Биылғы пленарлық отырыстарда «Жаһан(сыз)дану: әлем дамудың жаңа үлгісін іздеуде», «Тұтыну дағдарысы», «Масс-медианың цифрлық шынайылығы: сынақты қабылдай аламыз ба?» «АІ дәуірі: адамзаттың құлдырауы әлде гүлденуі?», «Сенім дағдарысы. Күштердің жаһандық бөлінісі», «Блогерлер: виртуалдық әлемнің жаңа рок-жұлдыздары ма?», «Заңсыз-заңды: марихуана қолжетімді!» тақырыптары талқыға түседі.
Сондай-ақ жиын барысында «Орталық Азиядағы аймақтық интеграция» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіледі. Онда Орталық Азия елдерінің жаңа бірлестігінің болашағына сарапшы көзқарас білдіріледі.
Ұйымдастырушылар форумға 19 елден шетелдік спикер, еліміздің мемлекет қайраткерлері мен айтулы сарапшыларының қатысуын күтуде. Басқосуға АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Австралия, Германия, Ресей, Грузия, Польша, Украина, Австрия, Қытай, Эстония, Словения, Сент-Винсент және Гренадин, Ливан, Андорра, Найроби, ОАР, БАӘ өкілдері қатысады.
Биылғы спикерлер қатарында эстон саясаткері, Эстонияның экс-президенті (2006-2016 жж.) Хендрик Ильвес (Эстония), Орталық барлау басқармасының басшысы (1993-1995 жж), қуатты сақтау бойынша сарапшы, GenieEnergyLtd. стратегиялық кеңесшісі, SivaPower, Inc. Директорлар кеңесінің мүшесі Роберт Джеймс Вулси, конгрессмен, Пенсильвания округы атынан республикашыл (1987-2007 жж.) Уэйн КертисУэлдон (АҚШ), Ресейдегі Facebook, Instagram және Messenger аймақтық директоры Анна-Мария Тренева (Ресей), футурист және «Мәшинелер көтерілісі», «Зерттеу авторлары – жасанды ақыл-ойды жасаушылардың шындығы» кітаптарының авторы Мартин Форд (АҚШ), журналист, ТАСС бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусман (Ресей), журналист, «Гордон бульвары» газетінің бас редакторы, «ГОРДОН» интернет-басылымының негізін салушы Дмитрий Гордон (Украина), тәуелсіз журналист және «IlvesInternational» бас директоры АндресИльвес (Оңтүстік Африка), CGTN бағдарламасының авторы және жүргізушісі Стивен Коул (Ұлыбритания) бар.
Форум аясында медиа саладағы кәсіби тақырыптар, атап айтқанда, журналистиканың цифрлық дүинедегі келешегі мен блогжүйе ықпалының күшеюі сөз болады.
Еуразиялық Медиа Форумының (ЕАМФ) басты мақсаты – Орталық Азиядағы жетекші әрі тәуелсіз диалог алаңы ретінде Қазақстан, Еуразия және бүкіл халықаралық қауымдастықты толғандыратын геосаяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері бойынша саясаткерлер, журналистер мен сарапшылардың пікірталасына жол ашу.
АЛМАТЫ