• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2013

Қайталанбайтын талант

1674 рет
көрсетілді

Қайталанбайтын талант

Жұма, 12 сәуір 2013 1:45

Соңғы уақытта Қазақстанның идеологиялық басшылық құрамы тарапынан Қазақстан журналистикасына, бұқаралық ақпарат құралдарына өмірді шынайы түрде жазу, қоғамда қалыптасқан проблемаларды аша отырып, осы бағытта мемлекетте атқарылып жатқан шараларды негізді түрде көрсетіп беру бағытында жаңа талаптардың қойылуы тоқсаныншы жылдардың басында ту көтерген тәуелсіздігімізге өз қаламымен үн қосып,

Жұма, 12 сәуір 2013 1:45

Соңғы уақытта Қазақстанның идеологиялық басшылық құрамы тарапынан Қазақстан журналистикасына, бұқаралық ақпарат құралдарына өмірді шынайы түрде жазу, қоғамда қалыптасқан проблемаларды аша отырып, осы бағытта мемлекетте атқарылып жатқан шараларды негізді түрде көрсетіп беру бағытында жаңа талаптардың қойылуы тоқсаныншы жылдардың басында ту көтерген тәуелсіздігімізге өз қаламымен үн қосып, оған көмектесу бағытында белсеніп қызмет еткен жарқын тұлға, жазушы, журналист, көсемсөз шебері Марат Қабанбаевтың есімін тағы бір еске алуды қажет ететіндей. Қоғамды түзету үшін алдымен сөзді түзету керек. Ел тәуелсіздігіне барынша қуанып, тоқсаныншы жылдардың басында журналистика мен публицис­тика саласында өзінің жарқылдаған алмас қылышын суырып шыққан Мараттың кредосы да осы болатын.

Марат Қабанбаев публицистика жанры арқылы қазақ журналис­тикасына ерекше леп, айрықша серпін әкелді. Қай мақалалары болса да баяндаудан гөpi шынайы құбылыстарды, өмірдің шындығын ашып, оқырманына ой салды. Шеберлік пен ұтымдылықты бас­ты межеге айналдырып, тың тақырыптарды салиқалы сөзбен  өрнектеп, айшықтап, қазақ жур­налис­тикасына інжу-маржан әке­ле білді. Қоғам өмipiндeгi кесел­ді дерттерді жан-жақты деректермен дәлелдеп, қаламының қа­руын жұмсады. Қан жұтқан қатал заманның ақиқатын шынайы тілмен суреттеп, ғасырлар дерегіне бойлады. «Сорымыз сол: Сократтың «Өз-өзіңді таны» дегенін білеміз, бipaқ одан түк түсінбейміз. Біз өз орнымызды әлемнен әлі іздеп жүрміз. Рухани әлемнен. Нағыз қазақтық осыны ұғынудан басталады. Ол ауыздан ұлтжандылық деп шығады. Мынау сөз – соның бipi. Қазақстан, кейбіреулер ойлап жүргендей, жұтаң сахна, біз  жансыз қуыршақ емеспіз, Қазақстан – Отан, бiз – халықпыз! Бұлай болуы өзімізге байланыс­ты» дейді «Қазақ, қайда барасың?» деген кітабында.

Жалған өмірдің ащы шындығын шымбайына батырып, нақты бояу­ымен, дәлелді деректерімен бере білген Марат дарабоз, дауылпаз дарын, қайталанбайтын талант еді. Ол журналистикаға ерекше стиль, таным енгізіп, қоғамның қан тамырының соғысын дөп баса білді, әрбір тақырыбын ашу жолында майдан қыл суырғандай ерінбей еңбектене білді.

«Журналистің  сөз саптау, сөй­лем құруының өзі сірескен ресми стильден аулақ, барынша қарапайым (бірақ қарабайыр емес), оқырманның жанына жақын да ұғынықты болуы керек», дейтін Марат. Ең бас­тысы фактіні сөйлетуге назар аударатын. Ол әдебиет әлеміне тура жол тартатынын білсе де журналистикада елеулі із қалдырды. Оның ішінде ұшқыр да жауынгер жанр – публицистиканың майын тамыза жазды. «Қазақ, қайда барасың?» атты жинағы соның айқын дәлелі. Бұл кітабы 1995 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрді.

Мараттың шәкірті Раушан Төленқызы «Марат Қабанбайдың қазақы болмысы, «Еуразия» стильді дауылды мақалалары» деген мақаласында: «Марат Қабанбай кім? Екпіні үй жығатын дауылдай «дауылпаз» деген сөз осы уақытқа дейін поэзияда Қасымға, Қасым Аманжоловқа қарата айтылып келгені рас. Оны бүгін Маратқа телігенде әлдекімге еліктеуден емес, Мараттың баспасөздегі «дауылпаздығын» мойындағаннан тілге оралып отыр»,– дейді ұстазы хақында. («ДаNYау», 2.2004 ж).

Марат Қабанбай рухына бас иіп, оның таланты мен дарынына тәнті болған досы, егіздің сыңарындай, сыры мен мұңы бір құрдасы Тұрысбек Сәукетаев:

Толқиды кеудемде

теңіздей мұң,

Сыңарын жоғалтқан егіздеймін.

Мұңайып батқан күн,

атқан таң кірпігінде,

Мұңайып тұрғандай сені із­деймін, – деп әні бар жырының қайырмасында жан досына деген сағынышын білдірсе, Ерұлан Бағай:

Хас таланттар өмірден

жанып өтер,

Кейде мынау жалғанның

мәні кетер.

Жоқ дегенге Мәкеңді

көне алмаймын,

«Марат өлді» дегеннің бәрі бекер,– деп толғанады.

Халықаралық  Г.Х.Андерсен, Қазақстан Жазушылар одағы­ның М.Әуезов атындағы сый­лықтарының иегері Марат Қабан­бай 1948 жылдың 22 наурызында Зайсан ауданының, Қараүңгір деген жерінде дүниеге келді.

Тұңғыш әңгімесі «Сөну» 1966 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланды.

1973-1980 жылдары балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық конкурстарда бірінші, екінші, үшінші дәрежелі сыйлықтарға ие болды.

Мараттың еңбекқорлығы ерен еді. Соның нәти­жесінде шебер­ліктің шалқар көкжиегі айқара түріліп, әлемдік биіктерге жол ашы­ла бастады. «Жиырма мен жалғыз», «Зая атылған оқ», «Се ля ви», «Бақбақ басы толған күн», «Қала және қызбала», тағы басқа әңгіме-хикаялары қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелді.

Жазушының дарынын ашып, талантын шыңдаған «Арыстан, виоленчель, мен және қасапхана» хикаяты «Детская литература» бас­пасынан жарық көрді. Одан әрі Еуропа оқырмандарының назарына ілікті. Германияда «Қарлы құйын» деген атпен неміс тілінде жарық көрді. Асыл мен жасықтың ара жігін жазбай танитын Батыс жұрты құм ішінен алтынды сүзіп алды. Сөйтіп, бұл шығармаға зор ықылас танытып, балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік хикаят ретінде халықаралық Г.Х.Андерсен атындағы сыйлық берілді. Шындығына жүгінсек, Марат Қабанбай мұндай мәртебелі сыйлықты иемденген берісі қазақ, арысы исі түрік әлеміндегі бүгінге дейінгі бірден-бір жазушы екен. Бұл, әрине, қазақ әдебиеті үшін зор мерей, үлкен мәртебе ғой!

Ол шетел әдебиеті классик­терінің еңбектерін қаузап, бүге-шігесіне дейін ұғынып, шөлін солар арқылы қандыратын-ды. Оның көз майын тауысып, көп оқып, ойына көп нәрсені түйетіндігі әр шығармаларында терең көрініс тауып жататыны анық. Мәселен, «Бақбақ басы толған күн» повесін қолға алып, көз жүгірте бастағанда-ақ жасөспірім Заманбектің ішкі толғанысы мен сезімін, өмірді терең түсінуін бірден көңілге түйесіз. Повесте еріксіз езу тарт­қызар юмор, сарказмға толы көрі­ністер баршылық. Жазушы бас­ты кейіпкер Заманбектің атынан оқиғаны өрбіте отыра өмірдің боямасыз, әсіресіз шындығын суреттейді. Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендерін» повесть желісіне негізгі өзек етіп ала отырып, Заманбектің балалық қамсыз әрекеттерін нақышына келтіріп өрнектеп береді. Ал Италияның атақты әншісі Робер­тино Лореттидің әнін ауыл баласы Оқастың қалай айтатыны жөніндегі мақамдарына еріксіз езу тартасыз. Әрбір кейіпкерін жанды образға айналдырып, ойната, құбылта білу де талант иесінің тапқырлығы. «Бақбақ басы толған күн» повесі негізінде «Он екі жасқа толғанда» деген толық метражды телефильм түсірілді. Ол Батысты да, Шығысты да көп оқыған. Қайтыс боларының алдында Стейнбектің алты томын оқып шығыпты да: «Мен әлі түк білмейді екенмін ғой», депті.

Ертегіге құрылған «Тити» спек­таклі 2002 жылы 19 қаңтарда қазақ мемлекеттік Ғабит Мүсі­­репов атындағы академиялық театр­да Қазақстанның халық әр­­ті­сі Алтынбек Кенжековтің ре­жис­серлік етуімен сахналанды.

Сондай-ақ, балаларға арналған жеке кітаптары неміс, украин, молдаван, латыш, өзбек тілдерінде жа­рық көріп, оқырмандарының ыстық ықыласын тудырды.

«Айқын» газетінің 2013 жылғы 1 ақпан күнгі санында жарияланған «Қаламды тербеткен қаламгер» деген мақаланың авторы, журналист Сейсен Әмірбекұлы: «Соңғы рет аурухана төсегінде кездестік. Төбеге қарап ойланып жатқан Ма­рат аға бір сәт: «Әттең, бұл Құдай азғантай ғана ғұмыр берсе, «Кентаврды» жазып тастар едім-ау. Соған жете алмай қалам ба деп қорқамын. «Жаман айтпай жақсы жоқ», – демекші, олай-бұлай болып кетсем, толғағы келіп, шыр етіп жарық дүниеге шығуға аз қалған шығармам өзіммен бірге көміледі-ау. Жанымды қинайтыны сол. Оны дәл мендей жалғастырып жазатын ешкім болмас. «Кентавр» талай жыл жүрегіме ұя салған аққанат құсым еді. Соның қанат қаққанын көре алмаймын-ау», – деп күрсінген»,  деп Мараттың іске асыра алмай қалған асқақ арманын толғаныспен берген.

Қара сөздің жыршысы Оралхан Бөкей: «Дарын­дыларды өз жүрек­терінің шоғы күйдіріп, ерте өл­ті­реді», деген екен. Мүмкін Марат­тың да өн бойын осы бір жазушы ағасының мірдің оғындай сөзі мазалаған да шығар, кім білсін, ертеңгі күнге жалғасар асқақ арманының жібі үзілерін алдын ала пайымдады ма, содан да болар, күрсінісі үмітін жеңіп кеткені…

Кім білсін, алдағы өмірінің қамшының сабындай тым қысқа боларын сезінді ме екен?.. 1998 жыл­дың 20 тамызында «Ана тілі» газетінде Мараттың «Кентавриадасы» жарық көрді. «Кен­таврының» алғашқы эпилогы болса керек.

Марат сол кезде Қырғызстанға барып «Кентаврдың» қолжазбасын Шыңғыс Айтматовқа көрсеткен. Ол кісі жылы пікір білдіріп: «Ойың жақсы екен, балам. Бұны жақсылап тұрып аяқтап алып кел. Содан кейін тағы бір оқып көрейік», деп­ті. Сонда қырғыз әріптестері Маратқа: «Жалпы, Шықаң «балам» деген сөзді кез келген адамға айта бермейді. Сіз ұнаған болуыңыз керек»,   депті. Әйтсе де «Кентавр» романы басталғанымен аяқталмады.

Мараттың кішірейе білетін кісілігі, өзін-өзі қай ортада болса да ұстай білетін қарымы мол қабілеттілігі, «дөкейлердің» алдында құрша жорғалап, жалбақтап, маймөңкелемей турасын айтатын әділдігі, мақсатына жетсем деген қайсарлығы – бәр-бәрі өзінің тал бойына жарасып, келісті сипат беріп тұратын-ды. Қиянатқа төзе білместігі және адалдық пен тазалыққа қылау түсіре алмайтын саф алтындай мөлдірлігі де бар-тұғын. Ең бастысы мұнтаздай тазалығы мен кермаралдай ке­рілген келісімді келбеті оны әркез өзгелерден ерекшелендіріп, дара қасиетін аша түсетін.

Елі болып, туған жері болып Марат Қабанбай есімін есте қалдыру үшін оның атына аудандық кітапхананы атауды немесе мектеп, көше беруді Қа­зақстан Жазушылар одағы да қолдап, ұсыныс жасап отыр. Осы мәселенің шешімі табылар деген үміттеміз.

Әмина САҚАЖАНОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Соңғы жаңалықтар