• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Сәуір, 2019

Қарағандыда «Social Trust әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі» семинар өткізді

1022 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасындағы «Достық үйінде» Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Social Trust әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі» (ST ӘКМ) әлеуметтік кәсіпкерлер үшін үш күндік семинар өткізді.

Білім беру жобасы өңірдің әлеуметтік өзекті мәселелерін шешуге бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, бизнес негіздерін үйренуге, жеке бизнес ашып, кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға және инновациялық идеяларды іске асыруға талпынған болашақ кәсіпкерлерге практикалық түрде көмек көрсетіп, кеңес беруді мақсат етті.

Семинар барысында қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерліктің негізі және қоғамның осал топтарын жұмыспен қамту жайында теориялық және практикалық  білім алды.

Семинар барысында болашақ әлеуметтік кәсіпкерлер Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдайтын Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларының тәжірибелі әлеуметтік кәсіпкерлерімен және ұйымдарымен бірге пленарлық тұсаукесерге, пікірталастарға және нетворкингке қатысты. Семинар қатысушылары әртүрлі жастағы және әлеуметтік топтағы қырыққа  жуық тыңдарман болды. Іріктеу онлайн-сауалнама арқылы жүргізілді. Іріктеу барысында қатысушылардың  қоғамның өзекті мәселелерін шешу үшін әлеуметтік жоба құру мүддесі негізге алынды.

«Green TAL» әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы және ST ӘКМ тренері Эмин Әскеров қатысушылардың өздерінің әлеуметтік жобаларын бастау үшін қажетті білім алғанын атап өтті.

– Семинар барысында олар кәсіпкерліктің теориялық және практикалық негіздерін өтті, бизнес-жоспарлау мен өндірістік шеберханаларды ашу бойынша дайындықтан өтті. Бұл жоба азаматтар үшін  идеяларын біріктіруге және дамытуға мүмкіндік берді, – деді Э.Әскеров.

Үш күндік семинарда әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы машықтары мен білімдерін жетілдірген болашақ кәсіпкерлер өздерінің жеке әлеуметтік ұйымдарын ашуға және оларды дамытуға дайын екендіктерін көрсетті.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушыларға арнайы сертификаттар тапсырылды.

Қарағанды облысы