- Жер жәннаты Жетісу өңірі тарихи тұлғалар мекені. Қабанбай, Қарасай, Райымбек батыр бастаған ел қорғаған ерлер мен Ілиястай ақын туған мекенге елмен етене араласып, тұрғындардың пікірін естуге келдім, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде.
Мемлекет басшысы алдында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, аймақтағы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Римма Салықова, жеке кәсіпкер, «Мәдина» тігін цехының иесі Айман Биғалиева және басқалар сөз алып, өңірде атқарылып жатқан істер жайында әңгімеледі.
Ел дамуына ерекше үлес қосып отырған Жетісу өлкесінде еңбек көрігі қызып тұр. Жыл басынан бері аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің нақты көрсеткіші 103,7 процентті құрап, 185,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде тау-кен өндірісі 72,5 процентке, жеңіл өнеркәсіп 19,1 процентке көбейген.
Президент Алматы облысына сапары аясында Талдықорған қаласындағы әлеуметтік, демалыс нысандарын аралап, Қаратал ауданындағы «Ашық әкімдік» жобасымен танысты.