• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Мамыр, 2019

Қостанайда «QOSTANAI. TÝRIZM 2019» аймақтық туризм көрмесі өтті

1407 рет
көрсетілді

Көрме Қостанай облысының туристік әлеуетін көрсетуді, ішкі туризмде әлеуетті әріптестер тартуды басты мақсат етті. Сондықтан көрмені ұйымдастырушы облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының қызметкерлері Қазақстанның өзге облыстарынан, көршілес Ресейдің іргелес аймақтарынан 24 туристік компания мен сарапшыларды шақырды.

Көрме бағдарламасының аясында қатысушылар сарапшылардың кеңесін тыңдады, Қостанайда туристік бизнесін дамытқысы келетін шетелдік әріптестермен келісімдер жүргізді, отандық іскер әріптестермен пікір алмасты.

«QOSTANAI. TÝRIZM 2019» көрмесіне қатысушылар мен келушілер облыстағы туристік бағыттағы «Сосновый бор», «Жайлау», «Евразия» емдеу-сауықтыру орталықтарының, «Глория», «Медеу», «Турист», «Целинная», «Спецназ», «Золотой Фазан» сияқты қонақ үй-мейрамхана кешендерінің өкілдерімен пікірлесті, туристік операторлардан кеңестер алды.

Қостанайда туризм саласы енді дамып келеді. Әзірге оның табысы айтарлықтай емес, әрине. Өткен жылы 1 миллиард 700 миллион теңгенің қызметі көрсетілген. Бұл негізінен емдік-сауықтыру санаторилері мен қонақ үй-мейрамхана кешендерінің қызметінен тұрады.

«Біздің облыста туризмнің емдеу-сауықтыру және аңшылық-балықшылық түрлеріне басымдық беріледі. Ол үшін негізінен Алтынсарин ауданының курорттық аймақтарында және Амангелді, Торғай, Арқалық өңірінде жұмыстар жүргізіледі. Қазір Алтынсарин ауданындағы санаторийлерге жылына 20 мың адам келіп демалып, денсаулықтарын түзейді. Торғай-Арқалық өңіріне жылдың бар маусымында аңшылық жасап, балық аулауға Қазақстанның өңірлерімен қатар, шетелдік туристер де келе бастады. Туризмнің бұл түрін дамыту үшін жолдарды жөндеп, олар тоқтайтын аңшылық үйлерін салу жұмыстары атқарылатын болады» дейді облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының Туризм және лицензиялау бөлімінің басшысы Талғат Көтембаев.

Көрме соңында облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы әріптестермен және басқа да туристік компаниялармен туристік бағыттар жасау және ақпараттар алмасу, барлық аймақта ішкі туризмді дамытудағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.