Осы жиында Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров облыс орталығындағы аулаларды абаттандыру бойынша үш жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды. Мысалы, биыл қалада 100 аула жөндеуден өткізіледі. Ал 2020 жылы 123 ауланы абаттандыру жоспарда бар. Яғни, келесі жылдың аяғына таман Қарағанды қаласында барлық аула жөнге келтіріледі деп мәлімдеді қала басшысы.
Қазіргі таңда аталған жұмыстармен айналысатын мердігер компаниялар анықталған. Абаттандырудың бірінші кезеңінде ауланы асфальттау, жарықтандыру, жиек тастар, орындықтар және қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстары жүргізіледі. Ал 2020 жылы іске асырылатын екінші кезең жоспары бойынша аулаларда салынатын балалар және спорт алаңдарының құрылысы жоспарланған.