• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Мамыр, 2019

95 жастағы ардагер майдандастарының рухына арнап гүл шоқтарын қойды

1077 рет
көрсетілді

Қасымхан Алдабергенов биыл 95 жасқа келеді. Ол соғыста болған жылдарын жиі еске алады. Соғысқа 1943 жылдың қаңтарында аттанып, 2-ші және 3-ші Украин майданында болады. Десантшылар әскерінің құрамында Еуропаны азат етуге қатысады.

Жеңісті Чехословакияда қарсы алады, Кеңес әскерінде қызмет етіп, елге 1950-ші жылы оралады. Соғыста жүргенде 62 рет парашютпен секіреді. Елге оралған соң Қасымхан аға алдымен мектепте ұстаздық етеді, одан кейінгі жылдары өмірін тұтас журналистикаға арнайды. Сонымен қатар, Қасымхан ағайды қостанайлықтар айтыс ақыны ретінде де жақсы біледі. Ол сонау 50-ші жылдардан бастап осы бекзат өнердің Қостанай өңірінде дамуына үлес қосты. Республикалық айтыстарға да қатысты.

Қазір қарттығына қарамастан Қасымхан ағай тың, денсаулығының арқасында балаларының, немере-шөберелерінің арасында жүріп жатыр. Ол жыл сайын мерекеде Жеңіс саябағына келіп, осы күнге, еліміздің Тәуелсіздігіне жете алмаған майдандастарының, боздақтардың рухына арнап, гүл шоғын қояды. Саябақтың ішіндегі көгалда отырып, солдат ботқасынан дәмауыз татып, өткен күндерді еске алады, балаларына әңгімелейді.

Биыл Қасымхан аға Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметовпен бірге тағы да Мәңгілік от басына гүл себетін қойып,ерлікке тағзым етті.

«Бұл аса қасиетті күн. Алапат соғыс қанша адамның өмірін жұтты, қанша бала жетім қалды, ана жесір қалды. Сондай ауыр күндерді бастан кештік. Жеңіс болмағанда елдің күні не болар еді деп ойлаймын қазір. Міне, бүгін мамыражай заман, бәрі де бар. Бейбіт елде бәріне де шүкіршілік айту керек» дейді қарт майдангер.

Жасы жүзді шамалап қалған Қасымхан аға Жеңіс мерекесі күні саябақтағы Мәңгілік от басына келген саусақпен санарлық ардагердің бірі болды. Бүгінде Қостанай қаласында 50 соғыс ардагері ғана тұрады, облыс өңірінде 113 майдангер қалды. Олардың басым көпшілігі жасы келгендіктен, аурудан үйден шыға алмай, отырып қалған қариялар. Оларға жергілікті атқару органдары тарапынан құрмет көрсетілді.