«Богема» – сырға толы драма орын алатын лирикалық опера. Өткен аптада елорда төрін өнердің ғажайып мейрамына айналдырған айтулы шығарма операның алтын қорына «Мадам Баттерфляй», «Турандот» сынды теңдессіз туындылар салған италиялық композитордың кезекті классикасы. Музыкатанушылардың сөзінше, «Богеманың» музыкасы сазды әрі еліктіретін әуенге қанық. Оркестрлік партиялардың әсерлі сан алуандығы, екпінді қарқыны ән салу мәнерлілігін айқындай түседі екен. Сондықтан болса керек, кезекті премьераға «Астана Операның» ең үздік солистері іріктеліп алынды. Қос құрамда өнер көрсеткен әртістер сахнада кәсібиліктің үздік үлгісін паш етті. Мими партиясы – Мария Мудряк пен Майра Мұхамедқызының сараптауында сахнаға шықса, Рудольф – Медет Шотабаев, Жан Тапин, Марсель – Сүндет Байғожин, Талғат Мұсабаев, Коллен – Тайыр Тәжіғұлов, Болат Есімханов, Шонар – Андрей Борисенко, Ержан Саипов, Мюзетта – Салтанат Ахметова, Альфия Каримова, Альциндор – Армин Бабаян, Тайыр Тәжіғұлов, Бенуа – Талғат Ғалеев, Мағжан Аманжолов, Парпиньоль – Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев, Сержант – Самат Жарылқасынов, Бақтияр Омаровтың орындауында көрерменін қуантты.
– Жақында ғана өзім бас партиялардың бірін сомдаған Дж.Россинидің «Жібек саты» операсы премьерасының өтуіне байланысты, «Богеманы» өте қысқа мерзімде сіңіріп, сараптауға тура келді. «Жібек саты» мен «Богема» тұсаукесерлерінің арасы 10 күннен сәл асады екен. Соған қарамастан, қарқынды жұмыс істедік. Қиын болса да, маған бұл процесс өте қатты ұнады. Әсіресе классиканың әншінің кемелденіп, кәсіби шыңдалуына берер пайдасы мол. Осы тұрғыдан келгенде, Италиядан арнайы шақырылған режиссер Андреа Бернард мырзамен жұмыс істеу біз үшін үлкен мектеп болды десек, артық айтқандық емес. Ол әртістерден нені талап етуді білетін жақсы режиссер, білікті маман», – деп Марсель партиясында жарқырай көрінген Сүндет Байғожин премьералды дайындық жұмыстарымен жан-жақты таныстырып өтсе, операдағы басты партия Мими рөлін өзінің бай шығармашылық тәжірибесінде алғаш рет сахна төріне шығарған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Майра Мұхамедқызы өз әсерін былайша жеткізді:
– Операда берілген Париждің атмосферасы менің жаныма өте жақын, себебі бұл керемет шаһарда өмірімнің 7 жылын өткердім. Дәмхана, темір жол бекеті мен фабрика – мұның барлығы мені Францияның қақ ортасында жүргендей ғажайып сезімге бөледі. Бір қызығы, Париж опера театрында Мюзетта партиясын бірнеше мәрте орындадым, бірақ үнемі Мими болып сахнаға шыққым келетін. Жоғары сопранода дауыстардың жыл сайын төмендей түсетін ерекшелігі бар, сондықтан ол кезде бұл партия менің дауысыма сай келмеді. Араға бірнеше жыл салып, ақыры міне дауысым да дайын болды. Мими бұған дейін сахна көрген қойылымдарда әлсіз, науқас қыз ретінде көрсетілетін. Бірақ біздің орындауымызда бұрынғылардан өзгерек болмақ. Ол өзінің жастық жалын, жігерімен ерекшеленеді. Тіпті дүниеден озар сәтінде де сол өмір сүйгіштігінен айнымайды. Мими көз жұмар алдында жігіт оған: – Сен атқан таңдай ажарлысың, – дейді. Сонда бойжеткен: – Жоқ, батқан күндей, – деп жауап береді. Операдағы дәл осы сөздер менің жанымды ерекше тебірентті. Өмір қысқа, бәріміз де о дүниеге аттанамыз, алайда жер бетінде ғасыр ғұмыр кешіп те нағыз махаббаттың не екенін ұғына алмай өткен адам қаншама?! «Богема» арқылы тыңдарманымызға өмірдің осы бір пәлсапасын ұғындырғымыз келді, дейді әнші.
Қазақ-итальян таланттарының тамаша шығармашылық тандемінен туған қойылым шын мәнінде көрерменінің көңіл түкпірінен орын алғаны сөзсіз. Қоюшы дирижер – Джузеппе Акуавива, қоюшы режиссер – Андреа Бернард, сценограф – Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші «Оскар» сыйлығының иегері – Франка Скуарчапино, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов бастаған өз ісінің шеберлері жаһан халқы жақсы білетін операны жаңашыл бағытта баптап, қойылымға бұған дейінгі сараптауларға мүлдем ұқсамайтын өзгеше сахналық ғұмыр сыйлады. Әлемді әдемі әуенімен әлдилеген Дж.Пуччини мұрасы осылайша бас шаһар көрермендерінің ортасына көктемнің шуақты күнімен бірге қайтып оралып, махаббат пен мейірімге шөліркеген жүректерге қайталанбас жылылық нұрын сыйлады.