• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Сәуір, 2019

Жабайы табиғатқа жіберілген бүркіттердің есебі алынды

1041 рет
көрсетілді

Біз бұған дейін де 7 жыл бойы Алматыдағы «Сұңқар» жабайы құстар тәлімбағы бүркіт балапандарын жабайы табиғатқа біртіндеп баулып, еркіндікке жіберіп келгенін, сәуір айында сол құстардың санын алу үшін арнайы экспедиция жолға шыққанын хабарлаған едік.

Сәуірдің 10-29 аралығында жұмыс атқарған экспедиция мүшелері –орнитолог Сергей Шмыгалев, көмекші-жүргізуші Владимир Исаенко мен екінші жүргізуші Игорь Свастин зерттеу сапарының нәтижелерімен бөлісті.

Экспедиция бағыты бүркіттер мекендейтін Алматы облысының аумағындағы Арқарлы мен Малайсары, Үлкен және Кіші Бұғыты, Сөгеті таулары, Торайғыр мен Шарынның жоғарғы бөлігін қамтыды.

Экспедицияның есептеуінше, зерттелген аумақта бүгінгі таңда 36 бүркіт мекендеп жатыр. Мамандар 14 тастүлек пен мұзбалақты және 11 жұпты тіркеген.

«Бірінші кезеңде Жоңғар Алатау тау сілемдері зерттелді. Сапарымыз басталғаннан кейінгі бірнеше күн ішінде алғашқы екі бүркіт жұбын анықтадық. Екінші кезеңде Іле Алатау аумағын және алты жыл бойы бүркіттер еркіндікке жіберілген Алматы облысының жерлерін қарап шықтық. Тексерілген телімдерде біз тастүлектерді де, ұя салатын бүркіттерді кездестірдік», дейді топ жетекшісі Сергей Шмыгалев.

Экспедиция Қазақстанда 2012 жылы қолға алынған «Үлесіңді қос. Табиғатты аман сақтап қал» атты «Эфес Қазақстан» компаниясы жобасының аралық қорытындысын шығарып отыр. Осы кезең ішінде «Сұңқар» тәлімбағында 25 бүркіт балапаны өсіріліп, табиғат аясына жіберілді.

Қазақстан аумағында мекендейтін бүркіттердің саны соңғы рет 7 жыл бұрын есептелген екен. 2012 жылғы есептеу нәтижесі мен орнитологтардың бағалауынша бүркіттердің популяциясы азайған, Алматы облысының Үлкен және Кіші Бұғыты аймағында бар-жоғы 4-5 жұп қана қалған болатын.

«Көп жыл бойғы біздің еңбегіміз осындай тамаша нәтижелерді әкеліп отырғанына аса қуаныштымыз. 2012 жылмен салыстырғанда қазір ұя салатын бүркіт жұптарының бірнеше есеге өскені байқалып отыр. Қазақстан мемлекеттік байрағында бейнеленген ұлттық нышанды сақтап қалу – біздің компанияның корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік саласындағы басымдық беретін міндеттерінің бірі», дейді «Эфес Қазақстан» ШС АҚ корпоративтік қатынастар департаментінің директоры Шыңғыс Қаскеев.

Бүркіттерді қорғауға арналған бағдарлама ары қарай да жүзеге асырыла бермек.