• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Сәуір, 2019

Оралдан шыққан отызыншы кеме

1554 рет
көрсетілді

Орал қаласындағы «Зенит» зауытының конвейерінен шыққан тағы бір жаңа кеме салтанатты жағдайда суға түсірілді. Бұл еліміздің судағы шекарасын қорғау үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің тапсырысымен жасалған отызыншы кеме.

Жыл сайын көктемде, Жайық пен Шаған өзендерінің арнасы толық кезінде «Зенит» зауытынан шыққан жаңа кеменің суға түсіріліп, Жайықты бойлап Каспийге аттанатыны оралдықтар үшін дәстүрлі көрініске айналған.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов жаңа кеменің тұсаукесері туралы 1 сәуірде хабарлаған болатын. «Отанымыздың кеме шығаратын Зенит зауыты кезекті әскери кемені суға түсіруге дайындалуда. Зауытты модернизациялау мен диверсификация мәселесі күн тәртібінде» деген еді өңір басшысы өзінің туиттер парағында.

Жоба бойынша «Барыс» деп аталған 0300 маркалы кеменің бұған дейін 5 данасы шыққан екен. Ең алғашқысы 2006 жылы тапсырылып, «Сардар» деген ат алған. Бүгінгі кемеге «Нұр-Сұлтан»деген ат беріліпті.

- Бүгін еліміздің үлкен мейрамы – бірлік мерекесі қарсаңында «Нұр-Сұлтан» әскери кемесі суға түсірілді. Заманауи жауынгерлік кеме еліміздің теңіз шекарасын күзетуге кіріседі. Әскери кеме өндірісі – мемлекетіміздің даму деңгейін көрсетеді. Мемлекеттің қолдауымен құрастырылған бұл кеме оралдық «Зенит» зауытының 30-шы өнімі болды. Өңір тұрғындары атынан жауынгерлік кеменің өмірге келуіне атсалысқан «Зенит» зауытының жұмысшыларына алғысымды білдіремін. Әскери кеме ашық аспан астында Отанымыздың тыныштығын күзете берсін!- деді Алтай Көлгінов Шаған өзеніндегі кеме түсіру айлағында өткен салтанатты жиында.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара Қызметінің директоры, ҰҚК төрағасының орынбасары, генерал-майор Дархан Ділмановтың айтуынша, оралдық кемелерді Ресей Федерациясы, Иран, Әзірбайжан теңіз мамандары да жоғары бағалайды екен.

Бүгінгі салтанатты шарада «Зенит» зауытының директоры Вячеслав Валиев «Шекараны үздік күзеткені үшін» медалымен марапатталды. Ал зауыттың бас технологы Тимур Траисов пен №6 цех бастығының орынбасары Николай Хамко ІІ дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісіне ие болды.

«Барыс» кемелері Каспий теңізінде мемлекеттік шекараны қорғап, контрабандалық әрекеттерді, теңіз қарақшыларын, заңсыз балық аулаушыларды құрықтауға арналған. Әсіресе бөгде жүзушілерді жалғыз өзі де, әріптестерімен бірлесіп те қуып жетіп, ұстай алады. Әскери кеменің әлеуеті жазылған анықтамаға қарағанда, тіпті суасты диверсанттарымен де күресе алады екен. Кеме құқықбұзушыларды жедел құрықтау үшін қосымша жүзу құралымен жабдықталған. Жаңа кеменің басқару жүйесі, байланыс құралдары, навигация, штурман қондырғылары талапқа сай. Кемеде орнатылған құрылғы тәулігіне 4 тонна теңіз суын тұщыта алады.

Айта кетейік, «Орал Зенит зауыты» АҚ «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ құрылымына кіретін кәсіпорын.

Жаңадан жасалған әр кемеге жеке атау беру – бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Бұған дейін «Зенит» зауытынан шыққан, Каспий теңізіне қызметке жіберілген кемелер мен катерлерге «Астана», «Орал», «Алматы», «Тараз», «Ақтау», «Атырау», «Өскемен», «Қарағанды», ««Егемен», Қазақстан», «Сарыарқа», «Маңғыстау», «Сарбаз», «Нұрлы жол», «Қалқан», «Семсер», «Жеңіс», «Найза», «Сақшы», «Сардар» сынды атаулар берілген.