Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі Лингвистикалық комиссия отырыстарында жан-жақты анықталды. Осыған орай Президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбековтің, Жамбыл Ахметбековтің және Әміржан Қосановтың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігі анықталып, оларға азаматтардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтары берілді.
Сол сияқты президенттікке кандидаттар Орталық сайлау комиссиясына кірістері мен мүлкi туралы декларация тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасын, оларды тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды мен аумақтық сайлау комиссияларының президенттікке кандидаттарды қолдап жинаған азаматтардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамалары ұсынылды. Мәселен, осы хаттамаларға сәйкес президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбековті қолдап Қазақстанның 15 өңірінен 122 309 азаматтың қолы жиналды, олардың 120 754-і рас деп танылды. Осылайша Төлеутай Рақымбековті президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келетіндігі белгіленді.
Ал президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековті қолдап, Қазақстанның 16 өңірінен 138 294 азаматтың қолы жиналған, олардың ішінен 135 506 қол рас болып есептелінді. Аумақтық сайлау комиссияларының президенттікке кандидат Әміржан Қосановты қолдайтын азаматтардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамаларға сай Әміржан Қосановты қолдап, Қазақстанның 14 өңірінен оны президенттікке қолдайтын 131 189 азаматтың қолы жиналған, олардың ішінде 129 582 қол рас болып танылды.Міне, осылардың негізінде «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына Төлеутай Рақымбеков пен Жамбыл Ахметбековті және Әміржан Қосановты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы» жеке-жеке қаулы қабылданып, оларға тиісті куәлік берілді.
Бұдан кейін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина өз баяндамасында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-2-бабына сәйкес шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша жүзеге асырады», деді. 2019 жылғы 29 сәуірде, 2 және 3 мамырда Сыртқы істер министрлігінен 45 байқаушыны аккредиттеуге ұсыныстар келіп түскен. Олардың барлығы аккредиттеуге шығарылып отыр. Олардың ішінен: 7 байқаушы – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын, 22 байқаушы – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан; 12 байқаушы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясынан, 4 байқаушы – Ислам ынтымақтастығы ұйымы миссиясынан аккредиттелмек.
Бұдан әрі Зәуреш Баймолдина ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мен ТМД миссияларының ақпаратына сәйкес сайлауға 700-ден астам қысқа мерзімді байқаушыны жіберу жорамалданып отырғанын және аккредиттеуге ұсыныстардың түсуіне орай байқаушылар жөніндегі деректер жаңартылатынын айтып өтті.
Сондай-ақ бүгінгі күні Сыртқы істер министрлігіне сайлауды жария ету үшін шетелдік тілшілерден 53 өтінім түскен. Жалпы алғанда, қазіргі күні Сыртқы істер министрлігінде тұрақты негізде 28 шетелдік бұқаралық ақпарат құралының 94 журналисі аккредиттелді. Соған сәйкес миссиялардың басшылары болып: ТМД-дан Байқаушылар миссиясы – ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, ТМД қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан байқаушылар тобы – Бас хатшы – ТМД ПАА Кеңесі Хатшылығының басшысы Дмитрий Кобицкий, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Сайлауды байқау жөніндегі миссиясы – Уршула Гацек (Польшаның Еуропа Кеңесіндегі бұрынғы елшісі, Польшаның Нью-Йорктегі Бас консулы, Сейм депутаты), Шанхай ынтымақтастық ұйымынан Байқаушылар миссиясы – Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Владимир Имамович Норов; Ислам Ынтымақтастығы Ұйымынан Байқаушылар миссиясы – елші, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саяси мәселелер жөніндегі департамент директоры – Махмұд әл Раиси (Оман) бекітілді.