• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Мамыр, 2019

Арқалықта ауыл жастарының «Көктем көркі – қызғалдақ» форумы өтті

1106 рет
көрсетілді

Еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларындағы тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Арқалық қаласында өткен ауыл жастарының«Көктем көркі – қызғалдақ» облыстық форумы жастарды белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға және олардың арасында патриоттық құндылықтарды дамытуға жұмылдыруды мақсат етті.

Форумның ашылу салтанатында Облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев жастарды облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың атынан құттықтап, форум жұмысына сәттілік тіледі. Арқалық қаласының әкімі Елдар Күзембаев құттықтау сөзінде облыстағы Арқалық жас қала екенін, онда жұмыс істейтін және  оқитын 4 мың жас тұратынын айтты. Екі күнге созылған форумның алғашқы күні облыстың барлық шалғайынан жиналған жастар Арқалық өңіріндегі сакральды орындарға барды және өңірдегі ірі өндіріс кәсіпорындары мен ұйымдарды аралап, ауыл шаруашылығындағы ірі жобалармен танысты.

Екінші күні форумға жиналған өмірдің барлық саласындағы жұмысшы жастар, қызметкерлер төрт секцияға бөлініп, оның жұмысын арнайы Астанадан шақырылған спикерлер Даниил Файзуллаев, Алмас Күмісқалиев, Аслан Төленов, Даниэль Душманов жүргізді. Онда жастардың көшбасшылығы, әлеуметтік желілердегі жастар саясаты, жеке тиімділік, технологиялық кәсіпкерлік жөнінде және ауыл жастары үшін өзекті деген тақырыптарға әңгіме өрбіді, тренингтер өткізілді. Форумда ауыл жастарына тиімді кәсіби бағдарлар берілді, ол өндірістерде инновациялық жобалар жасауға қанаттандырады, жастар бизнесінің өрісін кеңейтіп, олардың тұлғалық және интеллектуалдық әлеуетінің артуына ықпал ететін болады.