Қазір өңірде 4 және одан да көп баланы тәрбиелеп отырған 3839 отбасы болса, тұрғын үй кезегінде тұрған 691 көп балалы отбасының жағдайы тұрақты назарда. Жалпы, өңірдің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, биыл облыстағы көп балалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдауға 3 млрд теңге қарастырылды.
Сәуір айынан бастап аз қамтылған отбасылардағы әр балаға берілетін айлық төлемақы 20789 теңгеге жетіп, атаулы әлеуметтік көмекті есептеудің жаңа тетігі енгізілгені белгілі. Өңірдегі аз қамтылған 1251 отбасы жалпы сомасы 100 миллион теңге болатын қаржылай қолдауға ие болды.
– Ақсу қаласы мен Ақсу ауылдық аумағына қарасты ауылдарда тұратын көп балалы отбасылармен күнделікті жұмыс істеудеміз. Қала мен ауылдық аумақта көп балалы 380 отбасы тұратын болса, олардың 108-і тұрғын үй кезегіне жазылған. Сонымен бірге 37 жағдайы төмен отбасын жеке бақылауға алдық. Көп балалы аналармен кездесіп, оларды жеке қабылдау барысында барлығының қандай мұқтаждықтары барын, мәселелерін анықтадық, – дейді қала басшысы Балғабай Ыбыраев.
Ал Жолқұдық ауылында тұратын Қуандық Мәсімбек пен Нұрбақыт Нияздың отбасына, көп балалы ана Алмагүл Ордабаеваға қаладағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ вице-президенті Татьяна Носачева арнайы барып, отбасын тұрақты қамқорлыққа алып, корпорация атынан 120 мың теңгенің екі торпағы, азық-түлік толы пакеттер, тәттілер, балаларға арналған киім-кешек табыстады. Корпорацияның өндірістік ұжымы бұған дейін де Береке, М.Омаров атындағы ауылдарда тұратын көп балалы отбасыларға көмек көрсеткен.
Ақсу қаласындағы қуанышпен қатарлас Екібастұз қаласы, Ақтоғай, Май және Железин аудандарында тұратын көп балалы отбасыларға да жаңа пәтерлер мен үйлердің кілті табысталды. Павлодар облысы, Ақсу қаласы