Кеше Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов журналистерге арналған баспасөз брифингін өткізіп, алдағы аптада қандай сыртқы байланыстар болатындығы жөнінде хабардар етті.
16-17 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтің шақыруымен көршілес мемлекетке ресми сапармен барады. Қазақстан тарабы Өзбекстанмен екіжақты қатынастарды жоғары бағалай отырып, екі ел арасында саяси, сауда-экономикалық, гуманитарлық және басқа да салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға зор мән береді. Елбасының ресми сапары екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік туғызуы тиіс, деді ресми өкіл.
Сондай-ақ ол Қазақстан Президентінің сапары мақсатына тоқталып, Ташкентке Елбасының екіжақты қарым-қатынастардың түбегейлі мәселелерін сындарлы және жан-жақты негізде талқылау үшін әрі жалпы Орталық Азия аймағын мекендейтін барлық халықтарға пайдасын тигізе алатын бірлескен шешімдерге қол жеткізу үшін баратынын мәлімдеді. Қазақстан тарабы екіжақты үнқатысуға дайын екенін көрсете отырып, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, су ресурстарын бірлесіп, тиімді пайдалану, өзара қызығушылық туғызатын экономикалық жобаларды жүзеге асыру мақсаттарын көздейтін ұсыныстар енгізуді жоспарлауда екенін жеткізді. Сапар қорытындысы бойынша Мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдемеге қол қоюы жоспарлануда, деді А.Абдрахманов.
23 және 25 наурыз аралығында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Жапонияға ресми сапармен барады. Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған сапар барысында отандық дипломатияның жетекшісі Жапонияның саяси басшылығы және іскер топтарымен кездесіп, бірқатар келіссөздер өткізеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ 2008 жылы маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға жасаған ресми сапары барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық салаларда қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу мәселелері де талқыланатын болады.
15 және 19 наурыз аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигаловтың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Іс басындағы төрағасының Арнайы өкілі ретінде Оңтүстік – Шығыс Еуропа мемлекеттеріне сапары болады. Сапары барысында төрағаның Арнайы өкілі Албания, Черногория, Босния және Герцеговинада аталған мемлекеттердің саяси басшылықтарымен кездесіп, аймақта саяси тұрақтылықты сақтау мәселелері бойынша келіссөздер өткізеді деп күтілуде, деді сөзінің қорытындысында ресми өкіл.
Жақсыбай САМРАТ.