• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Мамыр, 2019

Бағдарлама қоныс тойын көбейтеді

4789 рет
көрсетілді

Nur Otan партиясының облыстық филиалы қоғамдық кеңесінің көшпелі мәжілісі «БК-Строй» компаниясының құрылыс алаңында өтіп, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде өңірде атқарылып жатқан жұмыс барысы қаралды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының бастапқысы «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру әр отбасына баспаналы болуға мүмкіндік жасайды.

– Осы бес әлеуметтік бастама өмірге жолдама алғалы партияның облыстық филиалы қоғамдық кеңестің алты отырысын өткізді. Енді тұрғын үй бағдарламасының атқарылу барысы жайлы әңгіме болатын мәжілісті құрылыс алаңында өткізуді жөн көрдік, – деді Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисембаев.

Қостанай облысында «7-20-25» тұрғын үй­ бағ­­дарламасы бойынша тұрғындардан 453 өті­ніш берілген. Оның ішінде 2 миллиард 347 миллион теңге тұратын 306 өтініш мақұлданған. Бұл көрсеткіштер бойынша Қостанай облысы елімізде 7-ші орында тұр. Былтыр тұрғындарға аталған бағдарлама бойынша ипотеканы тек бір банк берсе, биыл бұл іске екінші деңгейлі тағы алты банк қосылып отыр. Жыл аяғына дейін жекеменшік құрылыс компаниялары салған үйлерден тағы да 368 пәтер «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатылу үшін осы банктерге беріледі. Сонда жыл аяғына дейін Елбасының әлеуметтік бастамасы бойынша 600 қостанайлық қоныс тойын тойлайтын болады.

Өткен жылы облыста бағдарлама бойынша 343 пәтер иесін табады деп жоспарланған еді. Бі­рақ бұл жүзеге асқан жоқ. Оған құрылысшылар да, жергілікті атқару органдары да кінәлі емес, баспа­налы болғысы келген тұрғындардың қарызды өтеу әлеуетінің әлсіздігі себеп болған еді.

– Тұрғындар банктерге өтініш бергенімен, өздерінің несие төлеміне әлеуеті жететінін дәлелдей алмайды, анығын айтқанда, қаржысы аз болады. Олар осы бағдарламаны жасаушының бірі ретінде бізден «тағы да жеңілдік бола ма?» деген сұрақтар қояды. Оған жауап беруге мұрсат жоқ, осы бағдарламаның өзі үлкен жеңілдік екенін айтамыз, – дейді Ұлттық банктің облыстық филиалы Қаржылық бақылауды ұйымдастыру және қаржы қызметін көрсетуде тұтынушылар құқын қорғау бөлімінің бастығы Әсет Қуанышбаев. Бағдарламаны жүзеге асыруға екінші деңгейлі банктердің қосылуына орай, сатылатын пәтерлер саны да көбейтілді. Қостанай қаласында бой көтерген жаңа «Юбилейный» шағын тұрғын ауданында жыл аяғына дейін үш көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Облыстағы белгілі құрылыс компаниясының өкілі Михаил Федяшиннің айтуынша, аталған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы әлеуетті сатып алушылар қатарын көбейткен. Яғни, тұрғындар ғана емес, бизнес саласы да ұтып отыр.

Облыста «7-20-25» бағдарламасына қатысқан банктер арасында «Центркредит банктің» облыстағы филиалы алдыңғы орында келеді. Банк тұрғындардан 195 өтініш қабылдап, оның 169 өтінішін мақұлдаған. Ал Ұлттық банк ақпаратына қарағанда, елімізде «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру аясында тұрғындардан 12000 өтініш қабылданып, оның ішінде 83 миллиард теңгені құрайтын 7 мыңнан астамы мақұлданған.

ҚОСТАНАЙ