• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Мамыр, 2019

Апатты жағдайдағы ауыл мектебі сапалы білім бере ме?

1687 рет
көрсетілді

Алматы облысындағы апатты жағдайда тұрса да білім беріп жатқан және 3 ауысымда бала оқытып отырған ауыл мектептерінің жайы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында Жетісуға келген сапарында сөз болған еді.

Президент осы сапарында аймақтағы мектептердің жағдайын жақсартуға республикалық бюджеттен 15,4 млрд теңге қаржы бөлінгеніне қарамастан мәселенің өткір тұрғанын сынаған болатын. Алайда, облыстағы апатты жағдайдағы мектептердің орнына жаңадан білім ошақтарын салуға тағы да 29 млрд теңге қаржы қажет екен.

- Біз облыстағы мектеп жетіспеушілігін шешу үшін жұмыс істеудеміз. Бірақ, аймақтағы демография қарқыны біз ойлағаннан асып түсіп, өңірдегі әлеуметтік нысандарға сұранысты арттырып отыр. Мысалы, облыс аумағында жыл сайын 50 мыңға жуық бала туса, әр оқу жылында 40 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады. Демек, апатты жағдайда тұрған және 3 ауысыммен оқытып жатқан мектептерді күрделі жөндеуден өткізу мен жаңадан салуға бөлінген қаржымыз аздық етіп отыр. Алдағы бір-екі жылда облыста 14 мектеп жаңадан салынады. Бірақ, сұраныс бойынша тағы 20 мектеп салуымыз керек – деген еді Президент алдында ақталған облыс әкімі Амандық Баталов.

Жалпы, өткен жылы Алматы облысында тоғыз мектеп салынып, 30 нысан күрделі жөндеуден өтіпті. Оның ішінде 3 ауысымды мектептердің қатарын азайту мақсатында ауылдарда төрт мектеп жаңадан салынған. Өкінішке қарай, өңірде оқушылардың өміріне қауіп төндіретін әлі де 34 мектеп есепте тұр. Қазір бұл білім ошақтарының тоғызын қайта салу үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 4,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұйырса, оның алтауы биылғы оқу жылында пайдалануға берілмекші.

Осы жерде мектеп жетіспеушілігі Алматы қаласы маңындағы аудандарда анық сезілетінін айтуымыз керек. Қазіргі таңдағы урбанизация үдерісі мен ішкі миграцияның артуы мегаполис маңындағы елді мекендердің тұрғын санын тіптен көбейтіп отыр. Мысалға, облыстың Іле, Қарасай, Талғар аудандары қоныстанушыларды әлеуметтік қызмет көрсету нысандарымен қамтып үлгермей жатыр. 3 ауысымды мектеп пен сынып кабинеттерінің жетіспеушілігі де осы аудандарда өткір тұр. Ал Совет одағынан мұраға қалған мектептерді күрделі жөндеу өткізіп үлгермей жатқан атқарушы билікті міндетті білім алу жасына жеткен бала санының күрт артуы тіптен «есеңгіретіп» тастағандай.

Жақында «Egemen Qazaqstan» газеті ауыл мектерінің жағдайына алаңдаушылық білдіріп, арнайы мақала жариялаған болатын. Осы мақаладан кейін бізге Талғар ауданы Кеңдала ауылындағы № 38 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ғабит Дайынов хабарласып, өзі жұмыс істейтін мектептің апатты жағдайы жайлы айтты.

- Біздің мектеп Алматы облысы, Талғар ауданы, Кеңдала ауылында орналасқан. Бұл мекеме әуелгіде мектеп емес, ауылдың кеңсесі ретінде салынған екен. Одан кейін балабақша ғимараты болыпты. 1993 жылы аудан әкімнің қаулысымен мектепке беріледі. Ол кезде Кеңдала ауылындағы жалғыз мектеп екен. Кейіннен халық санының арта түсуіне байланысты 600 орындық тағы бір мектеп салынды. Бүгінде екі мектеп те білім ошағы болып тұр. Кеңдала ауылындағы № 38 мектепте бүгінгі күні 468 оқушы білі малауда. 64 педагог қызметкер бар. Мектеп екі тілде білім береді. Мектептің сырт көрінісі бір көргенді аса шошыта қоймас, бірақ біздің мектептің ішіне енген адам күрделі жөндеу жасау керек екенін бірден аңғарады. Едендегі линолеумдер жыртылған, қабырғалар қисық, ағаштан жасалған терезелер ырсиып ашылып кеткен, жылу батареяларының ескіргені соншалық, тіпті су сорғалап тұр. Электр желілері де ескірген. Кабинеттегі жарық дұрыс жанбайды. Қыста мектептің теріскей жақтағы кабинеттерінде балалар сырт киіммен отырады. Обалы нешік, басшымыз, мектеп директоры мектепті жөндеуден өткізу үшін жүгіріп жүргеніне үш жылдай болды. Бірақ, нәтиже жоқ. Ауданның айтары «Мәслихаттан өтпей қалды, қорда ақша жоқ» деген жаттанды жауап. Мектепте арнайы мәжіліс залы, спорт зал деген атымен жоқ. Парталар кеңес үкіметінен қалған. Стардартқа сай емес. 5-сынып оқушысының отырған кезде мойнынан келеді. Орындықтардың биіктіктері де әртүрлі. Парталардың жұлым-жұлымы шыққан. Отырған адамның киімін жыртады. Терезелерде мектептің терезесіне сай емес. Күн көтерілген кезде, сәуле бетке ұрады. Осындай мектепте білім алып жатқан оқушыларға обал-ақ. Бірақ, білім бөлімі бізден оқу сапасын талап етеді. Қазір Кеңдала ауылының өзінде үш мыңға тарта халық бар, оған жақын ауылдарды қоссаңыз, білім алуға ынталы оқушылар қатары жылдан сайын көбейіп келеді. Ал біздің мектебіміз оған дайын емес, - дейді мектеп мұғалімі.

Жалпы, Талғар ауданы бойынша биылғы оқу жылында 3 мектеп үш ауысымда білім беріп отыр екен. Олардың қатарында Дәулет ауылындағы №11 орта мектеп, Қызыл-Ту ауылындағы №24 орта мектеп және Жаңалық ауылындағы №37 орта мектептер бар. Мәлімет бойынша, Дәулет ауылында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы бастаған. Биыл ауыл оқушылары жаңа мектепке баруы мүмкін. Құрылыс үшін республикалық бюджеттен 1 млрд 049 млн 659 мың теңге, ал жергілікті бюджеттен 103 млн 261 мың теңге бөлініпті. Қалған мектептер кезегімен салынбақ. Яғни, тағы 3 мектептің құрылысын бастауға бюджеттен 35 млн 740 мың теңге қарастырылыпты. Оның ішінде бірінші кезекте Қызыл-Ту ауылындағы №24 орта мектеп және Жаңалық ауылындағы №37 орта мектеп тұр.

Сондай-ақ, Талғар ауданы мектептерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына биыл 95 798 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілген, бірақ жергілікті бюджеттің шамасы 2 2737 млн теңгеге ғана жетеді екен. Ал қалған қаржыны сұрап облыс пен республикаға ауыз ашу міндеті тұр. Осы жерде аудан әкімінің жергілікті жердегі мәселені шешу үшін жоғарыға жамантты болып батылдық танытуы мен жауырды жаба тоқып, жылы жауып қоюы таразыға түсетін сияқты.

Айтпақшы, біз Талғар ауданы әкімдігіне өз мектебінің жағдайын айтып, көмек сұраған Кеңдала ауылындағы № 38 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ғабит Дайыновтың жанайқайын жеткізгенбіз. Аудан әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, биыл Кеңдала ауылындағы шағын орталығы бар № 38 орта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық – сметалық құжаттарын әзірлеуге аудандық бюджеттен 8 626 950 теңге қарастырылыпты. Ал бұл құжат дайын болып, ол жоғарыдағы тиісті мекемелердің мақұлдауынан өткенше «кеңдалалық» оқушылар жөндеу көрмеген мектепте білім ала тұрады...