• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Үкімет 29 Сәуір, 2019

Тасқынға тосқын уақтылы қойылды

953 рет
көрсетілді

Кеше Үкіметте өткен баспасөз конференциясында Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин елдегі су тасқыны қатерінің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелерін айтып берді.
Су тасқыны бойынша жағ­дай биыл Жол картасын­да көрсетілген кешенді шараларды іске асырудың арқа­сында ойдағыдай өтті. Бұл шаралар 2020 жылы аяқталады. Жер­гілікті атқарушы органдар соған сай профилактикалық жұ­­мыстар жүргізді. Қарағанды, Ақ­мола облыстарында ауқым­ды жұмыс атқарылды. Рас, кейбір жекеменшік аумақтар су астында қалған болатын. Ол жерлерде арнайы қызметтер шұғыл шаралар қабылдады», – деді Ю.Ильин.

Солтүстік Қазақстан облысында 21 сәуірде Есіл өзені деңгейінің көтерілуі салдарынан «Челябинск-Новосибирск» республикалық маңызы бар автожолының үстімен су жүр­ді. Заречный кентіндегі (Петропавл қаласының аума­­ғын­да) тұрғын үйлерге қауіп­тен­ген жоқ. Шүлбі су қой­масынан жоспарлы су ағы­зылуына байланысты Павлодар облысы бақылауға алынды.

Оның айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда, биыл жағдай тұрақты, қандай да бір қиындық болған жоқ. Тек нау­рыз айының соңы мен сәуір айының басында Ақмола облысында ғана тұрақсыз жағ­дай орын алған еді. Жедел түрде тұрғындар қауіпсіз жер­ге көшірілді, су сорып шы­ғарылды. Қираған және апатты жағдайда тұрған үйлер тір­келмепті.

Айта кетейік, су тасқыны кезеңі басталғанға дейін ТЖД жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шаралар кешенін қолға алған. 11 мың шақырым арықтар мен арналарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Елді мекендерден 12 млн текше метр қар шы­ғарылды. Ав­томобиль жолдарында 33 мың, теміржолдарда 7 мың су өткізу құрылыстары тазартылды. Су тасқынының алдын алу және салдарын жою үшін 10 мың тонна жанар-жағармай, 281 мың тонна инертті материал, 1 млн қап пен 40 тонна жарылғыш заттар қоры дайындалды.

Сонымен қоса, министрдің орынбасары жыл сайын су тасқыны қауіпсіздігін сақтауға қатысты халықтың белсенділігі артып келе жатқанын жеткізді.

Төтенше жағдай аумағында қалуы мүмкін халықты алдын ала құлақтандырған біздің бөлімшелердің жұмысы нәтиже берді. Өйткені адамдардың көбі қатерді сезініп, баспанасын су тасқынынан қорғауға және шұғыл эвакуацияға әзірлеу шараларын қабылдайды. Олар эвакуация жағдайында алу үшін аса қажетті заттарды – құжат­тарын, ақшаларын ал­дын ала дайындап қояды тұр­ғындардың қай жерде жиналатынын біледі, – деді ол.

Ю.Ильиннің пікірінше, тұр­ғындардың белсенділігі адам шығынына жол бермеуге, тұр­ғындарды шұғыл эва­куа­ция­лауға мүмкіндік жасайды.

Биылғы 18 наурыздан бас­тап ІІМ бөлімшелері тасқынға қарсы жедел штабтардың жұмысы күшейтілді. Апаттық-құтқару жұмыстар мен шұғыл жұмыстарға 1000-нан астам адам мен 300-ге жуық техника жұмылдырылды.