• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Мамыр, 2019

Озық қолжетімді технологияларды енгізу. Бұл үдерістің астарында қандай сыр бар?

1290 рет
көрсетілді

Біраз жыл бұрын журналистік сапармен Венада болғанымызда, қала шетіне таман, Альпі тауларының жатаған беткейіне орналасқан қонақүйге жайғастық. Қонақүйдің айналасы толған шағын коттедждер.

Кешке жақын жұмыстан қол боса­ған сәтте көшені аралап, жер­гі­лікті халықтың тұрмыс-тірші­лігін қызықтаймыз. Үйлердің ай­на­ласы мұнтаздай таза, есік­тері­­нің алды жасыл кілем төсеп тастағандай тегіс көгал. Көгал­дың шетін ала біздің шырша тектес көрнекі шағын ағаштар отыр­ғызылған. Біздердегідей биік дуал­мен қоршалмағандықтан әр үйдің ауласы анық көрініп тұра­ды. Тіпті терезенің арғы жағын­да камин алдында креслоға емін-еркін жайғасып, трубка тартып отырған шалдарға дейін анық көрінеді. Көшенің тазалығы сондай күніне бір рет сусабынмен  жуылады екен. Көшеден үп еткен шаңды байқамайсың.

– Мына халықтың тұрмыс мә­де­ниеті керемет екен. Үйлерінің ма­ңа­йын қандай күтіп ұстайды. Ша­шау жатқан бір зат жоқ. Есік ал­­ды­­ның көгалдарын күнде қыр­қады-ау деймін, өсіп кеткен бі­реуін байқамадым, – дедім біз­­ге серік болып жүретін Вена­­дағ­ы Қазақстан елшілігінің қыз­меткеріне.

– Ой, аға, мәдениеттері бізден жоғары ғой бұлардың. Бірақ бәрі соған тіреліп те тұрған жоқ. Мұн­да тәртіп қатал. Көгалды күт­пей көрсін, айып төлетіп естерін шы­ғар­ады. Жалпы бұл жақта эколо­гия­лық талап деген өте зор. Бай­қа­ды­ңыз ба, көшеде бір­де-бір ескі машина жоқ. Өйт­кені еуро­стан­дарт деген бар. Бәрі соған сәй­­кес болуы керек. Мұнда түт­ін­ді бу­дақ­татып, ауаны ластауға еш­­кімг­е жол берілмейді. Кәсіп­орын­­дарға қойылар талап тіпті қ­атал, – деп түсіндірді маған елші­лік­­­тің жігіті істің мәнісі туралы айта келе.

Сол сәтте көз алдыма қыс бо­йы мұржаларынан қара түтінді бу­дақ­­тататын, ал жазда дұрыс бір жиналмайтын еліміздің аста­на­сының оңтүстік-шығыс ауданын­дағы жеке үйлер келе қалды. «Шіркін, сол аудан тұрғындарына осы Венадағыдай тұрмыс тәр­тібі керек-ақ. Бірақ біздің оңтүс­тік-шығыс ауданда тұратын тұр­ғын­­дарда экологиялық таза­лық­ты сақтайтындай жағдай да жоқ қой. Басқасын былай қой­ғанда, көшелерінің өзі толық асфальт­талмаған, шаңы шығып жатқан дүниеден қандай мәдениет күтуге болады» деймін тағы іштей.

Сөйтсек, мәдениеттің өзі өр­кениетке байланысты болады екен ғой. Әсіресе тұрмыстық мәде­ниет. Бізде шығыстық мәде­­ниет деген бар. Бұл көбіне­се, адам­гер­шілікке, адам­дар ара­сын­­дағы қарым-қаты­нас­­қа негіз­дел­ген. Ал тұр­мыс­­тық мә­дениетке келгенде еуро­палық­тар­дың аты озып тұрға­нын мойындауға тура келеді. Себебі олардың қолын­да жаңа техно­ло­гия­лар бар. Осының негі­зінде олар­дың өнер­кәсібі де, тұр­мы­­сы да, соған сай қалыптасқан мәдениеті де бір саты жоғары тұрғаны анық.

Міне, осы жаңа технологияларды жеткізу мен енгізу мәселесі қиынның қиыны екеніне енді ғана көз жеткізе бастағандаймыз. Осы іспен айналысып жүрген еліміздегі министрліктер мен табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері басында мұны қалпақпен ұрып алуға болатын шаруадай көргенін де жасыруға болмайды. Сөйтсек, бұл істің астары тым көп екен. Әрине жеке компания деңгейінде жаңа технологияларды енгізуге болады. Оны көріп те жүрміз. Бірақ ел көлемінде жаппай енгізу өте қиын. Өйткені ең жаңа технологиялардың өзі біз секілді елдер үшін қолжетімді емес. Тіпті соған көп қаржының күшімен қол жеткіздік, әкеліп орнаттық дейік. Ал енді сервистік қызметін қайтпекпіз? Бұл үшін оның тілін білетін, сынса, қайта іске қосатын мамандар керек қой.

Сондықтан жаңа технология­ларды жаппай әкелудің жолына түскен елдер алыстағы айға бірден қол созбай қадамын санап басқанды жөн көреді. Өйткені «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей өз ша­маңды мықтап ескеріп алу керек.

Біз мұндай ойға шетелдік озық тех­нологияларды жаппай жет­кізу мәселесін ойластырып, осының ортақ та орнықты бағ­дар­ламасын жасау саласында қыз­мет етіп жүрген көптеген м­аман­дармен әңгімелескеннен кейін келіп отырмыз. Елімізде мұнд­ай бағ­дарламаны жасау ісі қолға алын­ғанына біраз уақыт болды. Бірақ оның құжаттары толық әзірленіп болған жоқ. Себебі бұл көптеген заңдар мен тәртіптерді қамтуы тиіс. Оның үстіне, әкелінетін жаңа технологиялардың деңгейі әр сала бойынша жеке қарастырылады. Осы үшін әр салаға мұның жолдары мен мүмкіндіктерін және талаптарын қарастыратын жеке анықтамалықтар әзірленуі керек.

Мұндағы бір мәселе, әкеліне­тін технология жақсы болуымен қатар, экономикалық неме­се әлеу­меттік саламыз үшін қол­жетімді болуы керек екен. Әйт­песе бас қатырып жасаған құжа­ты­мыздың, онда қарастырылған тәртіп­тер мен талаптардың өзі түптің түбінде бос әңгіме болып шықпақ. Ал онда көзделген талаптар мен тәртіптер ертең біздің кәсіпорындар мен мекемелер үшін орындалуы міндетті стандартқа айналуы тиіс. Міне, сондықтан да бұл бағыттағы ке­шенді шаралардың өзі «Озық қол­жетімді технологияларды ен­гізу» деп аталады екен.

Қазақстанға озық қолжетімді технологияны әкелудің жолдарын белгілеу, құжат­тарын әзір­леу мәсе­лесіне бүгінде Үкі­мет шенеу­ніктерімен, кәсіп­керлік қауым­дас­тықтар өкіл­дерімен қатар эко­логиялық ұйым­дар да белсене қатысуда. Себебі құжаттарға қо­йы­латын талаптардың ең бастысы эколо­гия­лық сипатта. Елімізге жеткізі­ле­тін әрбір жаңа технология өнді­рісті өркендету, жұмысты жеңіл­детумен қатар, экологиялық жағ­дайды сауықтыру ісіне үлес қосуы тиіс. Мәселен, кез келген өнім сапалы, арзан болуымен қатар, алдымен адам өміріне қауіп­сіз болуы керек. Міне, сон­дық­тан да қазір Экологиялық кодек­сі қайта қаралу үстінде. Бұл кодекс халықтың денсаулығын, қор­ша­ған ортаның тазалығын қорғау­­мен қатар, өндірісшілер мен өнер­кәсіпшілердің өнім­ді өн­­діру тәртібін де қарас­ты­рады. Сон­дықтан өндіріс­ші­лер мен өнер­кәсіпшілер ассо­циа­циялары­ның өкілдері де оның жо­басын талқылау ісіне бел­сенді түрде кірісіп отыр.

«Қазақстанда экологиялық жағ­дайды сауықтыру жөнінде осы­ған дейін бірнеше әрекет жа­сал­­ды. Кәсіпорындарға қойы­ла­тын талаптар күшейтілді. Қорша­ған ортаға зиян келтірген жағдайда айып­пұл төлеумен қатар, әрбір кә­сіп­орын жыл сайын экология­ны сауық­тыру жөніндегі қорға қар­жы аударып отыруға міндет­ті бол­ды. Бірақ өкінішке қарай, эко­ло­гиялық жағдай жақсарып кете қойған жоқ. Неге? Себебі қор­шаған ортаны ластауға үлес қоса­тын кәсіпорындардың жылма жыл бөлетін қаржысы нақты қан­дай мақ­саттарға жұмсалатыны бел­гі­сіз кү­йінде қалып келеді. Бұл аз қаржы емес. Мәселен, «Қазақ­стан Алю­минийі» жылына 6-7 млн доллар, «АрселорМиттал Темір­тау» 10 млн доллар қаржы ауда­рады. Бір есептен мұны жер қойнауын пайдаланушылар үшін салынған экологиялық салық деу­ге де болады. Бірақ осы қаржы­лар­­­дың эко­логияның пайдасына қан­ша­лықты тиімділікпен жұм­­са­латы­нын ешкім білмейді. Жұм­салса, шамасы 2-3 пайы­зы ғана жұм­сал­атын болар. Сон­дық­тан бұл жерде басқа да әдістер қажет секіл­ді. Бұл әдістер бірінші кезек­те кәсіп­орынның зиянды қалдық­тарды мейлінше аз шығаруын ынталандыратындай шараларды қарастыруы керек. Мәселен, озық қолжетімді технологияларды ен­гізу ісіне кіріскен Ресейде осындай шаралар қолға алынуда» дейді «Тау-кен және кен-металлургия кәсіпорындары республикалық ассоциациясы» ЗТБ атқарушы директоры Николай Радостовец.

Қазақстан экологиялық ұйым­дары ассоциациясының басқарма басшысы Айгүл Соловьеваның айтуынша, бұл шара қаншама күр­делі болса да, еліміз оны қолға алмай тұра алмайды. Өйткені әңгіме өнімнің сапасы мен өтімділігіне ғана қатысты емес, сонымен қатар оның экологиялық қауіпсіздігіне келіп тіреліп тұр. Осы мәселемен ондаған жылдар бойы айналысқан еуропалық елдер бұл талап бо­йынша өз өнімдерін әбден мық­тап алды. Ертең олар өнімнің таза­лығы мен қауіпсіздігіне қойы­латын талаптарды қазіргіден де кү­шей­те түсуі және соған сай жо­ға­ры стандарттар белгілеуі мүм­кін. Мұндай жағдайда бізде да­йын­далған өнімдерді өз рыноктарына кіргізбей қоюы да ғажап емес. Демек қолжетімді жаңа технологияларды өндіріске ен­гізу дегеніміз – біз үшін өмірлік мә­селе. 18 миллион ғана халқы бар Қазақ­стан экспортқа өнім шыға­р­май тұра алмайды. Ал өнім экс­пор­тынсыз ешқандай даму бол­майды. Сондықтан аталған іспен шұ­ғыл­дануға біз міндетті ғана емес­піз, сонымен қатар мәжбүрміз.

Қолжетімді жаңа технологияларды бірінші кезекте ел экономикасына жаппай енгізудің оңтайлы тәжірибесі Ресейде көрініс беруде. Бұл ел істі ілгері жылжыту­да ай­тар­лықтай тәжірибе жинақта­ды. Жуықта ел астанасына осы ел­дің ма­мандары шақырылып, тәжі­ри­белерімен бөлісті. Сонда негіз­гі баяндамалардың бірін жасаған Илья Курошев бұл мәселенің әлем­де өткен ғасырдың 70-нші жыл­дарынан бастап қолға алын­ға­нын, еуропалықтардың бізден алыс­тап кеткенін айтып өтті. Демек дәл қазіргі сәтте еуропа­лық­­тардың экология мен өнім­дер­дің қауіпсіздігіне қоятын талап­тарын ресейліктер өз кәсіп­орын­дарына қоя алмайды. Өйткені өндірісте қолданылатын технологиялар бөлек. Соған қарамастан экономика бойынша кешенді жұмыстардың қолға алынғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Бірақ іс әлі де аяғына дейін жет­кізілген жоқ. Өйткені басқа шаруа­ларды былай қойғанда, қол­жетімді жаңа технологияларды енгізу жөнінде кемінде 52 анық­тамалық әзірленуі тиіс. Осы анық­тамалықтарды әзірлеудің өзі білім мен біліктілікті қажет ететін және кәсіпорындармен кеңесіп отырып шешілетін аса күрделі шаруа. Сондықтан білікті мамандар тобы қатысатын әрбір анықтамалықты әзірлеуге кемінде 1 жыл уақыт берілуде. Яғни, заң әзірлеу қиын емес, бағдарлама жасау қиын емес, ал анықтамалық әзірлеу өте қиын. Өйткені онда әрбір сала­дағы кәсіпорындардың қазіргі эконо­ми­калық жағдайымен қатар оның әлеуетіне сәйкес тиімді тех­но­лог­иялар таңдалуы, стандарт­тары және енгізу талаптары белгі­ленуі және бұл түрлі ынталандыру шараларының негізінде ерікті түрде жүзеге асуы керек.

Ал отандық мамандардың айтуына қарағанда, бізде экономи­калық салалар бойынша озық қол­жетімді технологияларды енгізу­дің 12 анықтамалығы әзірленуі керек те, бұл әрбір кәсіпорын үшін үнемі межеге алып отыратын басты құжаттардың біріне айналуы тиіс.