Бүгін әйелдерге жарқын әскери мансап құруға және Отанымыздың толық құқылы қорғаушылары болуға мүмкіндік берілген. Мысалы, Израильдағыдай әскерге шақырылу міндетті болмаса да, қазақстандық қыздар Қарулы Күштер қатарында қызмет етеді. Бүгінгі күні статистикалық деректер бойынша, армиядағы әйелдердің үлесі барлық әскери қызметшілердің санының 11 пайызын құрайды.
Әскери қызметтің күрделі жағдайларына және жоғары жауапкершілікке қарамастан, әйелдер еліміздің Қарулы Күштерінде ерлермен бірге мансаптық сатымен ілгерілейді және Қорғаныс министрінің кеңесшісі, өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының орынбасары, департамент бастығы және басқа да жоғары басшылық лауазымдарды атқарады.
Әйелдер қауымы өкілдерін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің барлық түрлері мен тектерінде кездестіруге болады. Қазақстанның армиясында қыздар тек медбикелермен, байланысшылармен және іс жүргізушілермен кауымдасудан әлдеқашан қалған. Бүгін Отанымызды қорғау ісінде ұшқыш, мерген, барлаушы және басқа да қыздар жүр.
Қарулы Күштерде алғашқы рет аға ұшқыш – авиациялық эскадрилья авиациялық буынының нұсқаушысы лауазымына әйел лейтенант Ардана Әміржанқызы Ботай тағайындалды, ол жауынгерлік ұшақты кәсіби түрде басқарады.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 44736 әскери бөлімінде аға барлаушы-маман лауазымында сержант Әсем Сіләмқызы Жәкенова қызмет өткереді. Үздік жауынгерлік және арнайы даярлығы үшін мемлекеттік награда – «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталды.Әскери-теңіз күштерінде ерлермен қатар әскери корабль экипажының құрамында міндеттерді орындайтын қыздар қызмет етеді.
Әскери қызметші әйелдердің әлемдік деңгейде Қазақстанның имиджі мен беделін нығайтуға қосқан үлестерін атап өткен жөн. Жыл сайын біздің армиямыздың нәзік өкілдері ерлермен қатар әртүрлі халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығуларға белсенді түрде қатысады. Лейтенант Зәмзәгүл Файзоллақызы Файзолланова дзюдо және қазақша күрестен Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы. Майор Ольга Рыпакова – еліміздің және Қарулы Күштердің мақтанышы. Жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы, үш орденнің иегері.
Одан басқа, Қарулы Күштерде әскери білім және ғылым саласында өздерінің мансаптарын жалғастырған әйелдер әскери қызмет өтейді, олар әскери ғылымды дамыту мәселелерімен тікелей айналысады және олардың ғылыми дәрежелері бар. Олар – экономика ғылымдарының докторы А.Н.Төлембаева, тарих ғылымдарының кандидаттары, майор Н.С.Ысқақова және А.Қ.Төгісова.
Әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін БҰҰ айқындаған талаптарға сәйкес Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасының Парламенті бекіткен БҰҰ-ның миссияларына әскери байқаушылар және штабтық офицерлер ретінде қатысуы үшін әскери қызметшілерді жіберу жөнінде жұмыс жүргізеді.
Бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы әйелдердің рөлі өте маңызды және ерекше орын алады, себебі әйелдер бүкіләлемдік сана деңгейінде отбасының ұйытқысы, бейбітшіліктің, қауіпсіздік пен тыныштықтың кепілі.Қарулы қақтығыстарда әйелдер мен балалар көптеген қылмыстың объектісі, соның салдарынан олар дене жарақатын ғана емес, психологиялық «жарақаттар» да алады.
Әйелдер мен балалардың қылмыстық бұзушылық зардаптарын жеңуде оларға психологиялық жәрдемді бірінші болып бітімгерші әйелдер көрсетеді. Осылайша әскери қызметші әйелдердің әскери компонент құрамында болуы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуда маңызды рөл атқарады.
2018 жылы төрт әскери қызметші әйел іріктелді және тиісті бітімгершілік даярлықтан өтті.
Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі саласындағы әйелдер рөлін дамытудың жаңа парағын бірінші офицер әйел болып Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Кадрлар және әскери білім департаменті бөлімінің офицері, майор Шолпан Тауышова ашты, ол 2018 жылы желтоқсанда әскери байқаушы ретінде Батыс Сахараға Референдум өткізу жөніндегі БҰҰ-ның миссиясына жіберілді. Биылғы ақпанда Батыс Сахараға екінші әскери қызметші әйел болып капитан Айжан Жасұзақова аттанды.
Қарулы Күштерде мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту ісінде сіңірген еңбегі үшін әскери қызметші әйелдер жыл сайын мемлекеттік наградалармен марапатталады. 2000 жылдан бері 34 әйел наградталды, оның ішінде 2017 жылы – 9 әйел, 2018 жылы – 5 әйел.Әскери атақ беру әскери қызметшілердің мансаптық өсуінің басты аспектісі және жеке басының ынтасы болып табылады. Кезекті әскери атақтарды мерзімінен бұрын беру ерекше рөл атқарады. Әскери борышын үлгілі орындағаны үшін барлығы 33 әскери қызметші әйелге әскери атақтар мерзімінен бұрын берілді.
Қорытындылай келе, бүгінде қазіргі заманғы армияны әйелдерсіз елестету қиын екенін атап өткім келеді. Кейбір міндеттерді өздерінің ерекшеліктеріне қарай олар ерлерге қарағанда анағұрлым жауапты және тиімді орындайды. Әйелдер қауымы өкілдеріне армияда орын бар ма деген сұрақ өзекті емес деп санауға болады. Армиядағы әйел – аналық қамқорлық пен жоғары жауапкершіліктің бейнесі символы.
Мүсілім АЛТЫНБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант