• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Мамыр, 2019

Бірліктің өнегелі үлгісі

890 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада кең көлемде атап өтілген 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге арналған шараға қатысты. Мамырдың алғашқы мамыражай күнінде Қазақ елі монументінің алаңына жиналған астаналықтар мен қала қонақтарының қарасы көп болды. Ұлттық мәдени орталықтардың қызылды-жасылды киінген өкілдері тойдың көрігін қыздырып, ән салып, би билеп бірліктің өнегелі үлгісін көрсете білді.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев елорда тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген сөзінде барша жұртты Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

– Бүгін кең-байтақ Отанымыздың барлық өңірлерінде көктемнің жарқ­ы­раған мерекесі – 1 мамыр – ел бірлігінің мерекесін атап өтіп жатырмыз. Осы ел бірлігі деген қасиетті ұғым мен мереке баршамызға құтты болсын, баршамызға жақсылық пен құт береке әкелсін деп тілеймін. Елімізде ата-бабамыздан қалған «Бірлік болмай, тірлік болмас», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген нақыл бар. Осыны негізге алған халқымыз небір қиын-қыстау жағдайлардан өтіп, кең-байтақ даламызды сақтап қалып, бізге аманат етті. Осы бірліктің арқасында біз тәуелсіз Қазақстанды құрып, ата-баба­ның аңсаған аманатын орындадық, – деді Ел­басы.

Елбасы одан әрі ынтымақ пен бірліктің арқасында Мәңгілік ел ұғымының қалып­тасқандығын атап өтті.

– Қазақ халқы өз тәуелсіздігі үшін қасық қанын аяған жоқ. Сол қағидаға адал болайық, ата-бабамыздың арманын орындайық. Осы жылдар ішінде жет­кен жетістіктеріміздің барлығы – елдің бірлігінің, халықтар арасындағы ты­ныш­тықтың арқасы. Қазақстанның көп­этносты болғанына ешкімнің жазығы жоқ. Сондықтан қазақ халқы елдегі ауызбіршілікке ұйыт­қы болып, өзгелерге қамқорлық көрсетіп, мамыражай тіршілік етудеміз, – деп атап өтті Тұңғыш Президент. 

Елбасы заманауи Қазақстан барлық жетістікке қоғамдағы бірліктің арқасында қол жеткізгеніне тоқталып, бейбіт өмір мен тұрақтылықты бағалауға және сақ­­тауға шақырды.

– Біз – бақытты халықпыз. Бірлігімізді сақтап, тәуелсіздігімізді құрметтеуіміз ке­рек. Даму бағдарламаларымызды жү­зе­­ге асыру еліміздің болашағын одан әрі жар­­қын ете түседі, – деді Тұңғыш Прези­­дент.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемде этнос­аралық қақтығыстардың салдарынан туындайтын қазіргі заманғы сын-тегеу­ріндерге тоқталды.

Расында, болмысы, тілі мен діні басқа жұртшылықтың үні бір жерден шығып, жаһанға тату-тәтті тіршіліктің үлгісі мерекелік алаңда көрініс тапты.

Осы мерекелік іс-шараның ортасында жүрген, күні кеше Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы Төрағасының орынбасары болып тағайындалған елордалық өзбек этно­мәдени орталығының басшысы Шер­зод Пулатовпен тілдескенімізде, ол елі­міздің дамуын осы бірлікпен байланыс­тыра сөйледі.

– Қазақстандағы тату-тәтті тіршілік пен бірлік қазір жер-жаһанға үлгі болып отыр. Барлық этностардың бір анадан ту­ғандай сыйласып, қиыншылықтарды бірге еңсеруіміз досты қуантып, дұшпанды күйіндіреді. Солақай саясаттың салдары­нан қазақ жеріне күшпен көшірілген ұлт­­тардың өкілдеріне қазақ халқы пана болып, бір жапырақ нанымен бөлісіп, аман сақтап қалды. Діні, дәстүрі бөлек жан­дарды құшағына алып, бауырына басты. Міне, қазіргі уақытта Елбасының арқа­сын­да еліміздегі тірлік баянды болып, елі­міз өркендеп келеді, – деді Ш.Пулатов.