• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Мамыр, 2019

Маңғыстауда Бас имам оразаға қатысты брифингке қатысты

995 рет
көрсетілді

«Өңірлік Коммуникациялар Қызметі» алаңында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Смайыл Сейтбеков айлардың сұлтаны Рамазан айында жасалатын құлшылықтар мен биылғы оразада болатын өзгерістерге қатысты мәлімет берді.

Рамазан – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Бұл айда ислам дінін ұстанатын барлық халық дәстүрлі түрде таң атқаннан күн батқанға дейін өзін тамақтан тияды. Биылғы рамазан айындағы өзгерістерге қатысты түсініктеме беріп кеткен С.Сейтбеков қасиетті Рамазан айының ерекшеліктері мен оған маңғыстаулықтардың дайындығы туралы тоқталды.  

- Биылғы ораза алдыңғы жылға қарағанда 10-11 күн ерте келеді. 2019 жылы Рамазан айы 6 мамырда басталып, 4 маусымға дейін жалғасады, былтыр 29 күн ауыз бекіткен болсақ, биыл 30 күн ораза ұстайтын боламыз.  Қадір түні мамырдың 31 нен маусымның 1-не қараған түн деп белгіленді. Биылғы пітір садақаның ең аз мөлшері орташа есеппен  300 теңгені құрайды. Дегенмен,  адамдар белгіленген мөлшерде қайырымдылық жасай алмаса, онда олар шамасы келгенше садақа беруге де болады. Ал, бұл қаражат жағдайы жоқ адамдардың да осы мерекеге дайындалуы үшін мешітке немесе мұқтаж жандардың тікелей өзіне тапсырылады. Алайда, мұқтаж жандарға ақша емес, арпа, күріш, құрма, ұн секілді азық-түлік беруге де болады,  дейді  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Смайыл Сүйерқұлұлы.

Сонымен қатар, ауызашарда ысырапшылдыққа жол бермеу керек деген бас имам:

- Қасиетті рамазан айында сауабы мол амалдың бірі – ауызашар беру. Қазіргі таңда облысымызда ұжым болып мешітте ауызашар беру үрдіске айналып келеді. Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген — ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді. Ауызашар беруде ең бір есте шығармауға тиісті ережеміз – ысырап жасамау. Оны жұртқа жария қылып немесе біреуден озып, кісі алдында мақтану емес, ораза ұстаған адамның сауабын алу үшін шын ниетпен беру. Қасиетті рамазан айында Алла разылығы үшін ауыз ашар бергенде бәсекелестікке бой алдыру өте қате амал. Ауызашарда ас та төк тамақ қою міндет емес, - деді ол.