• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2013

Андрей-Әділгерей

314 рет
көрсетілді

Андрей-Әділгерей

НЕМЕСЕ «САМОЗВАНЕЦ СТАРШИНА»

Халқымыздың аты аңызға айналған батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай қаһарман қаламгердің 30 томдық шығармалар жинағы жарық көргені белгілі. Бүгінде жазушының сол көп томдыққа да енбей қалған туындылары табылуда көрінеді… Шымкент қаласындағы «Асқаралы» бас­пасынан мың дана таралыммен шыққан «Жарияланбаған жазбалар» атты кітаптағы (құрастырған Момбек Әбдәкімұлы) «Солдаттың соңғы күні» повесі – солардың бірі. Туынды аяқталмай қалған. Қолжазбаның стильдік тұрғыдан қырнап-сырлаудан өткізілмегені, ондағы «Ертеңіне комдивті военный совет шақырды», «Верховный Советтің Президиумының атынан» деген сияқты тіркестерден-ақ танылып тұр. Ал кейіпкерлер сөздерінің кей тұстарда орысша келтірілуі Баукеңнің соғыс атмосферасын жеткізудегі өзіндік тәсілі сияқты.

 

НЕМЕСЕ «САМОЗВАНЕЦ СТАРШИНА»

Халқымыздың аты аңызға айналған батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай қаһарман қаламгердің 30 томдық шығармалар жинағы жарық көргені белгілі. Бүгінде жазушының сол көп томдыққа да енбей қалған туындылары табылуда көрінеді… Шымкент қаласындағы «Асқаралы» бас­пасынан мың дана таралыммен шыққан «Жарияланбаған жазбалар» атты кітаптағы (құрастырған Момбек Әбдәкімұлы) «Солдаттың соңғы күні» повесі – солардың бірі. Туынды аяқталмай қалған. Қолжазбаның стильдік тұрғыдан қырнап-сырлаудан өткізілмегені, ондағы «Ертеңіне комдивті военный совет шақырды», «Верховный Советтің Президиумының атынан» деген сияқты тіркестерден-ақ танылып тұр. Ал кейіпкерлер сөздерінің кей тұстарда орысша келтірілуі Баукеңнің соғыс атмосферасын жеткізудегі өзіндік тәсілі сияқты.

Өмірбаяндық сипаты оқыған жанға алғашқы беттерден-ақ айқын аңғарылып тұратын бұл шығарманың басты кейіпкері – дивизия командирі Бекболат Талғаров. Повесте комдивтің еркін ойлылығы, дербес шешім қабылдауы, қанқасапта да талапшылдығымен қатар кеңдігін, мейірімділігін сақтай білуі келісті көрінген. Сонымен қатар, аты құжатта Андрей болып жазылып кеткен, он алты рет жарақат алған қазақ жауынгері Әділгерейдің ерен ерлігі мен қазақы кеңдігі, даладай дарқан жаны, кеңбалақ мінезі сүйіспеншілікпен суреттелген. Автордың өз кейіпкерін «самозванец» деп әзілдей, еркелете атауы да жарасымды көрінеді. Повестегі Әділгерейдің түпбейнесі, яғни прототипі – Әжігерей Қалимов. Біз бүгін «етжеңді» нөмір оқырмандарының назарына Бауыржан Момышұлының аяқталмай қалған хикаятынан үзінді ұсынып отырмыз.

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ.

…Жадыраған көктем күні. Жер көгере бас­тады. Жауынгерлер шинельдерін иығынан тастап, арқасы жеңілдей бастады. Комдивтің машинасы орманнан шыға берістегі бір жылғадан тайғанақтай барып артқы дөңгелектерімен бір шұңқырға түсіп, қанша тырбаңдаса да шыға алмады. Комдив көліктен түсіп, алаңға қарай жүріп кетті. Алаңның арғы шетінен бір рота сап тартып келеді. Соларды күтіп Бекболат тұр. Жақындай бергенде:

– Смирно. Равнение на-пра-во! – деп дауыстап команда беріп, ашаң жүзді капитан аяғын нақ-нақ басып, қолын шекесіне ұстап комдивке қарай бет алды. Рота болса аяқтарын көсіле сілтей сермеп, бастарын комдивке қарай бұрып, сарт-сұрт етіп адымдап барады.

– Товарищ полковник… – деді капитан қалт тұра қалып. Рапорт бермекші еді, екі көзін ротаға қадаған комдив рапортты қабылдамастан:

– Не мешайте, товарищ капитан, мне любоваться вашей ротой. Встаньте со мной рядом! – деп қолын бір сілтеді.

Капитан комдивпен қатарласа тұра қалды.

– Хорошо идете, товарищи! – деді комдив ротаға жанынан өте бергенде.

– Слу-жим Со-ве-тс-кому Со-юзу! – деп айқайлады рота.

Өтіп бара жатқан саптың ең ортасында бір жауынгердің гимнастеркасының оң жақ көкірегіндегі бір қарыс қызыл белгіге комдивтің көзі түскен.

– Что у одного воина из вашей роты все правое плечо в чем-то красном? – деп сұрады комдив капитаннан.

– Он, товарищ полковник, недавно прибыл к нам. Он по званию старшина.

– Тогда, почему он в строю?

– Звание старшина, а должность рядовой…

– Пошлите его сейчас же ко мне.

– Есть, послать старшину к Вам.

*   *   *

Шалшықтан шыққан машина комдив тұрған жерге келді.

– Товарищ болкопных… – дей берген гүжірейген қазаққа:

– Иә, орысшаны өте жақсы біледі екенсің, – деді күліп. Денесі аюдай, аяқ-қолы добалдай, жалпақ бетті, салпы ерін, кең маңдайлы, қыр мұрынды, қою қасты, көзі шүңірейген, бура санды… әйтеуір, барлығы олпы-солпы қазақ жігіті өзінің білгенінше әскери әдепті сақтап комдив алдында қалт тұр.

– Атың кім? – деп сұрады комдив қазақшалап.

– Атым Андрей еді.

– О, саған Андрей деп ат қойған әкеңе болайын…

– Жоқ! Шыны сол, жолдас болкопных, – деп сасқалақтады старшина.

– О, сенің атыңды Андрей қойған шешеңді…

– Балалары тұрмағаннан кейін, ырымдап мен туғанда атымды Андрей қойған екен…

– Ой, ырымыңның ата-бабасын…

– Шыны сол, жолдас болк…

– Енді көп оттамағын, шынын айтқын.

– Әскерге мені шақырғанда бай үкіметтің военкомат байсары /писарь/ бір қарт орыс екен… Маған кезек келгенде ол менен «Атың кім?» деп сұрады. Мен Әділгереймін дедім. Қайдам, әлгі шалдың құлағы ауырлау ма, қайдам… Сол кісі менің книжкама Андрей деп жазған екен… Содан бері мен Андрей болдым да кеттім…

– Кейіннен неге түзетпедің?

– Шынымды айтсам, жолдас болкопных, ырым етіп едім.

– Е, ырымшыл әке-шешең емес, өзің болып шықтың ғой, – деп комдив қарқ-қарқ күлді де, – ал енді, ерім, бір кең отырып сөйлеселік.

– Вы знаете, капитан Ложкин, – деді қайтып кележатқан комдив адъютантына, – этот старшина очень оригинальный и редчайший экземпляр в Великой Отечественной войне.

– Да, товарищ полковник, у него всего шес­тнадцать знаков ранения, из них шесть тяже­лых, это удивительно… насколько живности в человеке…

А ведь он в строю шагает не хуже, чем другие.

– Просто диву можно даться… Как это? У человека шестнадцать ранений и шесть-то тяжелых.

– Проверить надо сначала.

– Не уж-то думаете, что он?

– Сегодня вечером приведите его ко мне. За ужином я с ним потолкую и все на чистую воду.

– Разрешите, товарищ полковник! – деп Әділ­герей ымырт жабыла Бекболаттың блиндажына кіріп келді.

– Ал, жақсы келіпсіз. Төрге шығыңыз, Әдеке, – деп комдив орнынан тұрып Әділгерейге төрдегі орындықты көрсетті. Ол имене қопалаңдап ба­рып көрсеткен орындыққа отыра бергенде, стул сықыр ете қалды. Оған комдив жымиып бір күл­ді де: «Капитан Ложкин, для гостя принесите креп­кую табуретку, а то наши походные стулья не вы­держивают его столь грузное тело», деп дауыс­та­ды. Оны түсінген старшина, астына жіберіп қой­ған жас балаша қысыла-қымтырыла орнынан түрегелді…

Дастарқан үстінде полковник пен старшина бір бірінің ата-жөнін сұрасты.

Әділгерей ата тегін жақсы білетін қазақтардың бірі болып шықты. Әділгерей Бекболаттан бір мүшел үлкен екен. Соғыстан бұрын әскерде бо­лып көрмеген қазақтардың бірі. Қоныстары Ембінің мұнай шыққан жері. Әкесі ерте қайтыс болып, шешесі елгезер елеп, жасынан Ембінің нан пісіретін орындарында жұмыс істеп үйреніп, өзі тандыршылыққа қалыпталған екен…

Қазақстанда туып-өскен орыстардың көбіне қазақтың бір сөзі дарымағандығындай, Әділгерей де орыс тілінен бір сөз дарымаған қазақ. Ол соғыс кезінде ғана долбарлап орыстың кейбір сөздерін үйрене бастаған көрінеді. Соғыс басталғаннан кейін ол көппен бірге әскер қатарына алынған.

– Ал, Әдеке, ата-жөніңізді айтыңыз. Одан соң мына көкірегіңіздегі он алты белгіңізді айтып беріңіз.

Ол ұзақ әңгіме ғой, жолдас полковник.

– Мен сізді әдейі шақырдым. Ұялмаңыз, қысылмаңыз. Тамақ алып, шай ішіп отырып, аспай-саспай, жайбарақат баяндаңыз.

– Шешем байғұстың жіңішке ауруы бар еді. Өзім кеш үйленгендердің бірі едім. Қатыным бір жұмыскердің қызы еді. Мен әскерге кеткенде аяғы ауырлап қалып еді…

– Аман-есен босанған шығар?

– Қайдам. Өзім шалоннан (эшелоннан) түскелі бері бір шасқа (часть) тұрақтай алмағандықтан қайта-қайта болобой (полевой) поштамыз өзгеріп, үйге хат та жаза алмадым… Кім білсін, бір нәресте туған шығар…

Мәссаған, безгелдек. Демек, елден ешқандай хабары жоқ қазақтың бірі болып шықтыңыз ғой.

– Иә, солай.

– Сіз өзіңіз елден күдер үзгеннен саумысыз?

– Шынын айтсам, ауыр жарақаттанып ес-түсімнен танып жатқанда да, ешуақытта күдер үзіп көргенім жоқ. Тілегім түзу, ниетім ақ болды.

– Мұныңыз өте дұрыс екен. Бірақ та неге осынша уақыт хабарсыз жүргеніңізге мен әлі түсіне алмай отырмын.

– Ә, шырағым болкопных, – деп айтарын айтып сасқалақтап, – иә, шырағым командир, жолдас, тобаришы бол-коуник… – деп қызарып старшина шын шып-шып терлеп, – беу Аллай, өзім не деп сандырақтап кеттім?… Қай жерде, кімнің алдында отырғанымды ұмытып, – деп қалтасынан орамалын алып терін сыпыра сүртті.

Комдив қарқ-қарқ күлді.

– Оқасы жоқ, Әдеке. Бірақ та басқа адам есіте көрмесін мені «қарағым», «шырағым» дегеніңізді, – деді.

– Иә, солдатпыз ғой, әдеп сақтай білуіміз керек қой. Сізбен бүйтіп дәмдес болмақ түгілі, сіздің маңайыңызға да жолай алмай жүргендер аз дейсіз бе? – деп Әділгерей тағы да қысыла терледі.

– Сіздің бірнеше рет ауыр халде жатып өмірден, елден күдер үзбегендігіңіз туралы әңгіме бөлініп кетті. Жалғастырыңыз, Әдеке.

– Мені жолдан шығарған сіздің мені Әдеке дегеніңіз ғой. Ауылда мені қатыным ғана Әдеке деуші еді, жолдас болкоуник.

– Басқалар ше?

– Басқаларға өте қадірлі болған емеспін.

Комдив старшинаның бұл сөзіне тағы да күлді.

– Жеңгей есіңізге түсіп…

– Иә, ол кісі әрқашанда есімде ғой… Егер аман-есен босанса… әлде ұл тапты ма екен, әлде қыз тапты ма екен? – деп ойлаймын да жүремін. Білгім келеді, бірақ та…

– Несі бірақ та? Енді хабар алу оңай ғой. Сіз біздің дивизияда аманшылық болса біраз кідірерсіз деп ойлаймын.

– Қайдам. Бір шасқа көп кідірмеуші едім…

– Капитан Ложкин. Устройте старшину в комендантском взводе, – деп адъютантына айтып, – Ал, Әдеке, бүгін осы отырысымыз да жетер. Мен істейтін тағы бірнеше шаруалар бар еді. Жақсы жатып, жайлы тұрыңыз. Ертең сөйлесерміз тағы да, – деп комдив старшинамен қоштасты.

Ертеңіне комдивті военный совет шақырды. Таң ата машинаға мінер алдында начсандивті шақырып алып:

– Пока я вернусь, разберитесь с этим старшиной, оригинальным и случайным экземпляром войны. Проверить документы, если нужно переосвидетельствовать, – деп бұйырды комдив.

*   *   *

Кешке начсандив комдивке келіп, старшина туралы толық баяндады:

– Диву даешься, товарищ полковник, – деп бастады ол: – Насколько уживчив и живуч бывает человек. Старшинаның барлық документтерін тексердік, өзін рентгенге де салып көрдік. Денесінде бір оқ, бір осколок бар екен.

– Оларды алуға болмай ма?

– Алуға неге болмасын, бірақ та, ол үшін оның қоң еттерін пышақты төрт-бес елі бойлата кесу керек… Әлдеқашан бітіп кеткен бітеу жараларға тиюдің керегі де болмас.

– Одан кейін ше?

– Балтыр сүйектері екі рет жарақаттанған екен. Оларға кезінде дұрыс операция істегенге ұқсайды… Бір бүйрегін алып тастаған екен.

– Бүйрексіз адам қалай…

– Бір бүйрегі бар адам кәдімгідей-ақ өмір сүре береді. Сыңар бүйрегі таза көрінеді, ол жағын да тексердік… Өкпесіне оқ тигенде операция істеу үшін екі оң сүбе қабырғасын алып тастаған екен… ішінен оқ тигенде ішектерін де кескілеген. Қалғандары жеңіл-желпі жаралар. Оларға справкалары бар.

– Оның негізгі дәлелі тыртықтары ғой, доктор.

– Иә, солай, бірақ та формально әр тыртыққа айғақ ретінде госпитальдан справкалар керек қой, ол жағынан ұқыпты жігіт екен.

– Жарайды, доктор, рахмет сізге. Старшинаны ертең кешке маған жібергейсіз.

Кешкі дастарқан үстіне Әділгерей имене кіріп келді.

– Маналы бері айтып отырған старшина осы кісі, Геннадий Фадеевич, – деп комдив старшинаны Шляпинге таныстырды.

– Қысылмаңыз, тамаққа отырыңыз, жолдас старшина, – деді күлімсіреп Шляпин оған қазақ­шалап.

– Отырыңыз, тамақ ала отырып сөйлеселік, – деді комдив Шляпиннің сөзін мақұлдап.

Әділгерей алғашқыда қысыла-қымтырылып отырғанмен, Шляпиннің жайдары түрі, мүдірмей сөйлеген қазақша тілі, орынды әзілдері оны көңілдендіре, жадырата бастады. Шай үстінде әңгіме құрылды.

– Ережептің түбінде «абыройнада» тұрғаны­мыз­да.., – деп старшина бір жараланған кезі ту­ралы айта бастағанда оған түсінбеген комдив пен Шляпин біріне-бірі қарады.

– Ережеп дейтін қала ғой, – деп түсіндірді Әділгерей.

– Ржев екен ғой бұл кісінің Ережеп деп отыр­­ғаны, – деп Шляпин қарқ-қарқ күліп. – «Абы­ройнадасы» – оборона шығар.

Комдив те күліп:

– Оқасы жоқ, азаматым, біз түсіндік, әңгім­е­ңіз­ді айта беріңіз, – деді.

Старшинаның әңгімелерінде кездескен «ар­пат­ка» (арт-подготовка), «корсимис» (горючая смесь), «биотанкыбай рожье», (противотанковое ружье), «мерген сопы» «марганцовка», регуля­тор­­ды – «урлыбатыр», т.б. сөздіктеріне де ком­див пен Шляпин кейде түсініп, кейде түсінбей отырысты. Әділгерей көрген-білгендеріне өзінше ат­тар қойып алған. Мысалы, ол хирург пышағын «қандауыр», операция алдындағы наркозды «же­пір жауып, есіңнен тандырып ұйықтату» немесе – «дәрі иіскетіп өлтіру» немесе «укол салып мұз­датуды» «ине сұғып ұйытты», носилканы – «зембіл», хирургті «қасап локтр», терапевті – «та­мыр­­шы», невропатологті – «есалаң локтр», т.б. деп атайды. Осы сөздер оның әңгімесінде жиі кез­десіп, тыңдаушыларды күлдіріп отырды. Әске­­ри адамдар соғыс кезінде жараның қалай бат­­қанын әңгіме етпейді, нәуетектенбейді, әңгі­менің сабы қандай жағдайда, қай жерде, қай кезде жарақаттану болады. Әңгімелерінде Әділ­герей де сол ережеден шыққан жоқ. Ол жағ­дай жағына да терең соқпады. «Абыройнада» тұр­­ғанымызда, жау үстімізге оқты нөсерлете жау­дырды, арпаткасын бастап құйындата ұй­қы-тұй­қымызды шығарды». «Жыланбауыр танк­лері соңынан анталаған жаяуларын ертіп ша­буыл жасады». «Қалбалақтап жүгіріп бара жат­қанда қалпақтай ұшып жығылғаным ғана есімде». «Басып қалғанымда неміс жалп етіп құ­лады». «Сү­рі­не жығыла омақаса түсті». «Не­міс­тер бытырай қашып барады. Біз ентелеп өк­ше­лей қуып келеміз», деген сияқты сөздермен әңгі­мелерінде жағдайдың етек-жеңі жиналды да отырды.

– Ал, өзіңіз қалайша старшина атағын алдыңыз?

– Мен өзім тіл алғыш едім. Сәл айыға салысымен қарап отыра алмастан жұмыс сұрайтынмын. Ең алдымен, қолыма сыпырғы ұстап, қора сыпырып, аяқтанып келе жатқан жарақаттыларды сүйемелдеп, далаға шығарысып, сестралармен жаралылар жатқан зембілдерді тасысып, отын жарып, от жағысып, әйтеуір, әлім келсе қарап отырмайтынмын. Бір жолы Таржақтағы (Торжок) госпитальда үш айдан аса төсек тартып жаттым. Айыққан соң шамамның келгенінше жұмыспен айналыса бастадым. Күздің қара суық кезі еді. Отынды орманнан барып алып келетінбіз. Ауыр нәрсеге мен жарамаймын. Бастығымыздың маған жаны ашыды ма, ол маған айыққан жігіттерден он жеті жігітті қосып беріп: «Сен осыларға старший боласың», деп бізді отынға жұмсады. Жігіттер мені сыйлайды, бәріміз бірге жатқанбыз. Жайбарақат барып, отын дайындап жүрдік. Кейіннен бәрімізді маржабай (маршевой) ротаға жібергенде де оларды басқаруды маған тапсырды. Барлығы мені «тобарыш старшина», деп кетті. Содан бері старшинамын.

– Старшина деген атағыңызға бұйрық бар ма, жоқ па?

– Қайдан білейін, болса болған шығар.

– Значит выходит – самозванец, – деді төмен қарап күбірлеген комдив, орысшалап.

– Как же, товарищ полковник, – деді комдив ашулана ма деп қауіптенген Шляпин де орысшалап. – Он же старшина, возглавлял команду дровосеков, вел группу людей в маршевую роту, как их старшина…

– Не как старшина, а как старший…

– Теперь придется произвести его в старшину Вашим приказом, и этим самым узаконить его звание, товарищ полковник. Ей-ей, товарищ полковник, он этого заслуживает…

Екі полковниктің сөздеріне шала-шарпы түсініп отырған Әділгерейдің сұғы кете қуыстана бастады.

– Он заслуживает как воин большего, но не, воинское звание как Вы знаете, Геннадий Фадеевич…

– Простите, товарищ полковник, все-таки…

– Сіздің әскери атағыңыз, – деп Әділгерейге қарай қазақша сөйлеп комдив орынбасарының сөзін бөліп жіберіп, – заңсыз, бұйрықсыз атақ көрі­неді, сіз ефрейтор, кіші сержант, сержант, аға сер­жант болған жоқсыз. Ешқандай бөлімшелерді басқармағансыз. Командирлік сатылардың бірі­нен де өтпегенсіз…

– Қайдан білейін, өздері ғой мені старшина деген…

– Мына батыр полковник маған сіздің әскери атағыңызды бұйрық жазып, заңды етіңіз дейді, бұған мен не істерімді білмей қобалжып отырмын!

– Өздеріңіз біліңіздер…

– Да, Геннадий Фадеевич, придется отдать приказом.

– Өте дұрыс, жолдас комдив, – деп Шляпин қуана орнынан ұшып тұрып, Әділгерейдің қолын алып оны құттықтады…

– Ал, енді бұл жігітті қайтеміз? – деп сұрады Шляпиннен комдив, Әділгерей шығып кеткен соң.

– Қайткені бар, өзі момын, адал, еңбекқор кісі көрінеді ғой, тылдағы оншақты арба айдаушыларды басқара алар, – деді Шляпин.

 

*  *  *

«…Сөйтіп, талаушыларға тыйым салдыру туралы қатал шара қолдану жөніндегі ережені біле тұрып, өзіне берілген правосын пайдаланып, әскери трибуналдың үкімін бұзғаны үшін гвардия атқыштар дивизиясының командирі, полковник Талғаров Бекболатқа… армиясының военный советі қатты сөгіс жариялайды», деген қағазды Бекболат жалғыз өзі шам жарығында оқып отыр.

Бұдан бір жеті бұрын, қатты соғыс үстінде Бекболат алдыңғы шептегі бақылау пунктіне үш-төрт күн ұдайы отырып қалды. Онда барып, қиын жағдайды өз көзімен көріп, барлығының басы-қасында болуды қажет тауып, кейін шыға алмаған болатын. Штабтағы, тылдағы мәселелерді телефон не шабармандар арқылы шешіп отырған кезі еді.

Бір күні бақылау пунктіне дивизияның әскери прокуроры мен әскери трибуналдың председателі келді. Алда қырғын ұрыс жүріп жатыр. Жаудың екпінді шабуылын дивизия тойтарып жатқан кезі.

– Екі солдат бұдан жиырма шақты күн бұ­рын осындағы бір жергілікті шаруаның бір сиы­рын ұрлап алып сойған екен. Олар тұтқынға алы­нып, тексеріліп-тергеліп, жақында сотталды. Талау­шы­ларға тыйым салу ережесіне сүйене отырып, әскери трибунал екеуін де ату жазасына үкім етті. Сол үкімді сап алдында орындау қажет болып тұр…

– Қиян-кескі ұрысқа қатысып жатқандарды мен қалайша сапқа тізбекпін? – деп Бекболат прокурордың сөзін бөлді.

– Әр бөлімшеден бір-бір өкіл шақыртсаңыз, солардың алдарында үкім орындалса, олар айтып барады ғой.

– Шақыруға жіберген солдат мына борап тұрған оқта алғы шепке аман-есен жете ме, жетпей ме, егер жетсе, ол «өкіл» екеуі қайтадан алдыңғы шептен аман-есен шыға ма, шықпайма, егер аман-есен шыға қойса, үкімнің орындалғанынан кейін ол «өкіл» аман-есен алдыңғы шепке қайта жете ме, жет­пей ме, ал егер жетсе, үкімнің орындалғанын хабарлаймын деп жүріп қандай қаңғыған оққа ұшарын кім білсін… – деп комдив ыңырана созып сөйледі. – Дивизияда жүздеген бөлімшелер бар. Олардың барлығында белуардан қызу ұрыс. Демек, екі жүз адам үкімнің орындалуын көру үшін ғана қимылдаулары керек. Екі адамның атылуын көрсету үшін мен жүз-жүз елу жауынгерді қатер-қауіпке жұмсай алмаймын.

– Апырай, жолдас комдив, кеш бата шақырылса…

– Біз күні-түні ұрыс жүргізіп жатырмыз.

– Еш болмаса, адам аз болса да… үкімді орындау керек. Біз жоғарғы жерге хабарлауымыз керек еді.

– Алдыңғы шептен бір адам да шақыра алмаймын.

– Олай болса үкімді бекітіңіз, – деп әскери трибуналдың председателі комдивтің алдына қалың папкаға тігілген істі қойды. Комдив оны ашып қарап, үкімді асықпай оқыды.

Ол кезде дивизия командирлерінде Верховный Советтің Президиумының атынан қатардағы солдаттардан капитан дәрежесіндегі офицерлерге дейін медальдар мен Қызыл Жұлдыз орденімен наградтауға, әскери трибуналдың ату үкімін бекіту правосы бар болатын.

– Қылмыстылар қайда? – деп сұрады комдив тізімді оқып болып.

– Осы араға айдатып алып келдік… Ал, енді ел алдында болмаса да, үкімді жай-ақ орындармыз. Бекітіңіз, жолдас комдив.

Комдив үн қатпастан бедірейіп біраз отырды.

– Вам ничего не будет, товарищ полковник. Все установлено, все по закону, – деді прокурор.

– Мы отвечаем, товарищ полковник. Ваше право утвердить приговор, – деп қостады әскери трибуналдың председателі.

– Мое право… – деп күрсінді комдив.

– Да, да. Ваше право именем Президиума…

Комдив қызыл қаламды қолына алып біраз кідіріп отырып, үкімнің үстіне жаза бастады… Қ­о­лын қойып істі қайта ұсынды. «Именем Прези­диума Верховного Совета СССР приговор воен­но­го трибунала в отношении Н.Т. отменяю», дегенді оқып тұрып прокурордың түрі бұзылып кетіп:

– Так, так нельзя, товарищ полковник, – деп қыр көрсеткісі келіп қожыраңдай бергенде, Бекболат орнынан тұрып:

– Верховный Совет меня уполномочил не только утверждать смертные приговоры, но и отменять их. Если я нахожу приговор несправедливым, – деді тісін қайрап.

– Но с нами тоже надо считаться, товарищ полковник.

– Я как комдив приказываю Вам обоим замолчать. Я совершил акт, пользуясь полномочием Президиума Верховного Совета.

– Осужденных освободить и немедленно прислать ко мне без конвоя.

– Как же?

– Повторите приказание, товарищ прокурор.

– Но мы не можем.

– Товарищ прокурор, потрудитесь безоговороч­но выполнить решение комдива, вынесенное именем Президиума Верховного Совета… Если Вы сами не сделаете, я помогу Вам выполнить приказ комдива. Освободите немедленно их из под стражи, – деді комиссар Коньков.

– Есть… Коль приказано… – Тұтыға бұйрықты қайталады прокурор.

Олар кеткен соң Бекболат комиссарға:

–Иван Михайлович. Я так решил… – деп күрсінді.

– Вы в своей резолюции не обосновали свое решение, товарищ комдив. Надо было написать ваши суждения и выводы, почему вы отменяете приговор военного трибунала.

– Я же сказал им.

– Надо было то, что было сказано. Документ-то юридический.

– Да, Вы правы, Иван Михайлович…

– Я же присутствовал при всем этом. Напишу подробное донесение об этом на имя члена военного совета…

– Я позорную казнь заменил на почетную смерть или ранение на поле боя. Разве Вы находите поощрением?

– До некоторой степени да. …Но, приговор, обстоятельство породившее его отмены. И… если они оправдают ваше доверие, мужеством и кровью смоют свой позор, реакция будет гораздо глубже, чем расстрел перед комендантским взводом… – деп Коньков шығып кетті.

Бет-аузын түк басқан, белбеусіз, үстерінде олпы-солпы шинелі, көздері шүңірейіп кеткен, сүлбірейген екі солдат блиндажға кіріп келді.

– Капитан Ложкин, принесите две винтовки с боеприпасами и два ремня, – деп комдив адъю­тантына бұйырды да, – а вы садитесь, – деді сот­талғандарға бұрышты көрсетіп, алдыңғы шеп­пен бөлінген сөзін телефонмен жалғастыра берді…

– Ал енді, шынын айтқанда, сендерде де оңар қылық жоқ. Оны өздерің сотта мойындапсыңдар, – деді комдив сотталғандарға.

– Мына белдікпен белдеріңді бекем буып, мына винтовканы мықты ұстап алдағы, соғы­сып жатқан топтарыңа барып қосылыңдар. Соғыста ажалдарың болса өліп кетерсіңдер, аман шықсаңдар бұдан былай мұндай есерсоқтықты істемессіңдер. Барыңдар!

Коньковтың айтуы бойынша, сотта сиыр иесі, жәбірленген әйел олармен қарым-қатынасын, ашыналықтарын да ашық айтпапты…

Соттың өкімін естігенде әйел: «Ойбай-ау. Бұл сұм заманда өлім аз ба! Атпаңыздар!» деп талып жығылған екен.

…Кейінгі хабарларға қарағанда, жаңағы сотталған екі солдат та ұрысқа аянбай қатысыпты. Біреуі екінші күні ерлікпен қаза тауыпты. Екіншісі, жеңіл жарақаттанып, тірілер қатарында қалыпты. Екеуін де комдив Қызыл Жұлдыз орденімен наградтады.

Бекболаттың оқып отырған қағазының қысқаша тарихы осылай еді.

Ал старшина Әділгерейді не етпек? «Осы уақытқа дейін отқа салсаң күймеген, суға салсаң батпаған азаматтың бірі екен», деп еді ол туралы Шляпин бұдан бір сағат бұрын комдивпен қоштасып тұрып. – Комдив ешкімді соғыстан босата алмайды, оған оның правосы жоқ…

Арада екі-үш күн өтті. Әділгерей өз ротасында жүр. Старшина деген чин алды. Комдивке келіп екі рет қонақ болды.

————————————–

Суретте: 9-шы гвардиялық ди­ви­зия ко­ман­дирі, полковник Б.Мо­мыш­­ұлы жауынгерлерді 1 ма­мыр кү­німен құттықтауда. При­балтика майданы. 1944 жыл.

Соңғы жаңалықтар