• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Сәуір, 2019

Мұнай компанияларында жемқорлыққа қарсы семинар өткізілді

1035 рет
көрсетілді

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Қазмұнайгаз» АҚ қарасты «ҚазМұнайТеңіз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша семинар өткізілді. Іс-шараға Агенттіктің аумақтық департаментінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшылығы, мұнай компаниясының басшылық құрамы мен қызметкерлері қатысты. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алғашқы кіріспе сөзінде аумақтық департамент басшысы Нұргүл Жанназарова Агенттіктің басым бағыттарының бірі қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру екендігін, парақорлық сияқты қоғамды жайлаған кеселмен  күресуге бүкіл жұртшылықты тарту міндеті тұрғандығын, соның ішінде шетелдік, ұлттық мұнай-газ және басқа да өндірістік компаниялары да, квазимемлекеттік сектор мен жеке меншік мекемелері де бұл қозғалыстан шет қалмауы қажеттігін атап өтті. Спикер сонымен бірге, жемқорлық деректері үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктің қарастырылғандығын, ал шетел және ұлттық компания өкілдеріне өз кезегінде тиісті органдарға дер кезінде хабарлап, қылмыстық әрекеттердің алдын алу керектігін баса айтты.

Бұдан басқа, Нұргүл Жанназарова өңір деңгейінде кең көлемде ашылған «Адалдық дүкендеріне» де тоқталды. Атап айтқанда, оқу орындары, халықаралық әуежай, қалалық полиция басқармасында, арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында ашылған бұл ерекше дүкендер жас ұрпақты адалдыққа, тұрғындарды әлеуметтік жауапкершілікке баулиды және де осындай «сатушысыз дүкендерді» мұнай компаниялары да қолдап, кәсіпорындарда ашуға жұмыстануда. Сонымен бірге, ол осындай форматтағы түсіндірме жұмыстарын тек орталық кеңсе деңгейінде емес, мұнай кен орындарындағы жұмысшылармен де өткізуге ұсыныс білдірді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары  Бақдәулет Махмуд түсіндірме шараларының басты мақсаты қоғамда үрей туғызу емес, керісінше сыбайлас жемқорлықтың превенциясы, яғни алдын алу болып табылады. Ұлттық бюро өкілінің айтуынша, компанияларға қатысты мемлекеттік сатып алу, тендер өткізу, кадрларды іріктеу үрдісін барынша ашық, тұрғындарға қолжетімді етудің, интернет-ресурстардың мүмкіндіктерін кең қолдану қажеттігін ұсыным ретінде жеткізді. Спикердің айтуынша, компания басшылығы мен лауазымды тұлғалардың арасындағы қылмыстық сыбайластық орын алса, тек пара алушы емес, пара беруші де қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 

Аумақтық департаментің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Жасұлан Маршакұлы «Digital agent» мобильдік қосымшасымен таныстырып, көрсетілетін қызметтер нәтижесін бағалауға, қоңырау шалу арқылы аумақтық департаментке өз өтініштері мен оң пікірлерін қалдыруға мүмкіндік берілгендігін эксперимент негізінде көрсетті.

Мұнайшылар сол бойда «Digital agent» мобильдік қосымшасын өз смартфондарына жүктеп, тиісті нөмірге қоңырау шалып, оператормен байланысып, ендігі жерде мемлекеттік органдарды жағаламай, үйде отырып та кез-келген қызметке арыз-шағымын қалдыра алатындықтарына көздерін жеткізді.

Тыңдаушыларға сонымен бірге «Protecting business and investments» жобасының презентациясы өткізілді. Яғни, заң талаптарын айналып өтіп, бизнеске қысым көрсеткісі келген мемлекеттік орган өкілдеріне қатысты шетелдік және отандық инвесторлар арыз-шағымдарын өңірлік фронт-кеңсеге арнайы 8707 170 1424 шұғыл желісіне хабарлау арқылы тікелей жеткізіп, аумақтық департамент тарапынан шұғыл әрекет етілетіндігі баяндалды.

Іс-шара барысында жемқорлыққа қарсы сипаттағы бейнероликтер көрсетіліп, компания қызметкерлерінің ұсыныс пікірлері қабыл алынды. Департамент өкілдері мұнайшыларды семинар барысында айтылған пайдалы ақпаратты тек өздері біліп қана қоймай, туысқандары мен дос-жарандарына да жеткізіп, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасын көтеруге өз үлестерін қосуға шақырды.

Маңғыстау облысы