Бүгінде «Аманат» алаңының қоғамдық штабы құрылды. Оның жұмысына сарапшылар 250-ге жуық ұсыныс жасады. Соның негізінде өзекті деген мәселелер іріктеліп, жұмыс жүргізудің нақты 5 бағыты айқындалды. Бірінші бағыт бойынша сайлаудың дайындық шараларына бақылау жасалады. Себебі заңға сәйкес, әрбір азаматтың сайлауға қатысуға құқығы бар. Ол үшін барлық қажетті жағдайлар уақтылы жасалуы қажет. «Қазіргі кезде қоғамда сайлау науқанына қатысты саяси белсенділік артып келеді. Сайлау қалай өтеді? Барлығы қаншалықты заңды әрі ашық болады? Кемшілік болса, біз айтайық. Барлық облыстарды қарап шықтық. Қолдау бар. «Аманаттың» бес бағыты белгіленді. Осы бес бағыт орындалса, сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне жағдай жасалады деген пікір бар», – дейді қоғам қайраткері Мұрат Әбенов.
«Аманаттың» екінші бағыты – сайлаушылардың құқықтары туралы ақпаратты жан-жақты тарату. Соның ішінде сайлаушылардың құқықтық процедуралары, сайлау кезеңдері мен мерзімдері, кандидатты қолдау, оның бағдарламасы туралы ақпаратты алу және тағы басқа мәселелер бар. Бұдан бөлек, сарапшылар сайлаушылардың құқықтары бұзылса, ол туралы қайда және қалай хабарлауға болатынын түсіндіреді. Онлайн заңгерлік кеңес беру қызметі де болады.
Үшінші бағыт – адалдық. Ол үшін Қазақстанның барлық өңірлерінде, әрбір сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылау желісін құру жоспарланған. Құқық бұзушылық фактілері бойынша жедел ақпарат алмасу жүйесі болады.
Төртінші бағыт – ашықтық. Осы бағыт аясында тәуелсіз диалог платформалары мен пікірталас алаңдарын құру жоспарланып отыр. Қоғамдық талқылаулар онлайн режімде де ұйымдастырылады. Негізгі мақсат – ашық және объективті ақпарат тарату.
Ал бесінші бағытқа сәйкес, қоғам мен мемлекет арасындағы тең ынтымақтастықты құру жоспарланған. «Аманат» азаматтық тұғырнамасы аталған бес бағытқа негізделеді. Осы бастаманың аясында барлық бағыттар бойынша халықаралық ұйымдармен, Орталық сайлау комиссиясымен, жергілікті сайлау комиссияларымен, Жоғарғы сотпен, жергілікті атқарушы органдармен, Бас прокуратурамен, кандидаттардың сайлау штабтарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық және азаматтық сектор өкілдерімен әріптестік байланыстары орнатылады. Барлық өңірлерде «Аманат» азаматтық платформасының өкілдері болады.