• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Хоккей 27 Сәуір, 2019

Ерлан Қошанов «Сарыарқа» хоккей клубын құттықтады

991 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов «Сарыарқа» хоккей клубының басшылығы мен ойыншыларын қабылдап, ұжымды Ресейдің ЖХЛ тұрақты чемпионатының бас жүлдесі – Петров кубогының жеңімпазы атануымен құттықтады.

Өңір басшысы қарағандылық хоккейшілердің толағай табысы  облыс қана емес, жалпы еліміз үшін айтулы оқиға екенін атап өтті.

– Бізге Қазақстанның түпкір-түпкірінен қоңырау шалып, құттықтауды қарша боратып жатыр. Мен өзім қаламызда өткен барлық финалдық ойындарда жанкүйер болдым. Есімде қалған бір жарқын сәтті атап айтқым келіп отыр. Кезекті матчтың бірінде Максим Кицынның тізесіне шайба тигенде, төреші ойынды тоқтатпаған еді. Сол кезде ойыншымыз командасы азшылықта қалмас үшін бар күшін жиып, бортқа дейін сүйретіліп барды. Сол кезде комментатор Максимді «жарақат алған партизанмен» салыстырған болатын. Сол сәт есте қалардай керемет болды, – деді өңір басшысы. 

Сондай-ақ, облыс әкімі бапкерлер құрамы мен ойыншыларға алғыс  айтып, хоккей клубына жаңа жеңістер тіледі.

«Сарыарқа» командасының бас жаттықтырушысы Леонид Тамбиев облыста хоккей спортын дамытуға бағытталған жұмыстарға ризашылық сезімін білдірді. Сонымен қатар, қарамағындағы хоккейшілердің жеңіске деген жігері мен құлшынысын орынды мақтан етті.

– Бапкерлердің арасында жаттықтырушы деген Голливудтағы зұлым сияқты қорқынышты, бірақ нағыздың өзі болуы керек деген сөз бар. Менің ойымша, жігіттер – сөзсіз батырлар, олар жарақаттары және сынықтарына  қарамастан жанкешті, адал және нағыз ойын көрсете алды, – деді Л.Тамбиев.

Кездесу соңында «Сарыарқа» хоккей клубының ұжымы жан-жақты қолдау көрсеткені үшін облыс әкіміне алтын медаль табыс етті. Ал спорттағы жетістіктері мен өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін клубтың барлық мүшелері облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.