Орта шаруа отбасында өскен Айдос он төрт жасқа толғанда әкесі қайтып келмейтін сапарға аттанған. Буыны әлі қатпаған балаға ауыр салмақ сол кезде-ақ түскен. Анасы көшелі кісі. «Балам, өзгелерден үздік болу үшін үздіктердің өмір тәжірибесінен тәлім ал. Үйренуден ешқашан тартынба. Жаның қалаған жұмыспен айналыс, түпкі нәтижесіне жетпей орта жолда шалдығып қалма» дер екен. Зерек әрі қабілетті жігіт анасының осы сөзін үнемі жадына ұстаған, өмірінің кредосындай көрген.
Айдос жұмыстың ешқайсынан тартынбаған, табыс тауып, отбасына жәрдемдесу үшін бәрін де көрген. Қала іргесіндегі Тасбөгет ауылында дүниеге келген ұлан №176 орта мектептің 9-сыныбын аяқтағаннан кейін қазақ-түрік лицейінде оқиды. Жоғары оқу орнында заңгер мамандығын алады. Көп қатарластары әке-шешесіне ақша сұрап жүргенде Айдос студенттік өмірінің бос уақыттарында мейрамханада даяшы болып жұмыс істейді. Іскер, адал азаматтың көзге көрініп тұратыны бар. Мейрамхана қожайыны оны менеджер қызметінен көргісі келеді. Біреудің қолында жұмыс істеп, азын-аулақ ақшаны қанағат ету жалындап тұрған жасқа қол емес. Тырнақтап жиған қаржысына Айдос көлік жуатын орталық ашады. 2003 жылы азық-түлік дүкенін жалға алып, шағын және орта бизнеске қадам жасайды. Осы шаруада жүріп халықтың сұранысын зерттейді. Жинаған қаржысының мұртын бұзбастан табысты салаға салады. Айдос Сайлығараев 2009 жылы «Дастарқан» асханалар желісін, 2010 жылы «Cofeedo» кофеханасын, 2011 жылы «Браунис» кондитерлік цехын ашады. Дүкен мен мейрамханасын бір арнаға біріктіріп, өнімнің көбі шоколадтан жасалғандықтан атын «Браунис» деп қояды. Бүгінде атағы алысқа кеткен «Браунис» кофехана және мейрамханалар желісінің қысқа қайырғандағы тарихы осы.
Мұның бәрі айтылғанға ғана оңай. Үлкен табысқа жету жанкешті еңбектен бөлек, ізденісті, үйренуді талап етеді. Айдостың басты талабы – сапа. Ақшаның соңына түспей, сапа жетістігіне жетсең, іздеген табысың алдыңнан өзі шығады. Айдос кәсіпорнының өндірістік технологиясын жақсарту үшін «Прэко Қызылорда» консалтингтік компаниясынан «Даму» қорының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы кеңесшілерінің көмегімен Германиядан SES экспертін шақыртады. Тәжірибе алмасып, жаңа, бәсекеге қабілетті өнім дайындауды үйренеді. Бүгінде 150-ден астам адамға нәпақа тауып беріп отырған серіктестіктің басшысы олардың әрқайсысын туған бауырындай көреді. Сыйластық, бірлік бар жерде тірлік те, табыс та бар.
Айдос Мейрамбекұлы тапқан табысын астына басып отыратын көркеуде емес. Оның ұжымы жыл сайын «Мектепке жол» акциясында тұрмысы төмен отбасының балаларын оқу-құралдары және мектеп формасымен қамтамасыз етеді. «Ел Арай» қоғамдық қорымен бірлесіп, түрлі ауруға шалдыққан балалардың ем алуына демеуші болып келеді. Жыл сайын қалалық демалыс паркінде балаларға арнап үлкен торт сыйға тартады. Салмағы 80 кило, биіктігі 2 метр болатын тәтті торт бүлдіршіндер үшін балалық шақтың естен кетпес ертегісі.
Қызылордалық кәсіпкер бұл жетістіктеріне тоқмейілсіген емес. Ол Алматы қаласында «Браунис» желісін іске қосты. Нұр-Сұлтан қаласының да тұрғындарын қуантатын күндер жоспарында тұр. Болашақта шетелдіктер де қазақстандық «Браунис» өнімдерін тұтынатын болады.
Ең алғашқы табысын даяшылықтан тапқан орда бұзар отыздағы жігіт жұрттың қалауымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» таңдауында жеңіске жетті. Көргенді жігіт, жақсы әке-шешеден тәлім алған азамат осының бәрін өзім жасадым демейді. Табысты жастарды қолдап, мемлекеттік бағдарламаларды қабылдаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа алғысы шексіз. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та талантты жасты қолтығынан демепті. Ең бастысы табан ақы, маңдай терімен үлкен қәсіпорын құрған азамат талап болса әркімнің-ақ табысқа жететінін айтады.
Қызылорда облысы