Брифингте Мәулен Әшімбаев Орталық сайлау комиссиясының шешімінен кейін Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына Nur Otan партиясынан кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабы құрылғанын айтып, оны басқаруды Қасым-Жомарт Кемелұлы өзіне жүктегенін мәлімдеді.
Республикалық қоғамдық штабтың құрамына: Халық Қаһармандары: Мұхтар Алтынбаев, Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері: Иван Сауэр, Айман Мұсақожаева, Серік Ақшолақов, Юрий Пя, Мемлекет және қоғам қайраткерлері: Кенжеғали Сағадиев, Әділ Ахметов, Сансызбай Есілов, Бақытжан Жұмағұлов, халықаралық спорттық сайыстарда еліміздің атын шығарып, абыройымызды асқақтатқан спортшыларымыз: Жақсылық Үшкемпіров, Александр Винокуров, Айбек Нұғымаров, Зүлфия Ғабидуллина, Әлия Жүсіпова, Қанат Ислам және Динара Сәдуақасова, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері Аружан Саин, Динара Шәйжүнісова, Динара Зәкиева, белгілі өнер қайраткерлері: Роза Рымбаева, Досxан Жолжақсынов, Алтынай Жорабаева, Майра Мұxамедқызы, Самал Еслямова, Сәкен Майғазиев, Қыдырәлі Болманов, Тамара Асар сынды әншілер мен әртістер, ал журналистердің арасынан Дарxан Қыдырәлі, Нұртөре Жүсіп, Дана Нұржігіт, Майя Бекбаева, Қалқаман Сарин сияқты қаламгерлер мүше болды. Сондай-ақ Республикалық штабтың құрамында Парламент депутаттары да бар.
Республикалық қоғамдық штабтың басшысы алғаш рет қоғамдық штабтың TeamQazaqstan жастар қанаты да құрылғанын айтты. Осы ретте Республикалық қоғамдық штабтың құрамындағы 187 адамның 33-і жастар қанатының өкілдері екенін айта кеткен жөн.Жиында бүгінде еліміз бойынша 227 қоғамдық штаб құрылғаны айтылды. Оның 17-сі – облыстық, 37-сі – қалалық және 173-і аудандық деңгейде жұмыс істейді. Аймақтық және аумақтық штабтардың құрамына 5766 адам енсе, оның 1267-сі жастар қанатының өкілдері.
М.Әшімбаев аталған штабтар мүшелерінің бәрі Nur Otan партиясынан Қазақстан Президенттігіне кандидаттың сенім білдірілген өкілдері екенін ерекше атап өтті.
– Еліміз бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлының 19 500-ден астам сенім білдірілген адамы тіркелді, – деді Республикалық қоғамдық штабтың басшысы. Сондай-ақ ол өз сөзінде барлық штабта кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейтінін, онда азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары қабылданатынын жеткізді. Одан бөлек, Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері 13 мамырдан бастап барлық өңірге шығып, халықпен кездесетініне назар аударды.М.Әшімбаев партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жоғары деңгейде, креативті, тиімді, заманауи технологияларды қолданып нәтижелі өткізуге дайын екенін жеткізді.
– Елбасы, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл сайлау әділ әрі ашық, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, халықаралық нормаларға сай, жоғары деңгейде өтуі керек. Партиямыз сайлаудың ашық әрі әділ өтуі үшін барлық шараны жүзеге асырады. Ол үшін біз Орталық сайлау комиссиясымен, отандық және халықаралық байқаушылармен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз жұмыс істеуге дайынбыз, – деді М.Әшімбаев.
Сөзінің соңында ол еліміздің ірі саяси науқанның алдында тұрғанын айтып, бұл барша қазақстандықтар үшін жауапкершілік екенін тілге тиек етті.
Іс-шара барысында Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері: белгілі қоғам қайраткері, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма төрағасы Абай Байгенжин, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы, Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Абылай Мырзахметов, қоғам қайраткері, қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин және «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының жүргізушісі, блогер Әйгерім Есенәлі сөз сөйлеп, алдағы саяси науқанға тас-түйін дайын екендерін жеткізді.