• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Мамыр, 2019

Солтүстік Қазақстанда «Тоқтамай биле» фестивалі өтті

1067 рет
көрсетілді

Өңірде алғаш рет өткен «Тоқтамай биле» атты фестивальға 20-дан астам дәстүрлі, халықтық, хореографиялық, топтық ұжымдар қатысып, бекзат өнердің тылсым сырын ұқтырды.

Айтулы шараны ұйымдастырушы  Дилара  Сабырова фестивальдың  шаңырақ көтеруіне «117» шығармашылық студиясы бастамашы болғанын,  халықаралық, республикалық, аймақтық додаларда олжа салып жүрген би ұжымдарының келгенін, барлық жанрлар, тіпті оның ішінде көшелік стильдер де  қамтылатынын  атап көрсетті.

Сахна шымылдығы «Тоқтамай биле»  атты әуенмен ашылып, қимыл-қозғалыстарымен де, киім үлгілерімен де  көздің жауын алатын  мың бұралған бишілер  кештің көркін келтірді.

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры жанынан 2010 жылы құрылған «Алуа» халық би ансамбліне Жанна Темірбаева жетекшілік етеді. Осы уақыт аралығында Сочи, Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларында өнер көрсетіп, талай мәрте топ жарыпты. Жарысқа  Абхазияда өтетін халықаралық сайысқа қатысатын  2 топты үкілеп әкеліпті.

Сахнаға «Экспромт» халық би театрының сәмбі талдай иіліп тұрған, ұршықша үйірілген  балғындары  көтерілгенде зал ішін ду қол шапалақ көміп кетті. Бұлай болатын жөні бар. Топтың негізгі  жанкүйерлері – жас буын. Сондықтан болар қошеметтерін аямады. Бұл жолы заманауи хореографияға негізделген қойылымды ұсынып, өте сәтті шықты.

«Би үйірмесіне  мені атам ертіп әкелді. Бірінші күні қатты қобалжыдым. Бірақ жетекшіміз өте жарқын әрі ақкөңіл адам болғандықтан, тез тіл табысып кеттім.  Өмірімді бисіз елестете алмаймын», дейді «Экспромт» халық би ансамблінің белді мүшесі Карина Хусаинова.