• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Мамыр, 2019

Үгіт жұмыстары заңнамаға сәйкес жүргізіледі

915 рет
көрсетілді

Бүгінде Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын сапалы әрі сындарлы ұйым­дастыру үшін барлық талаптар заңға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Соған сай Орталық сайлау комиссиясының негізгі міндеті де – еркін және әділ сайлау мен республикалық референдумдар өткізу арқылы мемлекет істерін басқаруға қатысу құқықтарын қамтамасыз ету. Сөйтіп ел аумағында сайлау туралы заңнаманың орындалуын бақылауды және оның бірыңғай қолданылуын қамтамасыз етеді.

Жалпы, еліміздің Орталық сайлау комиссия­сының атқаратын қызметі ұшан-теңіз. Оны осы 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру шараларынан анық байқаймыз. Ол еліміздің барлық аумағында сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойын­ша шешімдер, сондай-ақ өзге де құқықтық актілер қабылдайды. Бұл мақсатта Президенттікке кандидаттарды тіркеу барысында бірқатар жауап­ты жұмыстар да атқарылды. Соның арқасында Конституциямызға сай ерікті сайлауға қол жетіп отыр. Өйткені бұл бәсекелі, мерзімді және өкілдік сайлау, оның процесінде кең еркіндікке ие азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін балама негізде сайлайды. Бәсекелі сайлау оған түрлі партиялардың және кандидаттардың қатысуына кепілдік береді. Олардың барлығы сөз, жиналыс, қозғалыс бостандығын, олардың саяси көзқарастарының естілуі үшін және олар сайлаушыларға балама кандидаттарды ұсына алуы үшін қажеттінің барлығын пайдалана алады. Қазақстан Республикасының заңнамасы сайлаудың мерзімділігін, билік органдарында елдің әртүрлі әлеуметтік топтарының өкілдігін қамтамасыз етеді.

Бүгінде президенттікке кандидаттар үшін сайлау алдындағы үгіт шаралары басталып кетті. Бұл мәселеде де Орталық сайлау комиссия­сы үнемі заңдылықты басшылыққа алу қажеттігін, нені біліп, нені істеу қажеттігін еске салып отырады. Бұл орайда Ортсайлауком сайлау алдындағы үгіт мәселелері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі №2464 Конституциялық заңмен, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының 2007 жылғы 25 маусымдағы №90/178 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламент, мәслихаттар депутаттарының, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асырудың және оны ақпараттық қамтамасыз етудің қағидаларымен реттелетіндігін қаперге салады.

Аталған қағидалардың 4-тарауының 18-тар­ма­ғында көзделгендей, президенттікке кандидаттардың сөз сөйлеуі үшін эфир уақыты мен баспасөз бетінен орын беру кестесін бұқаралық ақпарат құралының техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралының редакциясы әзірлейді. Осы кестеге кандидаттардың немесе саяси партиялардың жарнама және үгіт материалдарын жариялауы да енгізіледі. Кандидаттардың немесе саяси партиялардың үгіт материалдарын жарыққа шығарудың (эфирге шығарудың) күні мен уақыты көрсетілген кестенің көшірмесі Орталық немесе тиісті аумақтық сайлау комиссиясына, кестеге сай бір тәулік ішінде ұсынылуы тиіс өзгерістердің енгізілуін қоспағанда, үш тәулік ішінде жіберіледі. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы кестелердің көшірмелерін ұсыну мерзімдерін сақтау қажеттігін еске салады.

Ал мұндай жайлардан заңды түрде жеткілікті хабардар болып отыру үшін ОСК оқыту іс-шараларын да өткізеді. Мәселен, 2019 жылғы 13 мамырда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы С.Мұстафина республикалық қоғамдық бірлестіктердің өкілдері үшін оқыту іс-шарасын жүзеге асырды. Оқыту тақырыбы Қазақстан Республикасы Президенті сайлау науқанын қаржыландыру, сондай-ақ сайлау комиссияларының республикалық қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылы мәселелері болды. Семинар-кеңестің жұмысына Қазақстан Президенттігіне өз кандидаттарын ұсынған республикалық қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар: Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы» ҚБ, «ҚР Кәсіподақтар федерациясы» РҚБ, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» ҚБ, «Ұлы дала қырандары» РҚБ, «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық бірлескен қозғалысы» РҚБ, «Қазақстан Коммунистік халық партиясы» ҚБ, сондай-ақ тіркелген кандидат­тардың сенім білдірілген адамдары, сондай-ақ олардың штабтарының өкілдері қатысты.

Мұнда басты назар Қазақстан Президенттігіне кандидаттардың шығыстарына бөлінген республикалық бюджеттің қаражатын жұмсауға (7 331 200 тг), сондай-ақ кандидаттардың сайлау қорларын қалыптастыруға және осы қорлардың қаражатын «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң мен Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен белгіленген нормаларға сай жұмсау мәселелеріне аударылды.