• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Мамыр, 2019

Өскеменде Жүрсінғали Ахмеров атындағы кабинет ашылды

1428 рет
көрсетілді

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Жүрсінғали Ахмеровтің құрметіне цифрлы гуманитаристика кабинеті ашылды. Салтанатты шараға Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен ғалымның жары Шолпан Тоғысова арнайы қатысты.

Шара алдында тарих және археология саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғылым қайраткері, ұлағатты ұстаз Жүрсінғали Ахмеровті еске алуға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелде сөз алған Қорғаныс министрі бұл шараның тәрбиелік мәні зор екендігін атап өтті. «Жүрсінғали Ахмеров бергенінен берері мол ардақты ұстаз еді. Біз ол кісінің іскерлігін ерекше атап өткіміз келеді. Алдағы уақытта біз тарих ғылымдарының дамуына зор үлес қосқан Жүрсінғали Ахмеровтің тағы бірнеше еңбегін жинақтап, оны цифрландыру жүйесіне енгізетін боламыз»,  деді дөңгелек үстелді ашқан университет ректоры Мұхтар Төлеген.

Жүрсінғали Ахмеровтің жұбайы Шолпан Тоғысова өз сөзінде ғалым бар ғұмырын білім саласына арнап, Зейнолла Самашев сынды білікті археологтардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарғанын тілге тиек етті. «Біз отбасын құрған соң мен Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында жұмыс істедім. Сол кезде ол маған ауырлық салмау үшін балаларға өзі қарады. Кейде балалар ауырып қалса: «Шолпан, қыздарды ауруханаға апарып келе аласың ба?» деп жайлап сұрайтын еді. Сонда мен: «Интернаттағы балаларды қайда қалдырамын, олардың сабақтарын кім оқытады?» деймін ғой күліп. Ол болса: «Онда сен жұмысыңнан қалма. Біздің елімізге білімді балалар керек» деп түсіністік танытып, балаларды дәрігерге қаратуға өзі баратын еді. Алайда ол жұмыстан еш себепсіз қалып көрген емес. Жүрсінғали таңғы бестен тұрып, сабақ беруге тыңғылықты дайындалатын еді. Осыдан-ақ оның жауапкершілігі жоғары, жаны жайсаң азамат екенін байқауға болады», дейді Шолпан Тоғысова. 

Шара барысында Жүрсінғали Ахмеровтің еңбектері жинақталған кітаптың тұсаукесері өтті.