• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2019

Екі тал үкі

1743 рет
көрсетілді

Сарыағаш қаласынан күн батысқа қарай шыға бере бас­талатын шөлейт даланың бір қиырынан Жабай батырдың кесенесі бой көтерген. Оның көгілдір күмбезі алыстан жарқырап көзге түседі.
1728-1810 жылдар ара­лы­ғында өмір сүрген қолбас­шы, тоқсаба Жабай Қазы­бек­ұлы қазақ даласын Қоқан хан­ды­ғының, қалмақ шапқын­шы­­лығының қыспағынан азат ету кезінде ерекше ер­лік көрсеткен тарихи ірі тұл­­ға­­лардың бірі. Ол туралы көр­­­некті жазушы І.Есен­бер­лин­нің «Көшпенділер» трилогия­сын­да бірқатар нақты дерек келтіріледі.

Ауыз суды құдықтан тартып, «водовозбен» таситын шө­лейт өңірдегі бұл кесене – Жабай батырдың мәйіті жуыл­ған жерге орнатылған ес­керт­кіш белгі. Ал сүйегі Таш­кент қаласындағы тарихи ірі қо­рым­дардың біріне жерленген.

Ел аузындағы әңгімеге құлақ түрсек, Жабай батыр­дың бойында бала күнінен әулие­лік, көріпкелдік қасиет болған деседі. Сондықтан да оның мәйіті жуылған жерге бүгінге дейін адамдар ағылып келіп, зиярат жасап жатады. Себебі ел ішінде Жабай батырдың рухы, әулиелік қасиеті осында қалған деген берік сенім қалыптасқан. 

Мұнда келген кісінің киелі белгі туралы әртүрлі қы­зықты әңгімелер естіп, таң-та­маша қалып қайтатыны рас. Таяуда ғана құлағымыз шалған сондай бір тылсым хикаялардың бірін бүгін біздің де сіздерге айтып бергіміз келіп отыр. Шамасы, бұл оқиға өткен ғасырдың орта шеніне таман орын алған болса керек. Жаратушы иемізден перзент сұрап жалбарынып, еңі­регенде етегі жасқа толған екі отағасы сол бір жылдары екі жақтан Жабай белгісіне тәу етуге келіпті. Сөйтіп осында қонбақ болып, шөлейт өңірдегі боз жусанның хош иісіне елітіп жатып ұйықтап кетіпті.

Түнде біреуі түс көріпті. Түсін­де оған ұзын бойлы, қара­сұр өңді бір қария екі тал үкі ұсыныпты. Бірі – ақ, енді бірі  қара түсті екен.

Таң ата ол қуанып оянады. Ал жанындағы кісі ешқандай түс көрмепті. Сірә, алыс жолдан шаршап келіп, қатып ұйық­тап қалсам керек деп өкініпті.

Сөйтіп екеуі біраз жерге шейін үзеңгі түйістіріп, қа­тар келе жатады. Әлгі кісі жол-жө­­не­кей: «Әй, замандас, сен қан­­дай түс көрдің? Әулие қа­лай аян берді?», деп сұраумен болады.

Сонда жақсы түс көріп, қуанып келе жатқан кісі оның көңілін қимай әрі екеуінің әлі де болса мұңдас екенін ұмытпай, түсінде өзінің әулиеден екі тал үкі алғанын айтады. Алла қаласа, көп ұзамай перзент сүйермін-ау деген үмітін де жасырмайды.

Сол сол-ақ екен, жанын­дағы кісі: «Оу, құрдас, садағаң кетейін, сол үкілердің бірін маған қишы», деп жалына кетеді. Алғашқыда ол: «Әй, оны мен түсімде ғана көрдім ғой», деп әзілдеп құтылмақ болғанымен, бірте-бірте көңілі иіп, өзімен мұңдас жанды аяп: «Ой, жарайды, қидым саған», деп мәрттік жасайды.

Сөйтіп жолайрыққа жеткенде екеуінің жолы екіге ай­ы­­­рылып, әрқайсысы өз қо­­ны­сына қарай ат басын бұрады.

Содан арада біраз жыл өт­­кен­де әулие аян берген кісі­нің әйелі босанып, қыз ту­ып, ақ тү­йе­нің қарны жарылып, ұлан-асыр той болады. Бі­рақ әйелі со­дан кейін бала көтер­мей қалады... 

Ал екінші кісіден ешқандай хабар-ошар жоқ. Өткен оқиға есіне түскен сайын: «Қап, әтте­ген-ай! – деп өкінеді перзент сүйген кісі. – Сол жолы асы­ғып, елін де, жөнін де сұ­рап алмағанымды қарашы. О бас­та Алла маған бір ұл, бір қыз берем деген екен ғой. Кө­ңі­лін қимай, бір тал үкімді мұң­дасы­ма қиып ем. Осы күні ол да пер­зент сүйіп, қуанышқа кене­ліп жатыр ма екен, кім білсін». 

...Міне, осы әңгімені тың­дағанда, біздің де көңілімізді қуаныш пен мұң қатар торлап, киелі жердің өзімізге беймәлім бір тылсым сырын сезінгендей болғанымыз бар еді.