Облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділет Тұрысбектің айтуынша, 2019 жылы өңірде тұрғын үй құрылысын салуға және коммуникация жүргізуге облыстық бюджеттен 29,3 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Жалпы, 70 көппәтерлі, 54 бір қабатты және тұрғындардың өз қаражатына 5000 жеке үй тұрғызу жоспарланған екен. «Жылдың соңына дейін «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1120 пәтер салынып бітеді. Қазір алты үйдің құрылысы бітіп тұр. Бірақ оған әлі тұрғындар қоныстанған жоқ. 20 сәуірдегі мәліметтерге қарағанда, банктен ипотека алуға 547 азаматтан өтініш түскен, оның ішінде 337-сінің өтініші мақұлданған», дейді Ә.Тұрысбек.
Дайын үйлерге тұрғындардың қоныстанбауының бір себебі – өңірдегі несие беруші банктердің облыста салынып жатқан баспаналардан хабарсыздығы. Құрылысы былтыр аяқталса да, тұрғындар әлі кіре алмай әуре-сарсаңға түсіп жүрген үйлердің мәселесі – өз алдына бөлек әңгіме. Құрылыс басқармасы жаңа үйлерге азаматтарды қоныстандыру кестесін екі айға дейін кешіктіріп келеді. Жақында облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы Даниал Ахметов басқарма жұмысын қатты сынға алды. «Жуықта банк басшыларын шақырып, осы мәселені талқылағанымызда несие беруші ұйымдардың салынып жатқан құрылыстан мүлде хабарсыз екендігі белгілі болды. Үйлердің қайда, қанша көлемде салынып жатқаны, сипаты қандай - еш мағлұматтары жоқ. Аймақта тұрғызылып жатқан нысандар туралы толық ақпарат беріңіздер», деп тапсырды облыс әкімі басқарма басшысының міндетін атқарушы мен өзінің орынбасары Бақытжан Баяхметовке.
ӨСКЕМЕН