Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы мәселе қаралып, Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина қаулы жобасымен таныстырды. Ол Nur Otan партиясы 2019 жылғы 23 сәуірде Орталық сайлау комиссиясына Қасым-Жомарт Тоқаевты Президенттікке кандидат ретінде ұсыну туралы құжаттарын берді, деді. Сондай-ақ кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау туралы Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігі анықталып, оған азаматтардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтары берілді, деді.
Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы Қазақстанның барлық 17 өңірінен Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға 315 910 азаматтың қолы жиналып, оның 313 653-і
дұрыс деп танылғанын хабарлады. Жалпы, Орталық сайлау комиссиясының талаптарына сай, кандидатты қолдау үшін қажетті қол саны кемінде 118 140 болуы керек. Демек, Қасым-Жомарт Тоқаевты Президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжат Орталық сайлау комиссиясына ұсынылған және қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді. Сөйтіп аталған қаулы негізінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелді. Ал Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиісті куәлікті табыс етті.
Бұдан кейін аталған сайлауға Сәді-Бек Түгелді Президенттікке кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы жобасы тыңдалды. Ол баяндаманы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешов жасады. Баяндамашы 2019 жылы 22 сәуірде «Ұлы Дала Қырандары» рес-
публикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігі Орталық сайлау комиссиясына Президенттікке кандидат ретінде Сәді-Бек Түгелдің құжаттарын ұсынғанын айтты. Осы құжаттар негізінде оның Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігі анықталып, оған азаматтардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтары берілген.Сөйтіп Орталық сайлау комиссиясына республика бойынша азаматтардың жиналған қолдарын тексеру нәтижелері жөнінде хаттама ұсынылған. Осы хаттамалар негізінде Президенттікке кандидат ретінде Сәді-Бек Түгелді қолдауға елдің барлық өңірінен 122 102 азаматтың қолы жиналып, олардың 120 175-і дұрыс деп табылған. Осылайша Сәді-Бек Түгелді Президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді деп ұйғарылды. Сөйтіп Сәді-Бек Түгелді Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы» қаулы қабылданып, оған тиісті куәлік табыс етілді.
Бұдан кейін Амангелді Таспиховты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу талапқа сай өтті. Қаулы жобасы туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина баяндама жасады. Ол 2019 жылғы 25 сәуірде «Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі Орталық сайлау комиссиясына Президенттікке кандидат ретінде Амангелді Таспиховтың ұсынылған барлық қажетті құжаттары анықталып, қабылданғанын жеткізді. Осы құжаттардың негізінде Амангелді Таспиховтың заң талаптарына сәйкестігі анықталып, оған азаматтардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтары берілген. Сөйтіп, ел бойынша Амангелді Таспиховты қолдаған 122 770 азаматтың қолы жиналып, олардың 119 577-і талапқа сәйкес деп танылды. Соның негізінде қаулы қабылданып, Амангелді Таспиховқа кандидат куәлігі берілді.
Сол секілді Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына Дания Еспаеваны Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы мәселе қаралып, оны Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина таныстырды. 2019 жылғы 25 сәуірде Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы Президенттікке кандидат ретінде Дания Еспаеваның құжаттарын ұсынды. Республика бойынша кандидат Дания Еспаеваны қолдаған 144 098 азаматтың қолы жиналған, олардың 139 541-і рас болып танылды. Сондықтан Дания Еспаева да Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеліп, оған тиісті куәлік берілді.