9 мамыр мерекесі Талдықорған қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы «Даңқ» обелискісіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Шараға облыс әкімі Амандық Баталов бастаған әскерилер, ардагерлер мен қала жұртшылығы Мәңгілік алау алдында тағзым етті.
Мұнан кейін қолдарына майдангерлердің суреттерін ұстаған 1 мыңға жуық адам «Мәңгілік полк» шеруіне шығып, қаланың орталық көшелері арқылы «Жастар» саябағына дейін жүріп өтті. Ал «Жастар» саябағына құрылған дала сахнасында «Ұрпаққа ұран болған – Ұлы Жеңіс!» атты мерекеге арналған театрлық көрініс қойылды. Көріністе Отан туралы әндер айтылып, майдан даласындағы әскери өмір бейнеленді.
Жетісудағы Жеңіс күнін тойлау «Талдықорған» ипподромындағы ат спорты жарыстарына ұласып, кешкісін мерекелік отшашумен аяқталды.