Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Арстан Ғазалиев, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағанбетов ғұлама ғалымның мерейтойы аясындағы игі шаруалар турасы++нда әңгіме қозғап, Қаныш Имантайұлының қазақ халқына сіңірген еңбегінің мән-мағынасы мен қадір-қасиетінің уақыт өткен сайын арта түсетінін атап өтті.
Сондай-ақ шара аясында тарихи-өлкетану мұражайы ғимаратының алдына Ұлытау ауданындағы орман шаруашылығынан жеткізілген үш қайың көшеті отырғызылды. Оның біріншісін Баянауылдан келген қонақтар мен ғалымның туыстары отырғызса, екіншісін Ұлытау мен Қарсақбай тұрғындары екті. Ал үшінші қайың көшетін отырғызу қарағандылықтардың еншісіне тиді.
«Ғасырдың биік тұлғасы» көрмесінің Жезді кентінде орналасқан М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы мен академик Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық мұражайымен бірлесіп ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн.
Көрмеге қойылған 200-ден астам экспонаттың арасында ғалым-геологтің ертоқымы, киім-кешегі, минералдар коллекциясы, сондай-ақ ғылыми жұмыстары, қолжазбалары мен марапаттары, академиктің домбырасы, фотоматериалдар, кітаптар мен шапаны, Жезқазған мысы сияқты жәдігерлер бар. Сондай-ақ экспозиция сөресінен Әлкей Марғұланның әйгілі ғалым үшін арнайы тапсырыспен жасатқан мылтығы да орын алған. Ә.Марғұлан қаруды мұражайға 1999 жылы тапсырыпты.
Мерейтой мәнін арттыра түскен мәдени шараның соңына таман академик Қаныш Сәтбаевтың туысы Күлтай Баязитқызы тарихи-өлкетану мұражайының ұжымына әулет атынан алғыс айтты. ҚАРАҒАНДЫ