• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Технология 06 Мамыр, 2019

Ақылды технология есебінен алға басады

1048 рет
көрсетілді

Толайым табысты молайтудың жолдары көп. Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында атап көрсеткендей, агро­өнер­кәсіп кешеніне «ақылды технологияларды» енгізу – бүгінгі басты талаптардың бірі.
Ауылшаруашылық тауарын өндірушілер де экономиканы жеделдетуге бағытталған цифрлық индустрияландыруды талапқа сай жандандыра білсе, дәстүрлі салаларды дамытуға тың серпін берумен қатар еңбек өнімділігін арттыруға да, бәсе­келестікті нығайтуға да, сырт­қы нарық көздерін іздестіруге де айтарлықтай ықпал етерін жақсы түсінеді. Озық елдердің тәжірибесі «ақылды техноло­гия­лар» мен цифрландыру ұлт­тық факторға айнала баста­ғанын айқын байқатады.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің тікелей бастамасымен Оқушылар сарайында іс­кер ойындар форматы үлгісін­де өткен семинар­да аграр­лық секторды эко­номиканың жаңа драйверіне айналдыру, ірі экспорттық өнім өндірушілер қатарына қосылу, шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығару сатысына көтерілу, өзекті мәселелердің оңтайлы шешім табуы айналып келгенде, озық әдіс-тәсілдерді жедел меңгеруге, өн­діріске енгізуге тікелей байланысты екені атап көрсетілді. Аталған ведомствоға қарасты мемлекеттік қызметті дамыту және цифрландыру депар­таменті директорының орынбасары Бернат Алпысбеков, облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов, «Нұркен-Агро» ЖШС же­текшісі Қанат Сыздықов, «Атамекен-Агро-Шұқыркөл» аг­ро­фир­ма­сы­ның басшысы Арман Абайділ­дин, М.Қозыбаев атын­­дағы Солтүстік Қазақстан мем­ле­кеттік университеті ауыл шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі, профессор Күл­барам Баязитова, тағы бас­қа қатысушылар жергілікті жер­лерде қалыптасқан оң үр­діс­терді, орныққан тәжіри­белерді арқау ете отырып, өз ойларын нақты мысалдармен сабақтады. АӨК саласында жүзден астам қызмет­тің цифрлы форматқа көші­рілуі нәтижесінде өтінім­дерді қарау мерзімі 2,5 есеге дейін қысқарған. Жаңашыл­дықтардың біріне электрон­дық тауарлық және қаржылық қол­хаттарды, «блокчейн» тех­нологиясын, онлайн-тапсырыс беруді, онлайн-трей­динг жүйелерін жатқызуға бола­ды. АӨК өнімдерін қадаға­лау­дың «егістіктен үстелге де­йін» жүйесін, электронды сауданы толық форматта енгізу жоспарланған. 

Ырыс жолын тауып, бұлақ көзін селдетудің бір ұшы ғылымға келіп тірелетінін жоқ­қа шығару қиын. Өздерінің бизнес-жобалары мен озық бағ­дар­ламаларын ұсынып, өзара талқыға салған команда мүше­лерінің алдымен ғылым жетіс­тіктеріне жүгінгендері сон­дықтан. «Ақылды фермалар», «дәлме-дәл егіншілік» жүйе­лері аз шығын жұмсап, мол өнім алудың тиімді тәсілі болатынын алға тарта отырып, ауылшаруашылық жерлерін талапқа сай игерудің жолдарын ортаға салды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғалымдары «Петерфельд-Агро», «Шағала-Агро» серіктестіктерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, қуантарлық нәтижеге қол жеткізіп келеді. Бұл шаруашылықтарда электронды топырақ карталары, агрохимиялық картограммалар кеңінен қолданылады. Егіншілік мәдениетін жетілдіру, ауыспалы егіс жүйесін қатаң сақтау нәтижесінде жанар­май, минералды тыңайтқыштар шы­ғыны әлдеқайда кеміген. Мәселен, отын датчиктерін орнату арқылы жанар-жағармай ұрлығына тосқауыл қойылған. Нақты метеодеректер, сенсорлар, ғарыштық мониторинг, бас­қа да шешімдер көктемгі, күзгі дала жұмыстарының уақты­лы атқарылуын тездеткен. Зиян­кес­термен күресудің, егін егу мен астықты жинаудың бол­жам­ды мерзімдері де тез айқындалады. 

«SMART» фермалар ар­қылы адам күшін барынша азайтып, сауылған сүт мөл­шерін анықтау, дәрі-дәрмекпен қамту, жемдеу, электронды чип тағу секілді нақты мал шаруа­шылығы элементтері енгізілген. «Қазэкспортастық» холдингіне қарасты шаруашылықтардың бірі «Атамекенде» табыс 6,4 миллиард теңгеден 20 миллиард теңгеге дейін артқан. Аққайың ауданында «Иван Зенченко» ЖШС құны 700 миллион болатын 632 басқа арналған «ақылды» сүт фермасын іске қосқан. 

Семинарға қатысу­шылар цифрландыру жемқор­лық­ты еңсеруге, субсидиялауды жеңілдетуге, автоматтан­ды­рылған жүйелерді кеңінен ен­гізуге, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға да қолайлы мүмкіндіктер беретінін жан-жақты сарапқа салды. Солтүстік Қазақстан облысы