Министрлік, Маңғыстау облысы әкімдігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Си Бу» Инженерлі Бұрғылау Компаниясы» ЖШС (Ақтау), авариялық-құтқару қызметтерін көрсетуші «Кәсіби авариялық-құтқару қызметтінің республикалық орталық штабы» ЖШС «Ақ-Берен» Маңғыстау филиалы, сондай-ақ «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің Маңғыстау облыстық испекциясының геофизикалық және жобалық ұйымдар комиссия өкілдері бірлесе отырып «Си Бу» Инженерлі Бұрғылау Компаниясы» ЖШС бұрғылау компаниясы ұсынған жобалық және орындаушы құжаттарға, сондай-ақ грифонды газ-су көрінулері себептеріне нақты талдаулар жүргізген.
Ұсынылған материалдарды қарастыра келгенде, «Си Бу» Инженерлі Бұрғылау Компаниясы» ЖШС ұңғыманы бұрғылау кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғандығы, бұл өз кезегінде газ-су көрінулеріне алып келгені анықталған.
Мердігер ұйым «Си Бу» Инженерлі Бұрғылау Компаниясы» ЖШС-нің ұңғыманы салуға арналған техникалық жобаны және мұнай мен газ ұңғымаларын бекіту жөніндегі әдістемелік нұсқаулардың талаптарын бұза отырып, цементтің қатаюын күтудің белгіленген уақытын күтпестен, ұңғыманың сағасы уақытынан бұрын герметизацияланған екен.
Бұған қоса, атқыламаға қарсы жабдықты (АҚЖ) пайдалануға қатысты өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық акт талаптары сақталмаған.
– «Си Бу» Инженерлік Бұрғылау Компаниясы» тарапынан осы ұңғыманың құрылысын қауіпсіз жүргізуге қажет болған өндірістік бақылау қамтамасыз етілмеген, сондай-ақ компания қызметкерлерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы білім дәрежесі сәйкес келмейді, – дейді Нығметжан Мақажанов.
Тергеп-тексеру материалдары құқық қорғау органдарына берілген. Естеріңізге сала кетсек, «Қаламқас» кен орнындағы өртті жедел сөндіруге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пәрмен беріп, мәселені өз бақылауына алған болатын.