Алайда, тап қазір балықтың уылдырық шашатын кезеңі болғандықтан, бұл мәселеде қырағылық қажет болып тұр. Жамбыл облысында да бұл мәселе қолға алынып, балық аулаушыларды бақылау жолға қойылғанымен, бәрібір заңбұзушылықтар орын алуда. Өңірде Жайық, Ертіс, Сырдария сияқты алып өзендер болмағанымен, су тоғандарының өзінде миллиондаған балық тіршілік етуде. Бүгінде Жамбыл облысында 133 су айдыны бар. Оның ішінде 18 су айдыны республикалық, ал 115 айдын жергілікті маңызы бар су қоймаларына жатады. Қазіргі кезде ағымдағы жылдың 15 сәуірі мен 31 мамыры аралығында балықтың уылдырық шашу кезеңі болғандықтан, оны аулауға тиісті мекемелер тарапынан облыс бойынша тыйым салынып отыр. Нақты айтсақ, Жамбыл облысында балық ресурстары мен басқа да су жануарларының уылдырық шашу және көбеюі кезеңіне байланысты Билікөл, Бөгеткөл және Ақкөл көлдерін өзара байланыстыратын Аса өзенінде және оның сағаларында балық аулауға тыйым салынған. Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Болат Асамбековтің айтуынша, жергілікті өзендерде тыныштық аймағын құру мақсатында Тасөткел су қоймасынан жоғары орналасқан Шу өзенінде, оның құймаларында және Талас өзенінде жыл бойы балық аулауға болмайды. Сонымен қатар өңірде бүгінде балықтарды қорғау мақсатында «Уылдырық-2019» науқаны ұйымдастырылуда.
«Аталған шара бойынша өңірдегі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары «Уылдырық» шарасы кезінде бірлескен түрде қаскөй балықшылармен күресу үшін арнайы рейдтер ұйымдастыруда. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 15 сәуірі мен 31 мамыры аралығында балықты барынша қорғау жұмыстарын бірлесіп атқару да маңызды. «Уылдырық» шарасы кезінде балықтың уылдырық шашу және тыныштық аймақтарында барынша қорықшылық қызметтер ұйымдастырылып, олар тәулік бойы жұмыс орнында болады. Ағымдағы жылдың 10 сәуірінен бастап полиция қызметкерлерімен бірге барлық су айдындарындағы суда жүзу құралдарын тексеру жұмыстары жүргізіліп, құжаттары реттелмеген немесе құжаты мүлдем жоқ барлық суда жүзу құралдары мемлекет пайдасына тәркіленіп алынсын деген шешім қабылданды», дейді Болат Дәулетқұлұлы.
Дегенмен де бүгінде табиғат байлығына қиянат жасаушы қаскөйлер азаймай отыр. Тіпті заңсыз балық аулау деректері жыл өткен сайын арта түсуде. Мәселен, балықты қорғау заңдылықтарын бұзғаны үшін ағымдағы жылы 15 сәуірден бері өңір бойынша 41 хаттама толтырылып, заңды белден басқандарға барлығы 494 мың 900 теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар Жамбыл ауданының аумағындағы Аса өзенінде электр қармақпен заңсыз балық аулаған екі азамат ұсталып, олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 335-бабы, 3-бөлігі 2,4-тармақтарымен қылмыстық іс қозғалған. Заңсыз балық аулаушылықтың салдарынан олар мемлекетке 575 мың 272 теңге залал келтірген. Атқарылып жатқан жұмыс нәтижесінде 15 сәуірден бастап «Уылдырық» шарасы бойынша инспекция қызметкерлері тыйым салынған аулау құралдарымен шыққан 6 балықшыны ұстап, хаттама толтырды. Нәтижесінде келтірілген 72 000 теңге залал мөлшері есептеле отырып, істері сотқа жолданған және 1 қармақпен балық аулау фактісі тіркелген.
Негізі заңсыз балық аулаушылардың 40 пайызы Балқаш көлінен ұсталады екен. Балқаш көлі еліміздің бірнеше облыстарымен шектесіп жатқандықтан, мұнда өзге өңірлерден де балық аулаушылар келеді. Өкінішке қарай табиғаттың байлығын емес, жеке басының пайдасын ойлағандар бүгінде де азаймай отыр. Алайда, Жамбыл облысында балықтың уылдырық шашатын мезгіліне орай аулауға тыйым салынуына байланысты белсенді жұмыс жүргізілуде. Сала мамандары заңсыздыққа жол бермеу мақсатында барлық әрекетті жасап бағуда. Мәселен, балықты тиісінше қорғауды ұйымдастыру мақсатында аталған инспекция мамандары, облыстық полиция департаменті, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен №2035 шекара қызметі бірлесіп жұмыс атқаруда. Алайда, әр азамат табиғат байлығына жауапкершілікпен қараса, жүгенсіздіктің де жолы кесілер еді. Әрбір адам заңсыздықтың зардабы көп екенін ескере жүрсе, байлықтың көзі балық та сақталып қалмақ.
Жамбыл облысы