• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Сәуір, 2019

Үмбетей жырау бейіті

2142 рет
көрсетілді

Қоржынкөл стансасының оңтүстік жақ бетінде шамамен он шақырымдай жерде Мыңшұңқыр қорымы бар. Осы қорымда Алаштың небір жақсы-жайсаңы мәңгілік тыныштық құшағына бөленген. Көп жақ­сының бірі, жыраулық поэзияның көрнекті өкілі, жалынды жыршы, данагөй абыз Үмбетей жырау да осы жерде жерленген.

Есте жоқ ескі кезеңнен ел есінде қалған дерек көп. Жоңғар шапқыншылығына ел болып қарсы тұрған аласапыран кезеңде атқа мінген Үмбетей жырау сол заманның бейнесін жыр тілімен өрген, тарихи нақты оқиғаларды жырлаған. Ақ алмастай жарқылдаған жырларында шыншылдық, әділдік, ақиқаттың айбыны алпыс екі тамырыңдағы қызыл қанды қыздырады.

Үмбетей жырау – дидактикалық поэзияның айтулы шеберлерінің бірі. Сиқырлы сөз өнеріне жастайынан ден қойған. Бұл жолдағы ұстазы өз әкесі. Ел тарихын зерделі жадына тоқыған, арыдағы асылдардың шешендік сөздерінен, ел аузындағы ерлік, батырлық дастандарынан тағылым алған. Жырау өзі де ел қорғаған батырларды жалынды жырына арқау еткен. «Бөгенбай өліміне», «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» атты толғауларында көзсіз ерлікті дәріптеп, Алаштың өр мінезді өрендерін кейінгі ұрпаққа өнеге еткен. Әсіресе Бөгенбай батырдың ер бейнесін тамаша сипаттайды. Асқар тауға теңейді, қыран бүркітке балайды. «Болмашыдай анадан болат тудың Бөгенбай» деп қастерлейді. Баянауыл, Қызылтау,  Абыралы, Шыңғыстау – бүкіл Сарыарқа атырабын құба қалмақтан аман алып қалған Бөгенбай батырдың ерен ерлігін сүйсіне жырлайды.

Қалмақты қуып қашырдың,

Қара Ертістен өткізіп,

Алтай тауға асырдың.

Ақшәуілге қос тігіп,

Ауыр қол жидырып алдырдың,

Қалмаққа ойран салдырдың,–деп ерлігін ерекше атап көрсетеді. Жырау жалғыз Бөгенбайды ғана емес, Абылай заманындағы Алаштың асып туған ерлері Қаракерей Қабанбай, Қаздауысты Қазыбек, Жәнібек, Баян батырлардың ерліктерін де өлеңмен өрген.

Сайын сақараны жырға бөлеген, жалынды сөзімен дем берген Үмбетей жырау бейіті сонау бір алағай да бұлағай күннің өшпес белгісіндей Ерейменнің етегінде, Қоржынкөлдің қойнауында жатыр.

Ақмола облысы,

Ерейментау ауданы