Иә, қоғамдық пікір бағаланатын, оған құлақ асатын жерде шебер жүргізілген пиардың мәні зор. Пиарсыз аттап басу мүмкін емес. Тауарды қымбатқа сату үшін де пиар керек, өз бағаңды арттыру үшін де пиар керек.
Ал саясатта пиарсыз табысты болу сірә да мүмкін емес. Қазақстанда пиар дегенде басқа емес, алдымен саясаткерлер, саяси науқандар еске түседі ғой. Осы орайда, саясаткердің сөзі мен ісі үйлеспейтін, жарқ-жұрқ еткен жарнамасы нақты жұмыспен негізделмейтін шенеуніктердің көп екені байқалады. Белгілі мекеменің құлағын ұстап тұрған адамдардың құрғақ пиарға ғана иек артатыны халықтың тұтас мемлекеттік қызметке деген сеніміне селкеу түсіретіні түсінікті.
Иә, «Теледидарды ашып қалсаң – Ғафекең, радионы қосып қалсаң – Ғафекең...» дегендей, әлеуметтік желіге кірсең де, сайттарды шолсаң да, газетті парақтасаң да, теледидарға үңілсең де жайраңдап алдыңнан шыға келетін әкімдер бар. Оларға халықтың көзі мен құлағы үйреніп, кәдімгідей жаттанды болып қалған. Алайда, сол шенеуніктер тікелей жауапты саладағы былықтар бірінен кейін бірі ашылып жатса да, әлгі әкімдерге шаң жұқпайды. Әлгі әкімнен кейін облыста ойдым-ойдым асфальттар, тартылмаған су құбырлары, салынбаған үйлер қалады. Шенеунік болса басқа жерде жаңа жобаларды таныстырып, тұсауын кесіп жүргені.Күні кеше өткен 9 мамыр мерекесіне қатысты бұрындары түрлі күлкілі кейстер тіркелген-ді. Республикалық арналардың біріне «Біз ардагерлерді парашюттен жеңілдікпен секіртеміз» деп сұхбат берген шолақ белсенділерді айтып отырмыз. Сол сияқты, төрінен көрі жуық қарияларды мұзайдынға шақырып, тегін коньки тебуді ұсынған шенеуніктер де бар. Зейнеткерлер қоғамдық көліктерде тегін жүретін қалада «ардагерлерді тегін тасып жатырмыз» деп айды аспанға шығарған әкімдік қызметкерлерін көрдік. Айта берсе, мұндай мысалдар толып жатыр.
Украинадағы президент сайлауының дүбірі жақында ғана басылып, жаңғырығы енді-енді саябырлап келеді. Сол саяси науқаннан сәт сайын хабар таратқан БАҚ-тарға алыс-жақын елдермен бірге біз де құлақ түріп отырдық. Сондай сәттердің бірінде БАҚ-тар Киев мэрі Виталий Кличконың дауыс беру учаскесіне спорт киіммен, велосипедпен келгені туралы хабарлады. Бұрынғы атақты боксшының демалыс күні спорт киіммен жүргені, велосипед тепкені соншалықты сенсация емес, әрине. Дегенмен, 3 миллиондай халқы бар тарихи қаланың, ел астанасының мэрі костюм киіп қақимай, шайтанарбамен зырғып келе қалғаны медиаға әжептәуір азық болды.
Шаршы алаңда талайлардың шаңын қаққан әйгілі боксшының бұл ісі бір жағынан саламатты өмір салтын насихаттау, жастарға үлгі ретінде ұсынуға татитын қадам болды.Қазақстандағы кейбір облыс, қала әкімдері бірер жыл бұрын қызметтік көліктен бас тартатындарын, жұмысқа велосипедпен барып қайтатындарын айтып, отандық БАҚ-тарды шулатқаны есімізде. Жұмысқа қымбат шетелдік машинамен емес, қоғамдық көлікпен бармақшы болған шенеуніктер де бар. Алайда, біздің шенеуніктердің аяғы талып қалды ма, әйтеуір бүгінге дейін барлығы жұмысқа жайлы көлікпен барып-келіп жүр екен.
Қарап отырсақ, дамыған елдерде саясаткердің сөзі мен ісі үйлеспесе, оның саясаттағы ғұмыры да онша ұзаққа созылмауы әбден мүмкін. Ал Қазақстанда керісінше пиары келіскендердің қызметі де өрлеп кетуі қалыпты құбылыс. Халық аңғал ма, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір біздің қоғамда нақты істен гөрі жалаң жарнама көбірек бағаланатын сияқты.