Өсімдік шаруашылығында пайдасы аз, суды көп сіңіретін дақылдарды өсіруді қысқарту, оның орнын көкөніс, майлы және жемшөп өнімдерімен алмастыру рет-ретімен жүргізілуі тиіс. Сол үшін қуаңшылық аймақтарда топырақ танаптарын нөлдік өңдеудің заманауи технологияларын және басқа да инновациялар қолданысын кеңейту, агрохимикаттарды тиімді пайдалану бойынша шаралар кешені нақтыланған. Қазақстанның 2030 жылға дейін «жасыл» экономиканы дамыту тұжырымдамасына сәйкес, егістік алқаптарының 15%-ы ылғал үнемдейтін технологиялармен қамтылады. Ғылыми-техникалық бағдарламалар ғылым мен бизнестің тығыз ынтымақтастығын, ауылшаруашылық тауар өндірушілердің ғылыми инновацияларға сұранысын, еңбек өнімділігін және отандық өнеркәсіптің ғылыми-техникалық деңгейін арттыру мақсатында басқа елдерден прогрессивті идеялар трансфертін қарастырады.
Жалпы, еліміздегі аграрлық саясаттың басты мақсаты – өңделген өнімді экспорттауды күшейту, еңбек өнімділігін арттыру. Бұл үшін қолданысқа енгізілетін «ақылды технологиялар» агроөндірістік кешеннің дамуына серпін беруі керек. Алайда, технологиялар трансфертімен айналысатын аграрлық ғылымды дамытпайынша, оны жүзеге асыру мүмкін емес деуге болады.
Жаңа технологиялар дәстүрлі саланы өзгертеді
Аграрлық ғылымы дамыған шет мемлекеттердің тәжірибесіне көз жүгіртіп көрейік. АҚШ, Еуропа, Канада, Аустралия, Қытай сынды елдердің озық ғылыми жетістіктерді қолданып келе жатқаны белгілі. Әсіресе соңғы 20 жылдағы және таяу болашақтағы даму бағыттарының бірі – дәлме-дәл егіншілік. Дамыған елдердің тәжірибелері көрсеткендей, ғасырлар бойы бекіген дәстүрлі саланы цифрлы технологиялар түбегейлі өзгертті. Түрлі ақпарат көздерінен алынатын мәліметтер мен заманауи геоақпарат жүйелері ресурстарды саналы түрде пайдаланып, топырақты тоздырмай жоғары өнім алуға ықпал етуде.
Қазір өндіріс жағдайында интернет арқылы қашықтықтан басқарылатын автоматтандырылған фермаларды құруға мүмкіндік бар. Логистиканың дамыған жүйесі мен электронды сауда шағын фермерлік шаруашылықтардан тұтынушыға дейін өнімді сапасын бұзбай жеткізуге, сол арқылы өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл ұлт саулығы, экспорттық әлеуетті жүзеге асыру тұрғысынан да экологиялық таза өнім өндірісін сақтау мен дамытудың маңызды факторы саналады.Ерекше атап өтерлік мәселе, ғылыми зерттеулер үдерісін жеделдетіп, оның нәтижелілігін арттыру барысында топырақ құрамы, климаттық жағдайлары арқылы алынған нәтижелер отандық тың әзірлемелер мен үздік шетелдік технологияларға негіз болуы тиіс. Бұл бағытта Солтүстік Қазақстан өңірінің топырақ-климаттық жағдайы түрлі дақылдың өнімділігін тұрақтандыру факторы болып отыр. Дақыл өнімділігінің атмосфералық жауын-шашын мөлшеріне тәуелділігін төмендету үшін өсіру технологияларын қарқындату қажет.
А.И.Бараев атындағы орталықта жүргізілген зерттеулер қуаңшылық басым өңірлерде өсімдік шаруашылығы ең алдымен ауа райы жағдайларына және өсірудің заманауи жүйелерін игеру мәселелеріне, өндірілген өнімге қойылатын бағаның өзгергіштігіне және бір ғана дақыл жаздық бидай өндірісінің басымдылығына байланысты екенін көрсетеді. Қазақстанның астықты аймақтарындағы танаптарында әлі күнге дейін жаздық бидай өсіру кеңінен таралған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, былтыр Ақмола облысында жаздық бидайдың үлесі өңделген жерлерде 78%-ды құрапты.
Әртараптандыруға жол ашылады
Ауыспалы егіс зертханасында жүргізілген көп жылғы деректер мен өндірістік тәжірибенің нәтижесі бойынша егіншіліктің дәстүрлі жүйесі ішкі және сыртқы нарықтағы фермерлердің бәсекеге қабілеттігін арттырмайды, керісінше топырақ құнарының біртіндеп нашарлауы мен сарқылуына соқтырады. Сондықтан институт ғалымдарының көп жылғы ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Солтүстік Қазақстандағы қуаңшылыққа арналған егіншіліктің өнімді ауыспалы егіс жүйесінің негізгі ұстанымдары әзірленді. Бұл қағида арқылы ауыспалы егістік танаптарында өсіріліп жатқан ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру қажет.
Мысалы, еліміздің солтүстік, солтүстік-шығыс аймақтарының табиғи-климат жағдайлары дәнді, майлы және жарма дақылдарын өсіру үшін өте қолайлы, оның өнімі де әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие екені белгілі. Оған қоса соңғы жылдары жемазықтық дақылдарға (арпа, сұлы), майлы дақылдарға (майлы зығыр, жаздық рапс, ақ қыша, күнбағыс), дәнді-бұршақты дақылдарға (жасымық, ноқат, асбұршақ, соя) және тағы басқа дақылдардың экспортын арттыру үшін қолайлы нарықтық жағдай қалыптасқан.
Енді дәлме-дәл егіншілік арқылы егілген егінді жинауға арналған оңтайлы уақытты болжау технологиялары, «ақылды суару», зиянкестермен, арамшөптермен күресу және минералды тыңайтқыштарды енгізудің дифференциалды жүйелерін және қазіргі заманғы жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын қолдану арқылы еңбек өнімділігінің бірнеше есе артуын қамтамасыз етуге болады. Пилотсыз техника адамның қатысу факторын азайта отырып, егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Одан қалды, жергілікті жағдайларға бейімделген ақпараттық технологиялар пайдалану, егіншіліктің қор үнемдегіш, тікелей себу және өсіру технологияларының элементтерін өндірістік жүйеге біріктіру танаптарда жыл сайын болатын эрозиялық үдерістерді қысқартады және жауын-шашынды пайдаланудың тиімділігі артады.
Қазіргі таңда елімізде цифрлы технологиялардың игілігін көріп отырған өндірушілердің үлесі көп емес. Оған қоса ауылшаруашылық жерлері тиімсіз пайдаланылады. Ал цифрлы технологиялардың көмегімен ауыл шаруашылығын түрлендірудің үлкен мүмкіндігі бар. Цифрландыру бағдарламасын қолдана отырып, аграрлық секторды дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаруға, ел экономикасының драйверіне айналдыруға әлеуетіміз жеткілікті.
Қорыта келе, ауыл шаруашылығын цифрландыру бағдарламасының жүзеге асырылып жатқан шараларының негізгі бағыттары астықтың түсімі мен еңбек өнімділігін арттыруға, өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне ықпал етуі тиіс. Елімізде азық-түлік қауіпсіздігінің сақталуы, климаттық жағдайлардың бұзылмауы, топырақ қабатының тозбауы жайлы және басқасына қатысты деректердің қолжетімді болуы цифрлы технологияларды аграрлық секторға біртіндеп енгізу арқылы жүргізіледі.
Алдаберген АЛДАОҢҒАРҰЛЫ,
A.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы зертханасының меңгерушісі