• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Мамыр, 2019

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды

4242 рет
көрсетілді

Қазақстанда 11 мамырда кезектен тыс президенттік сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталды.

Алтыншы рет өтіп жатқан президенттік сайлауға үміткерлерді тіркеу мерзімінен бұрын аяқталды. Орталық сайлау комиссия­сы 8 мамырға дейін президенттікке жеті кандидатты тіркеді. Олар: Nur Otan партиясынан – Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан – Сәдібек Түгел, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясынан – Амангелді Таспихов, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан – Дания Еспаева, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан – Төлеутай Рахымбеков, Қазақстан Коммунистік халық партиясынан – Жамбыл Ахметбеков, «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан – Әміржан Қосанов.

Үгіт-насихат жұмыстары үш негізгі тәсілмен – бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, кандидаттардың және олардың сенім білдірілген адамдарының сайлаушылармен кездесулері, сондай-ақ, баспа, дыбыс-бейне және басқа үгіт материалдарын шығару, тарату арқылы жүзеге асырылады.

Сайлауалды науқан 8 маусымға дейін жалғасады, ол күн тыныштық күні болып белгіленген. Ал 9 маусымда сағат 07.00-ден бастап 20.00-ге дейін дауыс беру процесі жүреді. Дауыстарды санау 12 сағатта іске асады.

* * *

Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа келіп, оның қызметкерлерімен, белсенділерімен кездесті. Nur Otan партиясы Орталық аппаратының ғимаратында Жұмысты ұйымдастыру орталығы, Жоспарлау, сараптау, және мониторинг орталығы, Қаржылық қолдау орталығы, Құқықтық сараптау орталығы, Логистика және материалдық қамтамасыз ету орталығы, Баспасөз орталығы және республикалық қоғамдық штабтың «Team Qazaqstan» жастар қанатының жұмыстарымен танысты.

«Біздің сайлауалды бағдарламамыз сабақтастық, әділдік және өрлеу деген негізгі үш қағидаға табан тірейді. Өйткені Елбасы саясатының сабақтастығы ғана еліміздің қарқынды дамуын қамтамасыз етеді. Азаматтар үшін ең маңыздысы – әл-ауқаттың артуы. Біздің экономикалық жетістіктерімізді әр қазақстандық сезінуі тиіс. Бұл – әділдіктің белгісі. Сондықтан алдымызға нақты мақсаттар қойып отырмыз. Оған қол жеткізу үшін біз үздіксіз дамып, үнемі өрлеп, өркендеуіміз керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы, республикалық қоғамдық штабқа 190 адам кірген, оның 30-ы –  «Team Qazaqstan» жастар қанатының мүшесі. Ел аумағында 17 аймақтық, 210 қалалық және аудандық қоғамдық штаб жұмыс істеп, онда 6 мыңға жуық адам қызмет көрсетеді. Кандидаттың 19 500 сенім білдірілген өкілі бар.

* * *

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының атынан президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбековтің штабы жұмысын бас­тады. Штаб басшысы Әли Бектаевтың айтуынша, бұған дейін арнайы семинар-тренингтер ұйымдастырылып, штаб мамандары үгіт-насихат жүргізудің ережелерімен танысып шықты. Ал заңгерлер партия мүшелеріне «Сайлау туралы» заңның баптарын түсіндірді. Үгіт-насихат жұмыстарына қажетті плакаттар, үн-парақтар мен партияның бағдарламасы басылды. Ә.Бектаев партияның сайлауалды бағдарламасы алдымен газеттерде, одан кейін телеарналарда жарияланатынын, жалпы он күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа таратылатынын жеткізді. Бағдарлама брошюра үлгісінде де әзірленген. Партия үгіт-насихат жұмыстары аясында 100-ден аса шара ұйымдастырмақ.

Республикалық қоғамдық штабқа қоса, 17 аймақта 17 өңірлік штаб құрылған. Әрбір қала мен ауданда партия үшін дауыс беруге үгіттейтін топтар жұмыс істейді. Қазір оларға керекті насихат парақшалары мен сайлауалды бағдарламасы бар кітапшалар жіберіліп жатыр. Үгіт-насихат кезінде аймақтарға іссапарлар, жұмысшы ұжымдармен кездесулер, флешмобтар мен түрлі акция­лар өткізу жоспарланған.

* * *

Нұр-Сұлтан қаласында Кәсіподақтар федерациясы атынан президенттікке кандидат Амангелді Таспиховтың республикалық қоғамдық сайлауалды штабы ашылды. Штабқа Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым жетекшілік етеді. Штаб құрамына кәсіподақ ұйымдарының басшылары, беделді ұлттық сарапшылар, кәсіби заңгерлер, ғылым қайраткерлері мен Кәсіподақтар федерациясының «Келешек» жастар қозғалысының белсенділері кірді. Орталық штаб еліміздің барлық облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ашылған аймақтық қоғамдық штабтардың жұмысын үйлестіреді.

Сондай-ақ Кәсіподақтар федера­циясының құрамындағы 18 мың баста­у­ыш ұйымдарда бастауыш қоғамдық пункт­тері ашылып жатыр. Кәсіподақтар феде­рациясы базасында құрылған орта­лық штабта қоғамдық қабылдау бөлмесі ұйымдастырылып, жедел байланыс орталығы жұмыс істейді. Кандидаттың үгіт-насихат жұмыстарына қажетті баннерлер, билбордтар, роликтер, брошюралар, т.б. өнімдер жасалып, барлық өңірге жеткізілді. Үгіт-насихат науқаны барысында 400-ден аса іс-шара жоспарланған.

* * *

Қазақстан Республикасының Президенттігінен үміткер тұңғыш әйел, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының атынан сайлауға түсіп жатқан Дания Еспаева өзінің сайлау­ал­ды үгіт науқанын еліміздегі ірі нау­бай­ханалардың бірі «Ақсай-нан» ЖШС ұжымымен кездесуден бастады.

Партия төрағасы Азат Перуашев бас­таған республикалық штаб өкілдері Ал­матыдағы аталған наубайхананың еңбек ұжымына сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын айтып берді. Ол – кәсіпкерлікті қолдау, ұлттық тәуелсіздік және жемқорлықпен күрес. Кәсіпорын өкілдері бағдарламада айтылған әлеуметтік өнімдер өндірісіне салықты төмендетуді, бизнесті несиелеудің мер­зімін ұзартуды құптады. Жиында жұ­мысшылардың денін әйелдер құра­ған­дықтан, зейнет жасына қатысты сұрақтар қойылды. Қалада тіркелмеген көп балалы отбасыларға жәрдемақы рәсімдеу, баспанаға қол жеткізу мәселелері кө­терілді. А.Перуашев тұрғылықты жері бойынша тіркеуде жоқ азаматтар жұмыс орнынан тіркеле алатынын жеткізді.

* * *

Қазақстан Коммунистік халық партия­сы қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі сайлауалды науқанға кірісті. Партия президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің республикалық сайлауалды штабын таныстырды. Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі болып ҚКХП Орталық комитетінің хатшысы, «Халық коммунистері» фракциясының жетекшісі, Парламент Мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыров бекітілді. Штаб жетекшісі А.Қоңыров кандидат Ж.Ахметбековпен бірге республикалық сайлауалды штабының лентасын кесті. Бұған қоса облыстардағы аймақтық сайлауалды штабтар ашылды.

Жамбыл Ахметбеков журналистерге арналған брифингте: «Сайлауалды тұғырнамамызды халыққа жеткізу үшін ертеңнен бастап аймақтарға іссапарға шығамыз. Сайлауалды науқан кезінде партияның баспасөз қызметі үздіксіз жұмыс істейді. Баспасөз қызметін Назгүл Мақжан басқарады», деді.

* * *

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы атынан президент­тік­ке ұсынылған үміткер Әміржан Қосанов сайлауалды науқан аясын­дағы алғашқы кездесуін Солтүстік Қазақстан облысынан бастады.

Кандидат өзінің республикалық штаб өкілдерімен бірге Мағжан Жұмабаев ауданы Булаево қаласына бет алып, Батыр Баян мен Мағжан Жұмабаевтың ескерткіштеріне барды. Ә.Қосанов аталған қаланың орталық кітапханасында жергілікті тұрғындармен дидарласып, өзінің сайлауалды тұғырнамасының басым бағыттарын таныстырды. Оның сайлауалды тұғырнамасы «Саяси бостандықтар», «Ұлттық болмыс», «Сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі тәуелсіздік», «Жемқорлыққа жол жоқ», «Өркениетті әрі халықшыл экономика», «Бақуатты аймақтар – бақуатты мемлекет» атты 6 бөлімнен тұрады. Онда кандидаттың сайлауда жеңіске жеткен жағдайда, мемлекет өмірінде қандай өзгерістер болып, еліміздің қай бағытпен дамитыны туралы жоспарлары қамтылған.

* * *

«Ұлы дала қырандары» респуб­ли­калық қозғалысынан прези­дент­тікке кан­дидат Сәдібек Түгел үгіт-наси­хат жұмыстарын алдымен елорданың кіре­берісіндегі Құлагер ескерткішінің жанында Нұр-Сұлтан қаласы мен Шортанды ауданының құрметті ақсақалдарымен кездесуден бастады. Ол «Ұлы дала қы­рандары» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы, штаб жетекшісі Марат Нәбиевпен бірге жиналған қауымға сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Биыл «Құлагер» поэмасының авторы Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толады. Сондықтан Құлагер ескерткіші идеясының авторы әрі оны орнатқан азамат Сәдібек Түгелдің ақсақалдардың батасын алу үшін осында келуінің маңызы зор. Кандидат қариялармен кездесуінде өзінің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі міндеттерге тоқталды. Жастарды ұлттық құндылықтарды ұлықтау мен отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік тілді дамыту және халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау тұрғысындағы ұстанымдарын жеткізді.

С.Түгелге еңбек ардагерлері – Камеляш Шошай, Шайзанхан Құмария және Арыққара Қапи, мемлекет және қоғам қайраткері Қыдырбай Нұрпейісов, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Алдаберген Омарбеков жылы лебіздерін білдіріп, ақ баталарын берді.

Дайындаған Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»