Дархан Асаділов, Дидар Әмірәлі, Гузалия Гафурова, Данияр Юлдашев бастаған Қазақстан командасының мүшелері әлем және Еуропа чемпионы Угур Актас, Саламан Ерай (Түркия), Еуропа чемпионаты мен Премьер-лига турнирлерінің жүлдегері Габор Харспатаки (Венгрия), Алвин Караки (Косово), сондай-ақ, Тайпей, Бельгия, Сербия, Нидерланд спортшыларымен бірге дайындалуда.
Әлемнің 10 мемлекетінен келген үздік спортшылар Ыстанбұлда өтетін А сериясындағы кезекті Премьер-лига турнирінің алдында бас қосқан. Жарыс 17-19 мамыр күндері өтеді.
«Команда мүшелерінің Премьер-лига турнирлеріне қатысуы олардың рейтингтегі жағдайын жақсарта түседі. Ал әлемнің ең мықты спортшыларымен бірге жаттығу жиынын өткізу олардың шеберлігін арттыратыны сөзсіз. Оның үстіне, дәл осы жиынға біздің спортшылармен иық тірестіріп жүрген әлем үздіктері жиналған. Мұндай жаттығу кезеңдері қарсыласты толығырақ зерттеуге мүмкіндік береді» дейді каратэден Қазақстан командасының бас бапкері Жасталап Санауов.