• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Мамыр, 2019

Мұхит Тұрсынов «Қызылжар барысы» атанды

1658 рет
көрсетілді

Атақты велошабандоз, Олимпиада чемпионы А.Винокуров атындағы спорт сарайында қазақ күресінен «Қызылжар барысы-2019» турнирінің облыстық кезеңі өтті.

Осымен жетінші рет ұйымдастырылған айтулы додаға сайдың тасындай іріктелген 30 боз кілем шеберлері қатысып, 90 келі және одан жоғары салмақ дәрежесі бойынша өзара күш сынасты.

Аққайың ауданының үкілеп қосқан үміті Алмат Қонақбаев қарсыласын таза жеңді.Тайыншалық Рустам Жұмаев та екінші айналымға еш қиындықсыз өтті. Ол–тәжірибелі балуан, кезінде «Қызылжар барысы» атағын жеңіп алған.

Десе де, «күш атасын танымайды».  Бұл жолы «Қызылжар арландары» спорт клубының мүшесі, қазақ күресінен әлем чемпионатының екі дүркін чемпионы, «Қазақстан барысы-2014» республикалық турнирінің алтын белбеу иегері Мұхит Тұрсыновтың бағы жанды. Оған алтын белдік пен 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықты аймақ басшысы Құмар Ақсақалов табыстады.

Екінші орынға петропавлдық Ернар Бегайдаров көтеріліп, 300 мың теңгені иеленді.  Үздік үштікті  Уәлиханов ауданының оғланы  Алтынбек Аусағитов түйіндеді.

Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық «Қазақстан барысы» жарысында облыс намысын Мұхит Тұрсынов пен Ернар Бегайдаров қорғайтын болады.

Солтүстік Қазақстан облысы