осындай. Бұл – тоталитаризмнің бір ғана қыры. Жүгенсіз кеткен билік, мәдениетсіздік, адам тағдырын таптау, мұның бәрі – тоталитаризм әлемімен астасып жатыр. Мысалы, 1956 жылы Н.С. Хрущев Қазақстанның оңтүстігіндегі Бостандық ауданы мен 500 мың гектарға жуық жерлерін Өзбекстанға беруге мәжбүр етті. Сол кезде республиканың Жоғарғы Кеңесін Жұмабек Тәшенов басқарған-ды. «Ұлы Дала тұлғалары» сериясымен жақында шыққан «Жұмабек Тәшенов» атты кітапта мынадай ойлар айтылады: «Ресми құжатта депутаттар «қолдады, қуаттады, бірін-бірі құттықтады» деп жазылғанмен, қандай қазақ жерінің бір бөлігін өз қолдарымен басқа республикаға беріп жатса, қуана қойсын. Амал жоқ, мұны күштінің алдында бас ию деп білгеніміз жөн. Ал, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі сессиясының стенографиялық есебінде жазылғандардың бәрі кеңестік идеологияның сол кезеңдегі көзбояушылығы деп ұғынуымыз керек».
* * *
Кеңестік билеуші Иосиф Виссарионович Сталиннің жеке басын дәріптеуде ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы технологиялық революцияның маңызы зор болды. Өйткені, телеграф, радио арқылы жеткен ақпараттардың мүмкіндіктері ұлғайып, партиялық насихаттау жұмыстары КСРО кеңістігін толық қамтыды. Алғашқыда большевиктер партиясы, сосын коммунистік партия, ал 1936 жылдан бастап – бүкілодақтық коммунистік партиясы, ақырында Кеңес Одағы коммунистік партиясы аталған жетекші компартияның мүшелерінің ерекшелігі неде? Ең бастысы, коммунистер мақсаттылық, тегеурінділік, сенімділік сияқты қасиеттерімен миллиондаған адамдардың жүрегін жаулап алды, сөйтіп қоғамның бірден-бір жағымды саяси күшіне айналды. Әсіресе, Германиямен соғыста большевиктердің (синонимі – коммунистер) беделі бұрынғыдан да арта түсті.
Кеңестік насихат соғыстың себептерін бүркемелеумен шектелмей, адам шығынын барынша жасыруға тырысты. Айталық, кейінгі деректер бойынша Кеңес мемлекетінің соғысқа дайындықсыз кірісуі, әскери тұтқындардың тағдыры белгілі болды. Мысалы, 1941 жылдың маусым-қазан айларында КСРО-ның 3 млн. 900 адамы тұтқынға түскен. Бұл адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сандар!
Тіпті кеңестік билік отандастарын елге қайтару үшін жалған уәделер берді. Алайда, елге оралған соғыс тұтқындары темір торға қайта түсті. КСРО өмір сүруін тоқтатқанға дейін олардың құқықтары шектелді, арнайы қызметтің (спецслужба) қатаң бақылауында болды. Ал, Батыста дәл осындай жағдай өркениетті тұрғыдан шешіліп жатты. Олар тиісті тексеруден кейін ел қатарына қосылды, ал кейбіреулері «Тірі қалғаны үшін» медалімен марапатталған.
Бәрінен де өз елінің қорлығын көтере алмаған талай боздақ өзін-өзі өлтірді, қаншасы кеңестік концлагерьлерде із-түзсіз кетті. «Бүйткенімше өлгенім жақсы еді ғой» деп бірнеше рет оқталғанымен жеме-жемге келгенде дәті жетпегендері бар. Еріксіз күрсінесің, көкейде «Апыр-ай, не деген қоғам еді, адамды қорлаудың бұдан асқан түрі болар ма?» деген ызалы сауал қалады. «Қазақ тұтқыны» кітабының авторы Сүлеймен Бекеновтің «соғыс неге керек, неге кінәсіз бірін-бірі танымайтын, қастандығы жоқ адамдар біріне-бірі жау болып қырылысып жатыр» деген ішкі ойларымен арпалысуы заңды құбылыс.
Осы ретте Үкілі Ыбырайдың «Айналайын» хүкімет, Қылғаның қырғын хикмет. Құрсауға салдың сау басты, Маңайымды жау басты… Ақиқат жолын тайғыздың, Тар түрмеге сыйғыздың. Аппақ қудай шал күнде, Қияметке қиғыздың» деген өлең жолдары еріксіз еске оралады.
Екінші дүниежүзілік соғыста да кеңестік әскердің шығыны көп болатын. Мұны партиялық басшылық барынша жасыруға тырысты. Мысалы, 1945 жылы И.Сталин 7 млн. адамды жоғалттық десе, 1961 жылы Н.Хрущев оны 12 млн.-ға өсірді, ал КСРО Қорғаныс министрлігінің 1991 жылғы мәліметтері бойынша Ұлы Отан соғысында 28 млн.-нан астам адам қаза тапқан. Соғыстың ауыр зардабын адамзат басына бермесін деп тілейік.
Осыдан кейін ешқандай еркіндігі жоқ, адам құқықтары тапталған кеңестік мемлекеттік құрылыстың болашағы туралы не айтуға болады?
Кеңестік мәдениет пен тілді дамыту туралы айтсақ, жаппай орыстандыру саясатының зардабынан ұлттық тілдегі балабақшалар мен мектептер жабылып қалды, өзге халықтарды ана тілінен айыру мақсаты көзделді. Н.Хрущевтің кезінде КСРО социализмді ысырып, «коммунизм елесін» қуып кетті. 1961 жылғы бағдарламада «КСРО 1980 жылдары коммунизмге жетеді» деген тұжырымдама болатын. Қайда сол коммунизм? Елес сол елес күйінде қалды.
Кеңестік ар-ождан еркіндігіне келсек, діндердің бәріне бір мезгілде қатаң бақылау орнатылды. Жалпы, ленинизм ілімі фетишизмге негізделген-ді, өйткені ол әлемдік діндерді де алмастырды ғой. Елдің түкпір-түкпірінде қиратылған мешіттер мен шіркеулердің үйінділері көбейді. Олардың орнына жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған революция көсемдеріне арналған біртекті (біртипті) ескерткіштер бой көтерді. Тіпті колхоз-совхоздардың да сыртқы келбеті бір-бірінен айнымаушы еді. Кеңестік биліктің әлеуметтік саясатының нақты көріністері КСРО-да бірыңғай үлгіде салынған қалалар мен елді-мекендерден де байқалды. «Социалистік қоғамның» «казармалық» сипаты кеңестік архитектуралық ғимараттардан да айқын көрініп тұрды.
Большевизм басшылары мемлекеттік институттардың бәрін жоққа шығарды. Оның кеңестік типін ғана мойындады, ол қатаң бақылауға негізделген, қоғамның барлық саласын түгел қамтитын органға айналды. Осылайша, Қытай, Солтүстік Корея, Куба, Ангола және т.б. елдерде шексіз, бюрократиялық мемлекеттік аппарат іске қосылып, халқы қанға боялды.
Кеңестік дәуірдің әлеуметтік саласы да ақсап тұрған-ды. Қанауды жоюды (эксплуатация) жақтаған большевиктер, енді жұмысшыларды қанаудың механизмдерін айқындап берген К.Маркстің «қосымша құн» туралы тезистерін басшылыққа алды. Қанаудың бұл түрі экономикалық категория емес-тін, ол адам болмысына сәйкес келді. Мысалы ауқатты-бай адамдар, қазіргі тілмен айтқанда «меценаттар», қарапайым адамдарды жұмыспен қамту арқылы қоғамның әлеуметтік мәселелерін (жұмыссыздық, еңбекақы, жатақхана) шешуге тырысты. Кеңестік мемлекеттік аппараттың қанаушылық рөлі де болды, ол жұмысшылардың маңдай терімен келген пайданы («қосымша құнды») талан-таражға салды, «түгімен жұтқандары да бар». Кейбір шетел ғалымдары біздерді мысқылдап, «homo sovetikus» дейтін.
Кеңестік-Мәскеулік номенклатураның ең ауыр қылмысы – эксперимент арқылы жасалған «біртекті кеңес халқын» құру болатын. Миллиондаған адамдардың ана тілі мен тарихи тамырлары жоғалып, қойыртпақтанған «кеңес ұлты» пайда болды. Мұның астарында «орыстандыру саясатының» жатқанын КСРО басшылары Н.Хрущев, М.Суслов жасырған жоқ, ашық айтып отырды. Осы тұста АҚШ-тағы байырғы халық – үндістердің тарихы еске түседі. Кеңестік тарихнамадан «резервациялауды» көне тайпа – үндістерді қудалап, бір жерде ұстау деп түсіндік. Ал, шын мәнінде ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы америкалық гуманистердің (Т.Джефферсон, Р.Франклин т.б.) тұсында Еуропа халқының үндістерге зорлық-зомбылық көрсетуіне қатаң тыйым салынды, тіпті оларға кішігірім жер телімдері беріліп, қамқорлық жасалған. Жалпы «резервация» аймағына АҚШ-тың заңдары жүрмейді, байырғы халықтар өздерінің салт-дәстүрімен өмір сүріп жатыр.
Ал, кеңестік билік не істеді? Олар «бұратана» халықтарды жою саясатын жүргізді, осы мақсатпен миллиондаған адамдарды шет аймақтарға қудалады, сөйтіп 1930-1940 жылдары неміс, корей, кавказдықтар мен Қырым татарларын депортацияға ұшыратты.
Миллиондаған адамның тағдырын осылайша тәлкекке салған жүйені – қалайша «теңдік әперген социализм» дейміз?..
Өркениетті елдерде «адам құқықтарын шектеу мен ұлттардың намысын таптау – аса ауыр қылмыс» саналады және БҰҰ-ның құжаттарымен заңдастырылған. Осы құжатты мойындайтын ондаған елдердің тізімінің басында КСРО тұратын. Алайда, тіпті «Женева конвенциясын» мойындамаған КСРО, ондай халықаралық құжаттарға пысқырып та қарамады. КСРО әлемдегі бірден-бір «социалистік ел», «коммунизм құрылысшысы» деп кеуделерін керіп, көршілес жатқан әлсіз елдерді қорқытумен айналысты.
Сол саясаттың ықпалымен соғыстан кейінгі жылдары, нақтылап айтсақ, 1956 жылы Венгрияға, 1968 жылы Чехословакияға, 1979 жылы Ауғанстанға, 1980 жылы Польшаға мұздай қаруланған КСРО әскерлері енгізілді. Кеңестік биліктің бұл агрессиясы барынша бүркемеленіп, «интернационалдық көмек» деп аталды.
К.Маркстің «социалистік құрылыс» экономикасын басқару қағидаларын іске асырған В.И. Ленин, И.Сталин, Н.Хрущев, кейіннен Л.Брежнев пен Ю.Андроповтар, қоғамның барлық саласын мемлекеттендіруді көздеді, сол арқылы мемлекеттік капитализмді одан әрі дамытты. Нарықтық экономиканың орнын жоспарға негізделген экономика басты. Партиялық басқарудың тиімсіз әрі күрделі жүйесі КСРО экономикасының тамырына балта шапты, экономика бәсекеге қабілетті болудан қалды. Миллиондаған адамдар қанша тырысқанымен, КСРО-ны өндірісті, қуатты елге айналдыра алмады. Нәтижесінде елімізде күнделікті тұтыну тауарлары тапшы болды: азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмектер жетіспеді. Колхоздарға негізделген ауыл шаруашылығы кеңес халқын асырай алмады. КСРО жыл сайын шетелден астық сатып алуға мәжбүр болды. Сондай-ақ, алтын, валюта сату арқылы Австралия, Канада, Аргентина сияқты елдерден бидай алып отырған. Ресми мәліметтер бойынша АҚШ-тан 17 млн. 900 тонна бидай сатып алған (1975 ж.), көп кешікпей оның көлемін 12 млн. тоннаға өсірген. Бұл процесс осылай жалғаса берді.
Мамандардың айтуынша, 1954-1956 жылдары тыңайған жерлерді игерудің де пайдасынан зияны көп болған, тағы да азық-түлік шетелден жеткізілді.
КСРО-да халыққа «жоғары білім беру», «медициналық көмек» сияқты әлеуметтік салалардың қызметі тегін болды. Осы бір «тегін» деген сөз партиялық үгіт-насихат жұмыстарында ұтымды пайдаланылды. Бірақ, бұл «тегіншілік» адамдардың айлық жалақысын төлеу немесе кем төлеу есебінен жүргізілді. Қазақта «бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деген сөз бар, яғни тегін дүние болмайды, «судың да сұрауы бар» деген мағынада айтылған.
Тағы бір проблема – адамдарды мүлкінен айыру. Жалпы кеңес халқы жеке меншігінен, басқару ісінен, мәдениеті мен салт-дәстүрінен айырылу қаупін бастан кешірді. Колхоздар мен совхоздар, заводтар мен фабрикалар «жалпы халықтық меншікке», яғни бюрократия мен номенклатураның қолына өтті, бұқаралық мекемелер құрылды, сөйтіп жұмысшылар өндіріс құрал-жабдықтарынан айырылды. Олардың көбі еңбегінің жемісін көре алмады, теңгермешілік салдарынан жалақы, сыйақы бөлінген кезде «жоғары көрсеткіштері» ескерусіз қалды. Сондай-ақ, мемлекет қоғамдық ұйымдар арқылы адамдарды ынталандырып отыруды естен шығармады, олардың кеудесін ордендер мен төсбелгілерге толтырды, аты-жөндерін баспасөз арқылы жариялап, ел-жұртымен таныстырып қойды, сауықтыру орындарына жолдамалар ұйымдастырды.
Соғыстан кейін АҚШ-пен текетірескен КСРО жанталасып бақты. Бірақ, бәсекеге қабілетсіз КСРО жеңіліп қалды, социалистік идеология мен компартияның беделі түсті. Мынадай фактілерді келтірейік, 1991 жылы компартия мүшелерінің саны 21 млн.-нан 15 млн.-ға қысқарып кеткен. Бірақ, компартияны біржолата күйреткен ақырғы соққы 1991 жылдың тамызында берілді. Көп кешікпей, билікке келген Борис Ельцин РКСФР аумағындағы КОКП қызметін мүлдем тоқтатты. Осы жылдың қыркүйек айында Қазақстан Коммунистік партиясы да таратылады. Осылайша, 1991 жыл тарих қойнауына маркстік-лениндік эксперименттің аяқталу кезеңі ретінде енді. Коммунистік партия кеңес халқына жасаған қиянаттары үшін не кешірім сұрамады, не қоштаса алмады, сол күйімен аренадан шықты.
Кеңестік жүйе арқылы өзін көрсеткен, бұрын-соңды болмаған қатыгез, шексіз билікті қалай ақтасаңыз да, ол бір кездері ар соты алдында жауап беруі тиіс.
Өткен жылы Астана қаласында «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументінің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Бұл, біріншіден, ашаршылықта құрбан болған миллиондардың рухына бүгінгі буыннан тағзым. Екіншіден, келер ұрпақ ата-бабаларының қандай қасіреттерді бастан өткергенін біліп жүруіне қажет тағылым» деген болатын. Сондықтан, ерте ме, кеш пе, тәубеге келу рухани жағынан тазаруға, ілгерілеуге жол ашады.
* * *
ХХІ ғасырдағы қоғамтанушылар мен ғалымдардың көпшілігі Маркс «Манифесінің» бүкіл адамзатқа «зиянды кітап» болғанын мойындайды. Кеңестік дәуірде әлеуметтік эксперименттің әсерімен адамдардың құқықтары шектелді, жандары күйзелді, құрбандыққа ұшырады. Бұл жүйе, ХХ ғасырдың 90-жылдарында жер-жаһанға өзінің тым әлсіз, бәсекеге қабілетсіз мемлекет құрғанын көрсетті. Бір кездері одаққа біріккен республикалар да кеңестік биліктің осалдығын мойындады, ақыры олар жанталасып, КСРО-ның күйреуін тездетті. Бұл нені көрсетеді?.. Қандай кезеңде де, қандай қоғамда да бюрократия үнемі бақылауда болуы керектігін көрсетеді, олай етпеген жағдайда тоталитаризм күш алып, қайтадан тірілуі мүмкін.
Бүркітбай АЯҒАН,
тарих ғылымдарының
докторы, профессор.