Мұнда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сол жағалау құрылысының Қазақстан Үкіметімен бекітілген бас жоспарын таныстырды. Сол жағалаудағы жаңа қаланың жалпы аумағы 1532 гектарға жетеді.
- Бүгінде Қызылордада 280 мыңға жуық адам тұрады. 2025 жылға қарай халық саны 350 мыңға жетеді деп күтіп отырмыз. Яғни, тұрғын үй құрылысын дамыту үшін қосымша аумақтар қажеттілігі туады, - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы қазіргі уақытта сол жағалауда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында үстіміздегі жылдың І жартыжылдығында пайдалануға берілуі жоспарланған 460 пәтерлік 8 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып жатқандығын айтты. Бұдан басқа, әлеуметтік және коммерциялық сипаттағы 1190 пәтерлік қосымша 28 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Жалпы, сол жағалаудағы 3 тұрғын үй ауданында ағымдағы жылы 2340 пәтерлік 50 тұрғын үй салынады. Оның ішінде 431 пәтер аз қамтылған көп балалы отбасыларға беріледі.