• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Мамыр, 2019

Қуатты армия – мемлекет қалқаны

1577 рет
көрсетілді

Тәуелсіз еліміздің шебі бекем, шекарасы бүтін болуы үшін қалтқысыз қызмет ететін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына – биыл 27 жыл. Осы уақыт аралығында ұлан-ғайыр даламызды қапысыз қорғауға қауқарлы кәсіби сарбаздар мен заманауи техникамен жарақтанған айбынды армиямыз аяғынан нық тұрды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел алдында егемендігіміз бен шекарамыз­дың тұтас­тығын қамтамасыз етуге әлеуетті әс­кер­імізді жасақтау міндеті тұрды. Сон­дай сын сағаттарда буыны қатаймаған мем­лекетті басқарған Тұңғыш Президент Нұ­р­сұлтан Назарбаев тарихи шешімдер қа­был­дап, ел көшін жарқын келешекке бас­тады. Қазақстан тарихындағы маңызды дата­ның бірі – 7 мамыр. Дәл осы күні, 1992 жылы Мемлекет басшысының «Қазақ­стан Республикасының Қарулы Күш­­терін құру туралы» және «Қазақстан Рес­­пуб­ликасы Мемлекеттік Қорғаныс ко­ми­тетін Қазақстан Республикасының Қор­ғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы» Жарлықтары шықты. Ал Қорғаныс министрі болып Кеңес Одағының Батыры, Ха­лық Қаһар­маны, армия генералы Сағадат Нұрмағам­бетов тағайындалды.

Араға бір жыл салып, Елбасы мемлекет­тің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Қазақстан Республикасы­ның қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Заңға қол қойды. Сөйтіп Қарулы Күштердің құра­мы анықталды. Сол тұста оған әскери бас­қару органдары, Құрлық әскерлері, Әске­ри-әуе күштері, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері, Әскери-теңіз күштері, Тыл, Азаматтық қорғаныс басқармасы мен бөлiмдерi кірді. Сондай-ақ Қарулы Күш­­тер ықтимал соғыс жағдайында ҰҚК Шекара әскерлерін, ІІМ Ішкі әскер­ле­рін, Рес­публикалық ұланды және Аза­мат­­тық қорғаныстың басқару органдары мен бөлiмдерiн қамтиды. Бұған қоса, Мем­лекет басшысы Жоғарғы Кеңестің құрылы­мын­да Ұлттық қауіпсіздік және қорға­ныс ко­митетін құру туралы ұсынысты мақұлдады.

Елбасының стратегиялық шешімдері еліміздің жаңа Қарулы Күштерінің құры­луы­на негіз болды. Оның қатарында ядро­лық қарудан бас тарту туралы шешімін бөлек атап өткен жөн. Нұрсұлтан Назар­баевтың Жарлығымен Семей ядро­лық полигоны жабылды. Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық әлеуетке жеткізетін Кеңес­тің әскери мұрасынан бас тартты. Ол жердің кез келген нүктесіне жету­ге қауқарлы 1200 ядролық оқтұмсығы бар 110-нан аса баллистикалық зымыран еді. Осылайша Тұң­ғыш Президент елінің тыныштығы мен гүл­денуін саяси амбиция­лардан жоғары қойды. Бұл қазақстандық армия үшін де тура жол болды, өйткені ядролық күшке арқа сү­йемей, жаңадан әскери әлеуетті қа­лып­тас­тыруға күш салды.

Осыдан тура 20 жыл бұрын, 1999 жылы 7 мамырда Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы елордаға қоныс аударды. Жаңа ғасырдың басында 2000 жылғы ақпанда екінші Әскери доктрина бекітіліп, Қарулы Күштерді құру және реформалаудың ба­сым бағыттар нақтыланды. Сол жылы Тұңғыш Президент Қазақстан армия­сының әскери әлеуетін жақсарту үшін өзгерістер енгізіп, Қарулы Күштер қай­тадан Жалпы мақсаттағы күштер және Әуе қор­ғанысы күштері болып екі түрлі құры­лымға бөлінді. Жалпы мақсаттағы күш­терге Зымыран әскерлері мен артиллерия және Әуе шабуы­лына қарсы қорғаныс әскер­лері кірді. Бір жыл­дан соң Қорғаныс министр­лігі мен Бас штабтың функциялары бөлінді.

Ал 2003 жылдан бастап Қарулы Күштер үш түрлі құрылымнан – Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштерінен құралды. Мобильді күштер негізінде әскердің жаңа түрі – Аэроұтқыр әскерлері жасақталды. Зымыран әскер­лері мен артиллерия жеке әскер ретін­де құрылды. Сондай-ақ Штаб бастықтары­ның комитеті құрылып, әскери округтер «Астана», «Шығыс», «Батыс» және «Оңтүс­тік» өңірлік қолбасшылықтары болып қайта құрылды.

Мемлекет басшысы ықтимал қауіп-қатерлерге қарсы жедел әрекет ететін ХХІ ғасырдың армиясын құру туралы талап қойды. Сондықтан Қарулы Күштерді одан әрі жетілдірудің басым бағыты – әскерді кәсібилендіру болып белгіленді. Осы мақсатта 2007 жылы жаңа Әскери доктрина бекітілді. Онда алдыңғы әскери құжаттың негізгі тезистері сақталып, соңғы жеті жылда әлемде болған өзгерістер, мемлекет­тер басшыларының әскери қауіп­сіз­дік­ті қамтамасыз ету саласындағы ба­сым­дық­тарға көзқарасының өзгеруі ескерілді.

2017 жылы қыркүйекте жарияланған бесінші Әскери доктринада ішкі тәртіпті қамтамасыз етуге баса назар аударылды. Соңғы құжатта қазіргі заманғы саяси жағдай қаперге алынып, Қазақстан өзі­нің аумақтық тұтастығы мен егемендігін сақтауға, терроризмге, заңсыз қарулы құрылымдарға қарсы күрес жүргізуге да­йын екендігі айтылады.

Сонымен қатар әскери саладағы өз­герістер білім беру бөлімдеріне оң ық­палын тигізді. Қазір Қазақстанның әске­ри саласында халықаралық стандарт­тарға сәйкес келетін әскери кадрларды даяр­лаудың ұлттық жүйесі қалыптасты. Әскери білім беру үш деңгейлі Болон жүйесі: бакалавриат, магистратура, докторантура негізінде іске асады. Кадрлық әскери қызметкерлер Ұлттық қорғаныс университетінде, Құрлық әскерлерінің әскери институтында, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік инс­титутында, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында даярланады. Бұған қоса кәсіби сержанттарды шыңдайтын Кадет корпусы және республикалық әскери мектептер желісі жұмыс істейді. 

Бүгінгі таңда Қазақстан армиясында белгіленген міндетті орындауға қауқарлы заманауи техника үлгілері бар. Соңғы жылдары қару-жарақ қатарын шеттен алдырған БПМ-97 және «Кобра» секілді оқ өткізбейтін машиналар мен қазақстандық өндірістен шыққан өздігінен жүретін «Семсер» артиллериялық қондырғысы, 120-мм «Айбаг» минометтері секілді жаңа техникалар толықтырды. Әуе қорғанысы күштеріне МиГ-31, Су-27С көп нысанды жойғыш, Су-24М, Су-25, Су-30СМ бомбалаушылар, Eurocopter EC145, Ми-171Ш, Ми-24 тікұшақтары және тағы басқа техникалар қосылды. Ал Әскери-теңіз күштерінде «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» зымырандық-артиллериялық кемелері, «Жайық» гидро­графикалық кемесі бар.

Қарулы Күштердің, әскер мен әскери құрылымдардың қажеттіліктеріне сәйкес отандық кәсіпорындардың мүмкіндіктері мен даму көкжиегін кеңейту, олардың өнімдерін нарықта алға жылжыту мақса­тында былтыр Нұр-Сұлтан қаласында «Kadex» көрмесі өтті. Бұл халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктер көрмесінде әлемнің 28 елінен келген 318 кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды.

Биыл 15 сәуірден бастап осы күнге дейін жалғасқан «Айбалта» стратегия­лық командалық-штабтық оқу-жаттығуы­на жалпы 8 мыңға жуық әскери қызмет­ші мен 2 мыңнан аса бірлік қару-жарақ пен әскери техника тартылды. Бұл оқу-жаттығу жиынының барысымен Қазақ­стан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі барып, танысып қайтты. Онда шартты түрде түрлі қақтығыстар орын алып, сайдың сақпан тасындай сарбаздар жауынгерлік іс-қимылдарын шебер көрсетіп, әскери дайындықтарын пысықтады. Мемлекет басшысы бұл іс-шарада Қазақстанның Қарулы күштері­нің қуаты көрсетілгенін, күшті әрі мобиль­ді армиямыз елдің сенімді қалқаны әрі тірегі екенін айтып, қазақстандықтарды Отан қорғаушы күні және Жеңіс күні мерекелерімен құттықтады.